Еліміздегі су мәселесі қалай шешіліп жатыр?

17 Қазан, 19:10 1045

Қазақстан басқа елдермен салыстырғанда су ресурстары шектеулі елдердің бірі. Елдегі су қорының 45 пайызы көрші мемлекеттерден келеді. Бұл Қазақстанның су қауіпсіздігіне байланысты мәселелерді ушықтыра түседі. Су шаруашылығының тиімділігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету – елдің ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және тұрмыстық қажеттіліктері үшін маңызды. Осы орайда El.kz ақпарат агенттігі Қазақстанның су шаруашылығы ахуалы қандай деңгейде екеніне шолу жасап көрді.

Қазақстанның су ресурстары

Жалпы Қазақстанның су ресурстарының негізгі көлемі – 106 км3 орташа көпжылдық көлемде жерүсті суларын қамтамасыз етеді. Айта кету керек, елімізде қолда бар су ресурстарының 100%-ның тек 25%-ы ғана пайдаланылады. Пайдаланылған судың 70%-ы ауыл шаруашылығы, 25%-ы өнеркәсіп, 4% тұрғын үй коммуналдық шаруашылыққа  және 1%-ы ауыз суға қолданылады.

Қазақстандағы елді мекендердің ауыз суының негізгі көзі – жерасты сулары. Жерасты суларының жоғары сапасына байланысты ол ауыз су ретінде пайдаланылады. Сондықтан жерасты суларының таралу аймағы мен өңірлерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету өзара байланысты.

Еліміздегі жерасты су ресурстарының бөлінісі біркелкі емес. Минералдануы 1 г/л дейінгі Қазақстанның жерасты сулары ресурстарының көп бөлігі оңтүстік аймақтарда. Атап өтсек, Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында шоғырланған. Ал Ақтөбе облысы жерасты суларының шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау қорларымен жақсы қамтамасыз етілген. Ішінара қамтамасыз етілген аймақтарға Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстары жатады, ал Атырау, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстары толық қамтамасыз етілмеген өңірлер санатында.  

Су ресурстарымен толық қамтамасыз етілмеген өңірлерді шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау топтық су құбырларын салу арқылы жүзеге асады.  Мысалы, Ақтөбе облысының аумағында орналасқан Көкжиде, Айшуақ және Солтүстік Айшуақ жерасты су орындары есебінен Атырау және Маңғыстау облыстарының көптеген елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге болады. Батыс Қазақстан облысында сумен жабдықтау мәселелерін шешу үшін Тоқпай, Январцев және Көшім жерасты суларының орындарын пайдалануға болады, - деді Су ресурстары және ирригация министрлігі Су саясаты департаментінің директоры Серікжан Бекетаев.

Бүгінде Қазақстанда 405 су қоймасы бар. Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, су тапшылығын азайту, маусымдық су тасқыны мен құрғақшылықтан болатын экономикалық шығындарды азайту үшін жаңадан 42 су қоймасын салу, 37 су қоймасы мен 14 мың шақырымнан астам суару каналын реконструкциялау және жаңғырту жұмыстары басталады. Құрылыс жұмыстарының нәтижесінде экономика салаларында пайдалану үшін 2,6 текше шақырым су жинау, су тасқыны қауіпін азайту, сондай-ақ магистральдық және шаруашылық каналдар арқылы тасымалдау кезінде су шығынын 50%-дан 25%-ға дейін азайту жоспарланып отыр.

2022 жылы Түркістан облысында Кентау қаласының маңында көлемі 18,5 млн м3 «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген.

Су саясаты департаментінің директоры Серікжан Бекетаев биыл елімізде су қоймаларындағы сулылық деңгейі былтырғы жылға қарағанда жақсы екенін айтты.

Киров су қоймасын толтыру суару кезеңнің алдында 467,7 млн м3 болды, бұл өткен жылдағы көрсеткішке қарағанда 20 млн м3 артық. Орто-Токой су қоймасының көлемі 438 млн м3 (жобалық көрсеткішінің 93%). Тасөткел су қоймасын 447 млн м3 дейін толды, былтырғы көрсеткіштен 90 млн м3 артық. 2024 жылғы 26 сәуірде Бішкек қаласында бірлескен комиссияның 33-отырысы өтті, оның шеңберінде Қазақстан үшін 2024 жылғы вегетациялық кезеңге арналған мемлекетаралық объектілер бойынша су беру кестесі бекітілді. Атап айтқанда, Талас өзені арқылы 380 млн м3, іс жүзінде 1 сәуірден 1 қазанға дейін 419 млн м3 су келіп түсті. Шу өзенімен су беру 180 млн м3 көлемінде бекітілді, 1 сәуірден 1 қазанға дейін 165,4 су келіп түсті. 2024 жылғы 11 сәуірде  Шымкент қаласында  Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның Су шаруашылығы және энергетика басшыларының кездесуі өтіп, оның шеңберінде  2024 жылғы вегетациялық кезеңге арналған Үч-Корган СЭС жұмыс режимінің кестесі бекітілді, - деді Серікжан Бекетаев.

Трансшекаралық су мәселелері. Арал теңізі

Жыл басынан бері Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігі шекаралас елдермен трансшекаралық су нысандарын пайдалану мәселесі бойынша 28 келіссөзге қатысқан.  

Соның ішінде негізгілері Қырғызстан және Өзбекстанның су шаруашылығы және энергетика ведомстволары басшыларының су-энергетикалық ынтымақтастық мәселелері жөнінде үш кездесуі өтті. Сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан арасында екіжақты су қатынасын арттыру бойынша ұсыныс әзірлеу жөнінде бірлескен жұмыс тобының екі отырысы өтті. Су дипломатиясының және көршілерімізбен бірлескен жұмыстың нәтижесінде министрлік Қазақстанның оңтүстік өңірлерін қажетті су мөлшерімен қамтамасыз етті. Биыл суару маусымында көрші елдерден келетін судың көлемі бастапқыда келісілген көлемнен артық болғанын атап өткім келеді, - деді ҚР СРИМ Су саясаты департаментінің директоры Серікжан Бекетаев.

Серікжан Бектаевтың сөзінше, бүгінде Қазақстанға Тәжікстаннан «Достық» мемлекетаралық каналы арқылы 565,2 млн текше метр су келді. Өзбекстаннан өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көп су келді, Шардара су қоймасына 4,7 млрд текше метрден астам су жіберілді.

Биыл суару кезеңінде Қырғызстаннан Талас өзенімен 418 млн текше метр және Шу өзені арқылы 163 млн текше метр су келді. Былтыр Талас өзені арқылы 323,8 млн текше метр, ал Шу өзенімен 133,5 млн текше метр су келген болатын.

Айтуынша, осының арқасында Қазақстан Арал теңізіне су жіберу көлемін арттырды. Биыл Солтүстік Аралға шамамен екі миллиард текше метр су жіберілді, ал теңіздегі судың жалпы көлемі 22 миллиард текше метрге жетті. Соңғы жылдары Солтүстік Аралда су көлемі азайғанымен, 2024 жылдың басынан орташа су деңгейі қайта көтеріле бастады. Ал суару кезеңінің ортасында Сырдария өзені арқылы теңізге секундына 80 текше метрге дейін су жіберілді, салыстыру үшін, бір жыл бұрын теңізге секундына 6 текше метр ғана су жіберілген болатын.

Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның қатысуымен өткен Орталық Азияның Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының алдағы отырысында Нарын-Сырдария су қоймалары каскады жұмысының болжамды кестесі жасалады және келесі жылғы суару маусымына дейінгі кезеңінде су беру көлемі бекітіледі. Сондай-ақ, Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрі мен Өзбекстанның Су шаруашылығы министрі Сырдария өзенінде суды автоматты есепке алу жүйесі орнатылатын 10 су бекетін анықтады. Бұл трансшекаралық су ресурстарын дәл бөлуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Қытай екі ел арасындағы трансшекаралық су ресурстарын бөлу туралы үкіметаралық келісімнің жобасын әзірлеп жатыр. Құжатты екі мемлекеттің мамандары кіретін бірлескен жұмыс тобы әзірлеуде. Келісім жасаудағы негізгі мақсат – Балқаш көлін қалыпты деңгейде сақтауға кепілдік беретін су көлемінің түсуін қамтамасыз ету болып табылады, - деді Су саясаты департаментінің директоры.

Биыл Қазақстан Өзбекстанмен оңтүстік өңірлерінде суару кезеңінде сумен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар шараларға қатысты. Соның бірі – Сырдария өзенінің бассейнін толтыру бойынша Орталық Азия елдерімен Мемлекетаралық үйлестіруші су шаруашылық комиссиясымен ынтымақтастық орнатты.

Сырдария өзенінің жылдық сулылығы және гидрологиялық болжамы бойынша МҮСК-86 отырысы шеңберінде Нарын-Сырдария каскады су қоймаларының 2024 жылғы вегетациялық кезең жұмысының болжамды кестесі бекітілді. Кестеге сәйкес Шардара су қоймасына вегетациялық кезең қорытындысы бойынша су жіберу 3 692 млн м3 көлемінде күтілді, қазіргі уақытта суару кезеңінің басынан 4735 млн м3 су түсті. Бұл былтырғы көрсеткіштен 2324 млн м3 артық, - деді Серікжан Бекетаев.

Оның сөзінше, Қазақстан мен көрші мемлекеттер арасындағы су дипломатиясы күшейтіліп, соның арқасында еліміздің оңтүстігіндегі шаруалар да қажетті су көлемін алды.

Үкімет су мәселесін шешуде қандай кешенді шаралар қабылдауда

Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылған күннен бастап 2 маңызды құжат әзірледі. Біріншісі – Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы, екіншісі – жаңа Су кодексінің жобасы. Ол бойынша бүгінде 42 жаңа су қоймасын салу, 37 су қоймасын қайта жаңарту, 14 450 шақырымнан астам ирригациялық каналдарды модернизациялау және гидротехникалық құрылыстарды реконструкциялау жоспарланған. Бұл шаралар арқылы су тасымалдаудағы шығындарды 50%-дан 25%-ға дейін қысқарту, суармалы жерлердің көлемін 2030 жылға қарай 2,5 млн гектарға дейін ұлғайту және қолжетімді су ресурстарын 2,6 кубокилометрге арттыру көзделген. Сонымен қатар, су үнемдеу технологиялармен суарылатын жер көлемін 2030 жылға қарай 1,3 млн гектарға дейін жеткізу жоспарланған.

Кешенді жоспар Қазақстанның су ресурстарын тиімді пайдаланып, су тасқыны мен құрғақшылықтан қорғау, су үнемдеу технологияларын енгізу және есепке алу жүйесін цифрландыру арқылы су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.

2024 жылғы 30 сәуірде «Қазгидрогеология» Ұлттық гидрогеология қызметі құрылды. Министрліктің ұсынысына сәйкес, Ұлттық гидрогеологиялық қызмет жерасты суы орындары мен учаскелеріне, сондай-ақ су алу ұңғымаларына толық түгендеу жүргізеді. Нәтижесінде, мемлекет меншігіне алынған 4300-ден астам барланған жерасты су орындары мен учаскелерін қамтитын ауқымды деректер базасы құрылады. Сонымен қатар, «Қазгидрогеология» жерасты сулары мониторингінің автоматтандырылған жүйесін енгізе отырып, гидрогеологиялық саланы кешенді цифрландырумен айналысады, - дейді ҚР СРИМ Су шаруашылығы имараттарын дамыту департаменті директорының орынбасары Мұрат Бейсенов.

«Қазгидрогеология» Ұлттық гидрогеология қызметі су тапшылығы бар өңірлерде жерасты су ресурстарының көлемін ұлғайту үшін іздестіру-барлау жұмыстарын жүзеге асыру жоспарланған.

Бұл ретте халықты және экономика салаларын, оның ішінде суару үшін жерасты суымен қамтамасыз ету мақсатында тұрақты негізде жұмыс жүргізіледі. Халықтың қажеттілігіне сәйкес және міндетті түрде өңірдің экологиясы мен экономикасын ескере отырып, өз бетінше су шығып жатқан ұңғымаларды консервациялау жұмысы жалғасады, - деді Мұрат Бейсенов.

Мұрат Бейсеновтың сөзінше, бүгінгі таңда министрлік Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп су тасқынын болжау және модельдеудің flood.garysh.kz ақпараттық жүйесін әзірлеп жатыр. Бұдан бөлек, ведомство су тасқынын талдау, болжау және модельдеудің TALSIM (Германия) және Delft-FEWS (Нидерланды) жүйелерін Қазақстанға бейімдеуге ниетті.

 Ауыл шаруашылығындағы су мәселесі

ҚР СРИМ Су саясаты департаментінің директоры Серікжан Бекетаевтың айтуынша, биыл елімізде су тапшылығы болмады. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы су мәселесінде зардап көрмеді.

Суару маусымында шаруаларға шамамен 11 млрд текше метр су берілген. Бұл триллиондаған литр. Ең көп суармалы су пайдаланған аймақтар: Қызылорда облысына – 3,5 млрд текше метр, Түркістан облысына – 3,2 млрд текше метрден артық, Жетісу облысына – 1,2 млрд текше метрден астам және Жамбыл облысына 1 млрд текше метрден артық су берілген.

Мәселен, Қызылорда облысы бойынша «Қазсушар» филиалы биыл суару маусымында шаруаларға 3,7 млрд текше метр су берді. Көктемде мекеме 965 су пайдаланушымен 127 мың гектар егіс алқабын сумен қамтамасыз ету жөнінде келісімшартқа отырды. Оның ішінде 84,2 мың гектары – күріш алқабы. Биыл Қызылорда облысы суару маусымын табысты аяқтады. Дихандардан су жетіспеушілі туралы шағым түскен жоқ. Су шығынын азайту мақсатында жыл басынан 25 су өлшеу бекетін жаңартылып, келесі жылы тағы 58 бекетті қалпына келтіру жоспарда. Сонымен қатар, суару маусымы басталғалы Шардара су қоймасынан Қызылқұм каналы арқылы Түркістан облысының шаруаларына 682 млн текше метр су жіберіліп, шаруалардың сұранысына сай егіс алқаптарына секундына 115 текше метр су жіберіліп отырды, - деді Бекетаев.

Айтуынша, еліміздің барлық аймағындағы шаруаларға тұрақты түрде су берілді. Биыл суармалы судың жетіспеушілігі байқалмай, ауыл шаруашылығын тұрақты сумен қамтамасыз ету үшін вегетация кезеңіне дейін де көп жұмыс атқарылды.

Сонымен қатар елімізде суармалы жерлердің 70,6 мың гектарына су үнемдеу технологиялары орнатылған.  Бүгінде министрлік су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы суармалы суды 20-30% үнемдеуге және 2030 жылға қарай еліміздегі суармалы жерлердің жалпы көлемін 1,3 млн гектарға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

АЭС-тің Балқаш көліне әсері

Елімізде АЭС салу оң қолдау тапқан соң, мамандар оның жұмысына қаншалықты көп су кететінін және Балқаш көліне әсері жайлы көп пікір білдірді. Бұл туралы Су саясаты департаментінің директоры Серікжан Бекетаевтың да ойын сұрап көрдік.

Жүргізілген есептеулерге сәйкес, атом электр станциясының қажеттілігі үшін су тұтыну көлемі Балқаш көлінің деңгейіне айтарлықтай әсер етпейді. Салқындату үшін бір су бірнеше мәрте пайдаланылады. Сонымен қатар, пайдаланылған су басқа су нысандарына жіберілмейді. Министрлік көл деңгейі мен атом электр станциясының су тұтыну көлеміне тұрақты мониторинг жүргізетін болады. Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығында деректерді жинау және есепке алу құралдарын енгізу арқылы есеп жүргізетін болады. Мәселен, жыл басынан бері Балқаш көліне 12 млрд текше метрден астам су жіберілді. Бұл қалыпты деңгейді ұстап тұру үшін жеткілікті көлем болып табылады, - деп түсіндірді Бекетаев.

Миражан Махан
Бөлісу: