Еліміздегі су тасқыны инфляцияға қалай әсер етеді? Мамандар пікірі

4 Маусым, 17:07 527

Биыл Қазақстанның 10 аймағын су басып, біршама тұрғын үйлерге, шаруашылыққа, бизнеске үлкен шығып келтірді. Бүгінде кейбір елдімекенде қызыл судың қаупі әлі де бар. Дегенмен мамандар қызыл сумен күресуді жалғыстырып жатыр. Мемлекет шығындарды есептеп, арнайы комиссияны да құрды. Осы тұрғыда  El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі мамандармен тілдесіп, тасқыннан келген залалдың мөлшері мен оның Қазақстан экономикасына әсері жөнінде анықтап көрді.

Қазақстандағы инфляция 2 есе төмендеген

Ұлттық банк мәлімдегендей, өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы инфляция 2 еседен астам, яғни 9,8 пайызға дейін төмендеген. Базалық мөлшерлеме 14,75 пайызға дейін түскен. Дегенмен мамандар бұл көрсеткіштің қалыпты жағдай екенін айтады.

Өткен жылдың мәліметтеріне қарасақ, еліміздің экономикасында өсім болған. Жалпы ішкі өнім өсімі 5 пайыздық дәрежені көрсетті. Сол кезде Үкімет тіпті 10 жылда болмаған жетістік деп айтты. Шын мәнінде статистикаға қарасақ, соңғы 10 жылда 5 пайыздық өсім болмаған екен. Әрі кеткенде 4 пайыздық өсімдер болған. Бірақ, мұнда бір мәселе бар. Экономикалық өсімді есептеген кезде халықтың әл-ауқаты, тұрмыс-тіршілігі жақсарып, табысы өсуі керек. Өйткені, экономикалық өсім оған негіз болады. Қазіргі жағдайды қарасақ, халықтың әл-ауқаты жақсарып жатыр деп айта алмаймыз. Қымбатшылық басқан, тауарлардың бағасы өсіп кеткен. Өткен жылдардағы инфляция тіпті 20 пайыздың үстінде болды. Дегенмен соңғы кездері бірте-бірте инфляцияның төмендеп келе жатқанын байқап отырмыз, - дейді экономист Мақсат Халық.

Маман Қазақстандағы инфляцияның құбылуына топан су ғана есебепші емес, оған әлемдік факторлар да әсер ететінін атап өтті.

Ұлттық банк көрсеткендей, соңғы базалық мөлшерлеме – 14,75 пайызды құраған. Бұған елдегі болып жатқан топан су жағдайы ғана емес, әлемдегі жағдай да әсер етіп жатыр. Қазіргі таңда әлемде де инфлияция төмендеп жатқан жоқ. Америка мен Еуропа елдерінің орталық банктері базалық пайыздық мөлшерлемені жоғары пайызы бар дәрежеде ұстап отыр. Ақша және несиенің қатаңдатылған саясатын жүргізіп отыр. Демек, әлемде арзан ақша жоқ деген сөз. Қарыз алу, инвестиция тарту қиындап кетті. Неге? Өйткені пайыздары жоғары болып тұр. Бұл пайыздар Еуропада 5 пайыздың деңгейінде болса, ал біз дамушы ел болғандықтан 14,75 пайыздың деңгейін құрайды. Сонда 3 есе жоғары. Әлемде ақша инвестициясы қатаңдатылған сипатта келе жатса, Ұлттық банк сол әліптің артын бағып отыр деп айтуға болады, - дейді Мақсат Халық.

Топан судан келген шығынның орнын толтыруға триллиондаған қаржы керек

Бүгінде еліміздің бірқатар өңірі әлі де топан судан зардап шегіп отыр. Мамандар бұл жағдайдың әлеуметтік-экономикалық салдары күзде айқын көріне бастайтынын айтады.

Қазір залалдың мөлшерін әркім әрқалай есептеп жатыр. Бірі 150 млрд теңге десе, енді бірі 200 млдр теңге дейді. Мамандар оны миллиардтармен шектеп жатыр. Меніңше, бұл қаржы триллионды құрауы мүмкін. Бүгінде жауапты органдар жапа шеккен азаматтарға үй салып жатыр. Әр үйді 22 млн теңгеден бағалап отыр. Оны суға кеткен үйлерге көбейтіп есептегенде шамамен 100 млрд теңге болуы мүмкін. Бірақ мына нәрсені де ескеру керек. Қызыл судан зардап шеккен өңірлерде әлеуметтік нысандар, бизнес, шаруа қожалықтары, мектеп, аурухана, мәдениет үйлері бар. Оның барлығы белгілі бір дәрежеде қаражатқа келіп тіреледі, - дейді маман.

Бұған дейін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы су тасқынынан бизнеске 12,7 млрд шығын келгенін мәлімдеген болатын. Оның ішінде шағын және орта бизнестің қатары көп.

Қазіргі уақытта тасқыннан келген залалды мемлекеттің, облыс әкімдіктерінің бюджеттерінен, сақтандыру қорларынан немесе қарапайым азаматтармен шағын және орта бизнес субьектілерінің де қаражаттары арқылы орнын жабуға тырысып жатыр. Бұл жерде ең бастысы Үкімет берілген қаражаттарды қалай тиімді пайдалануында. Яғни біз ашықтықты ұйымдастырып, талап етуіміз керек. Әрбір берілген қаражат «ұстағанның аузында, тістегеннің қолында» кетпеуі керек. Жалған деректер жасалмауы тиіс. «Бармақ басты, көз қысты» болмауы қажет. Тиісті жұмыс жасалса, бұл дағдарыстан да тезірек шығуға мүмкіндігіміз бар, - дейді экономист Байыржан Ысқақов.

Күзде қымбатшылық болуы мүмкін

Сондай-ақ экономист Мақсат Халық күзде елімізде қымбатшылық болуы мүмкін екенін түсіндірді.

Тағы бір маңызды мәселе бар. Топан су болған аймақтарда егін егілуі керек еді. Қаншама шаруалар үлкен алаңда жұмыс істеуі керек еді. Қазір барлығы тоқтап тұр. Бұл ертеңгі күні жем-шөптің қымбаттауына алып келеді. Жем-шөп қымбаттаса, онда еттің, азық-түліктің бағасы өседі. Демек, күзде елімізде тағы қымбатшылық болады деген сөз. Қымбатшылық өсіп кетпес үшін Үкімет бүгіннен бастап осы мәселелердің алдын алып, нақты жұмыс жоспарын есептеуі керек деп ойлаймын, - дейді ол.

Сөзінше, өңірлерлерді алдағы уақытта тағы да су басса қуаңшылық болуы мүмкін. Тіпті су басқан аймақтарда ауру таралуы мүмкін деп те айтылып жатыр. Өзен сулары да ластанып жатыр.

Бүгінде Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынына қарсы және құрғатылған үйлер мен аумақтарда дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Ол қаншама адамдардың денсаулығына әсер етеді. Еңбекке жарамды азаматтардың белгілі бір дәрежеде денсаулықтарына зақым келтіреді. Сонымен қатар экономикалық белсенділіктің төмендеуіне, еңбек өнімінің азаюына алып келеді. Осының барлығына назар аударсақ, бұл экономикаға үлкен шығын әкелетіні сөзсіз, - деді маман.

Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, өңірлерге келген шығынның орнын толтыруға еліміздің миценанттары мен олигархтары көмектеседі. Осыған байланысты әрбір өңірге бір-бір қалталы азаматты тіркеу тапсырылған еді.

Экономист Бауыржан Ысқақов тасқыннан жапа шеккен өңірлердегі кәсіпкерлерге шығыннын орнын толтыруға кем дегенде жарты жыл уақыт кететінін айтты.

Мемлекет тарапындағы білім, ғылым комитетінен берілетін ірілі-ұсақты қаржыларды тасқыннан жапа шеккен өңірлерге қарай бағыттаса көп көмек болатын еді. Біз әр түрлі макро және микро экономикалық саясатты тиімді жүзеге асыру арқылы ғана шығындардың орнын қайта қалпына келтіре аламыз. Егер де бақылаусыз, жөнсіз кете берсе, онда нақты нәтиже болады деп айта алмаймын, - дейді Ысқақов.

Миражан Махан
Бөлісу: