Еліміздегі колледждердің болашағы қандай болмақ?

20 Шілде 2023, 21:33 1139

Мәжіліс депутаттарының кәсіптік білім беруді жаңа деңгейге көтеру үшін қалалық және ауылдық колледждерді дамытудың кешенді бағдарламасын әзірлеуге қатысты сауалына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы (Тұжырымдама) шеңберінде техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) мазмұнын жаңғырту және кадрларды даярлау сапасын арттыру, жұмыс берушілерді тарту, бизнес – инкубаторлар құру арқылы білім алушылардың шығармашылық және кәсіпкерлік әлеуетін ашу, өмірлік маңызды дағдыларды (soft skills) дамыту шаралары жоспарланған. Бұдан басқа, жетекші колледждердің ауылдық колледждерге қамқорлығын дамыту, ауылдық колледждер базасында заманауи оқу шаруашылықтары мен шағын кәсіпорындар құру, өндірістік оқыту шеберлері, тәлімгерлер ретінде ауыл шаруашылығы саласының мамандарын тарту жоспарлануда, - дейді министр.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта 76 жетекші колледж 140 ауылдық колледжге әдістемелік көмек көрсетеді, 40 ауылдық колледж «Жас маман» жобасы аясында заманауи ауыл шаруашылығы жабдықтарымен жабдықталған, олардың базасында педагогтер мен студенттер тағылымдамадан және практикадан өтеді.

ТжКБ-ның мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында кәсіпкерлік және икемді дағдыларды (soft skills) қалыптастыру және дамыту үшін міндетті базалық модульдер көзделген. «Атамекен» ҰКП базасында 1200-ден астам педагог кәсіпкерлік қызмет негіздері бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтіп сертификат алды. Сонымен қатар жүргізіліп жатқан жұмыстар 4 мыңнан астам студентке өз бизнесін ашуға мүмкіндік берді.  Қазіргі уақытта Оқу-ағарту министрлігі бизнес-инкубаторларды құру бойынша әдістемелік ұсыным жобасын әзірледі, өңірлердегі колледждердің тізбесі айқындалды, олардың базасында бизнес-инкубаторлар жұмыс істейтін болады. Өңірлерде студенттердің бизнес жобалары бойынша консультациялық қызметтер көрсететін бизнес-инкубаторларды ашу бойынша қадамдық жоспарлар әзірленді, - дейді министр.

Тұжырымдама шеңберінде 2023 жылдың соңына дейін 20 колледж базасында «идеядан табысты бизнеске дейін» инновациялық жобаларды іске асыруда жастарға көмек көрсету үшін 20 бизнес-инкубатор (2027 жылға қарай - 100) құрылатын болады. Сондай-ақ, 97 колледж базасында оқу шаруашылықтары мен шағын кәсіпорындар (2029 жылға қарай мемлекеттік колледждердің 50% базасында) құрылды, олар студенттер өндіретін өз өнімдерін сатуға мүмкіндік береді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жастардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету үшін 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобасы (Ұлттық жоба) шеңберінде еңбек нарығында белгілі бір кедергілерге тап болған азаматтардың жаңа жұмыс орындарына бейімделуі үшін жұмыс орындарын субсидиялауды қарастырған. Жұмыс берушілермен әріптестікте жастарды адрестік қолдау жүзеге асырылуда. Осыған орай, 2023 жылы «Бірінші жұмыс орны» жобасы аясында 4,6 мың адам жұмысқа орналастырылды, жастар практикасымен 9,1 мыңға жуық адам қамтылды. Кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы азаматтарға мемлекеттік гранттар беру және жастарға қайтарымды негізде шағын несиелер беру арқылы өз бизнесін ашу үшін жағдайлар жасалған, - дейді Тамара Дүйсенова. 

Жастардың кәсіпкерлік бастамасына жәрдемдесу шеңберінде ағымдағы жылдан бастап 7,1 млрд теңге сомасына 1,6 мың адам жеңілдетілген шағын несиелер (жылдық 2,5% - бен), 2,1 мың адам гранттар (400 АЕК мөлшерінде) алды.

Бұдан басқа, Ұлттық жоба шеңберінде сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау және кәсіпкерлердің кредиттері бойынша кепілдік беру жүзеге асырылады. Бұл бағыт өз жобаларын экономиканың басым секторларында (моно және шағын қалалар, ауылдық елді мекендерде салалық шектеулерсіз) іске асыратын шағын және орта бизнес субъектілері үшін көзделген.

2023 жылғы 1 маусымға субсидиялау және кепілдік беру құралы бойынша жалпы сомасы 93 млрд теңгеге 10 мыңнан астам жоба, оның ішінде жас кәсіпкерлердің 1,7 мың жобасы қолдау тапты.

2014 жылдан бастап Қазақстан WorldSkills Competition Special Edition 7 халықаралық чемпионатына қатысып, позицияларын үнемі жақсартып келеді (2015 жылы 50 орыннан 2022 жылы жалпы командалық есепте 53 қатысушы елден 10 орынға дейін).

Жыл сайын WorldSkills Kazakhstan республикалық және халықаралық чемпионатына дайындық шеңберінде кәсіпорындармен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалады, кәсіпорындар жабдықтар мен тәуелсіз сарапшылармен (ЖШС «Кнауф Гипс Капчагай», ЖШС «Sewtech», ЖШС «Welding Company» және т.б. компаниялар) қамтамасыз етуге қолдау көрсетуде.

Ұлттық құрама мүшелерін даярлау үшін «Жас маман» жобасы шеңберінде құрылған құзыреттілік орталықтарының және тиісті жабдықтары бар серіктестердің базасында жаттығу лагерлері ұйымдастырылады.

Оқу-жаттығу лагерлерінде халықаралық сарапшылардың жетекшілігімен WorldSkills Kazakhstan республикалық чемпионаттарының жүлдегерлері жаттығуда. «EuroSkills Gdansk 2023» чемпионатына дайындық аясында 48 күн ішінде 24 жаттығу өткізу, сондай-ақ қатысушылардың дене шынықтыру дайындығы мен психологиялық қолдауы жоспарланған. Жалпы аталған бағыттардағы жұмыс жалғасуда және Үкіметтің бақылауында, - деп қорытындылады ол.

Берік Арманов
Бөлісу: