Еліміздегі инфляция деңгейі 18 пайызға дейін өсті

5 Қазан 2022, 16:54 2171

Инфляция бүкіл әлемде қарқын алып бара жатыр.

Қазақстан Ұлттық банкінің ғимаратында халықаралық валюта қорының өкілдерінің қатысуымен баспасөз-конференциясы өтті, деп хабарлайды El.kz.

Халықаралық валюта қорының Қазақстандағы миссиясының басшысы Николя Бланше Қазақстанда базалық мөлшерлеменің көтерілуі Ұлттық валюта бағамының төмендеуіне алып келгенін айтты.

«Инфляция бүкіл әлемде қарқын алып бара жатыр. Орталық банктер баға тұрақтылығын сақтау бойынша міндеттемелерін орындау үшін ақша-несие саясатын күшейтуге асығуда. Қазақстанда пайыздық мөлшерлемелердің өсуі инфляция спиралының алдын алу, валютаның құнсыздануы және долларландыру үшін қажет болды. Шынында да, Қазақстанның Ұлттық Банкіне инфляцияны нысаналы көрсеткішке қайтару және инфляциялық күтулерді бекіту үшін ақша - кредит саясатын одан әрі қатаңдату қажет болуы мүмкін. Бұл жедел экономикалық өсуді әлсіретуі мүмкін», - деді ол.

Сондай-ақ экономикалық өсу үшін құрылымдық реформалардың факторы шешуші мәнге ие екендігін айтты.

«Қазір мемлекет экономикада басым рөл атқарады және іскерлік ахуалды жақсарту, нарықтық экономикаға көшуді жалғастыру, әртараптандыруды ұлғайту және жеке секторда жаңа жұмыс орындарын құру қажет. Бүгінгі экономикалық жағдай — Қазақстанда және бүкіл әлемде-көптеген сілкіністермен сипатталады. Украинадағы қақтығыс және Ресейге қарсы санкциялар өз әсерін беруде. Қазіргі уақытта жылдық инфляция деңгейі 18 пайызға жетіп отыр», - дейді халықаралық валюта қорының Қазақстандағы миссиясының басшысы Николя Бланше.

Баспасөз-конференциясында халықаралық валюта қорының өкілдері ақша-несие, валюта, салық-бюджет саясаты, жеке секторды дамыту мәселелерін және Мемлекет басшысы бастамашылық еткен реформаларды талқылап, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан шаралар туралы атап өтті.


Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: