Еліміздегі хирургтар кәсіби мерекесін атап өтуде

21 Қыркүйек, 17:38 625

Жыл сайын қыркүйектің үшінші сенбісінде халықаралық хирург күні – медицинадағы ең қиын бағыттағы дәрігерлердің кәсіби мерекесі атап өтіледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ДСМ мәліметінше, еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде 2 мыңға жуық хирург жұмыс істейді, жылына еліміздің медициналық жоғары оқу орындары мамандардың қатарына қосылуға дайын 100-ден астам жас маманды даярлап шығарады.

Сіздердің мамандықтарыңыз тек жоғары біліктілікті ғана емес, сонымен қатар асқан батылдықты, төзімділікті және адалдықты қажет етеді. Күн сайын сіздер адамдардың өміріне байланысты күрделі шешімдер қабылдайсыздар. Жыл сайын 160 мыңға жуық жоспарлы және шұғыл операциялар жүргізіледі. Денсаулық сақтау министрлігі медицина саласын дамытуға қосқан үлестеріңізді жоғары бағалайды, - деді денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қазақстандық хирургтарға.

Халықты қолжетімді және сапалы хирургиялық көмекпен қамтамасыз ету үшін Денсаулық сақтау министрлігі стандарттарды, жалпы нормативтік базаны жақсартады, прогрессивті медициналық технологияларды енгізуге, ауруханаларды жаңа жабдықтармен қамтамасыз етуге жағдай жасайды.

Қазақстан хирургиясында аз инвазивті араласулар, роботтандырылған жүйелер және эндоскопиялық техника белсенді енгізілуде. Операциялық блоктар операцияларды ең аз жарақаттаумен және жоғары дәлдік деңгейімен жүргізуге мүмкіндік беретін жоғары технологиялық құрылғылармен жабдықталған.

Бүгінде Қазақстан «ашық жүрекке»күрделі операция жасауға қабілетті әлемнің 22 елінің қатарына кіреді.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі барлық хирургтарды кәсіби мерекелерімен құттықтайды және қажырлы еңбегі, біліктілігі мен ұлт денсаулығын нығайтуға қосқан баға жетпес үлесі үшін шын жүректен алғыс білдіреді.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: