Еліміздегі республикалық маңызы бар жолдарда жаңа индекстер бекітілді

23 Қараша, 04:32 420

Халықаралық стандарттау ұйымының ISO 3166-2 стандартына сәйкес «KAZ» және «KZ» геокодтары ресми түрде Қазақстан Республикасын белгілейді. Бұл кодтар интернет домендерінде, мемлекеттік құжаттарда, есеп беру құжаттарында және нөмірлерде кеңінен қолданылады. Олар ел ішінде де, шетелде де танымал. Осыған байланысты Қазақстанда халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдары үшін «KAZ» және «KZ» индекстері бекітілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«KAZ» индексі бірнеше өңір арқылы өтетін 23 автомобиль жолына берілген. Мәселен, Астана мен Алматыны жалғап, Қарағанды арқылы өтетін жол KAZ01 индексін еншілесе, «Астана – Көкшетау (айналма жолмен) – Петропавл – РФ шекарасы («Жаңа жол» өткізу пункті)» бағыты KAZ02 болып белгіленді.

«KZ» индексі бір өңірдің шегінде орналасқан республикалық маңызы бар 88 жол үшін қолданылады. Мәселен, Ақтөбе облысындағы «Қандыағаш – Ембі – Шалқар – Ырғыз» тасжолы KZ04-02 индексін алды. Онда көрсетілген «04» нөмірі – өңірді, ал «02» нөмірі – облыс шегіндегі жолдың реттік нөмірін көрсетеді. Жамбыл облысындағы «Меркі – Шу – Бурылбайтал» автомобиль жолы KZ08-04 деп белгіленді, мұндағы «08» – өңірді, ал «04» — облыс шегіндегі жолдың нөмірін білдіреді.

«E» және «АН» сияқты халықаралық келісімдер арқылы тағайындалған автомобиль жолдарының индекстері өзгеріссіз қалатын болады. Бұл халықаралық көлік жүйесіндегі жүйелілік пен транзиттік қозғалыс жайлылығын қамтамасыз етеді.

Зарина Арман
Бөлісу: