Еліміздегі ең үздік жоғарғы оқу орындары

9 Тамыз 2022, 18:18 6205

QS халықаралық рейтингіне 16 қазақстандық ЖОО кірді

Егемен еліміздің ертеңі – білімді жастардың қолында. Ол үшін мемлекет берген мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, жастарымыз білім және ғылыммен айналысса, ел болашағы жарқын болмақ. Елімізде бәсекеге қабілетті қандай үздік ЖОО бар? Олардың білім деңгейі мен қосдипломды бағдарлама туралы не білеміз?

Қазақстанның үздік жоғары оқу орындары

Әлемнің жоғары оқу орындарын саралау 2000 жылдары қарқын ала бастады. Бүгінгі таңда жоғары білім беру жүйелері арасында бәсекелестіктің артуына және академиялық ұтқырлықтың өсуіне байланысты, студенттер арасында университеттердің қызметін салыстырудың ажырамас құралына айналуда.

Әлемдегі ең беделді университет рейтингтерінің бірі саналатын Quacquarelli Symonds World University Rankings 2000 жуық жоғары оқу орындарын салыстырады. Аталған рейтингте қазақстандық жоғары оқу орындары 2012 жылдан бастап қатысады.

QS WUR  рейтингісінің негізгі шарттарына академиялық беделі, жұмыс берушілердің арасындағы беделі, білім беру және зерттеу сапасы, халықаралық ынтымақтастық, түлектердің жұмысқа орналасу нәтижелері жатады.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, 2013 жылы осы рейтингке еліміздің жоғары оқу орындарының 8-і ғана енген еді. Бұл көрсеткіш 2022 жылы өсіп, әлемдегі ең беделді университет рейтингтерінің бірі саналатын Quacquarelli Symonds World University Rankings халықаралық академиялық рейтингіне қазақстандық 16 ЖОО еніп отыр. Бұл әрине қуанарлық жағдай.

Оның ішінде Топ-200 жоғары оқу орындарының қатарына Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Топ-300 Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Satbayev University енді.

Сонымен қатар, рейтингке жаңадан енген жоғары оқу орындары да бар. Олар – Алматы технологиялық университеті және Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеттері.

Үздік ЖОО білім деңгейі

Жоғары оқу орындары академиялық дербестік аясында еңбек нарығына қажетті білім беру бағдарламаларын дербес әзірлейді.

Оларды әзірлеуге оқу-әдістемелік бірлестіктердің, «Атамекен» ҰКП, бизнес өкілдерін, мүдделі мемлекеттік органдарды, кәсіпорындар мен жұмыс берушілердің міндетті қатысуын қамтамасыз етеді.

Бүгінде жоғары оқу орындары 8126 білім беру бағдарламасы бойынша мамандарды даярлап жатыр. Айта кетсек, жоғары оқу орындарындағы білім деңгейін анықтаумен бірқатар тәуелсіз мекемелер айналысады.

2018 жылдан бастап  жыл сайын министрлік «Атамекен» ҰКП бірлесіп жоғары оқу орындарының рейтингісін жүргізеді. Аталған рейтингтің негізгі шарттарына түлектердің жұмысқа орналасу  деңгейі, медианалық еңбекақысы, жұмысты іздеу ұзақтығы кіреді. Сонымен қатар жұмыс берушілердің бағалауы, білім беру бағдарламаларының аккредитациясы, инвестицияны тарту, профессор-оқытушылар құрамының сапасы, стартап-жобалар, академиялық ұтқырлық және халықаралық сертификаттау жатады.

Қазақстандық университеттерде оқыту тілдері

Еліміздегі жоғары оқу орындары оқытуды мемлекеттік және орыс тілінде жүргізеді. Сонымен қатар көптілді немесе арнайы тілдік білім беру топтарында мемлекеттік, орыс тілдерімен қатар, ағылшын тілінде де оқыту жүзеге асырылады.

ЖОО бюджеттік деңгейі

Жоғары оқу орындарының бюджеті мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алушыларға төленетін мемлекет қаражатынан, ақылы бөлімде оқитындардың төлемақысынан, қосымша білім беру қызметінен және университет жарғысында көзделген қызмет түрлерінен түскен табыстардан құралады.

Түскен қаражаттың басым бөлігі профессорлық-оқытушылық құрамның еңбек ақысына, біліктілікті арттыруға, қызметкерлер мен білім алушыларды әлеуметтік қолдауға, жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасын жаңартуға, лабораториялық-технологиялық кешенді толықтыруға, цифрлық платформаны жетілдіруге және басқа да мақсаттарға жұмсалады.

Бүгінде елімізде қосдиплом деген бағдарлама бар. Оқуды сәтті аяқтаған студенттерге қазақстандық және халықаралық үлгідегі екі диплом беріледі.

Бағдарламаның артықшылықтары

Осы бағдарлама аясында студенттер 2+2, яғни 2 жыл Қазақстанда және 1 жыл шетелде немесе 3 + 1 білім алуға мүмкіндіктері бар. Бағдарламаның артықшылығының бірі, шетелде оқу мүмкіндігінен басқа, студенттер халықаралық үлгідегі диплом алып шығады.

Қосдипломды білім беру бағдарламасы бойынша шетелдік серіктестік университтер

Бүгінгі таңда 40 қазақстандық жоғары оқу орны серіктес жоғары оқу орындарымен бірлесіп 211 қос диплом бағдарламасын (ҚДБ) іске асыруда.

Іске асырылып жатқан ҚДБ-ның ең көп саны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Гумилев атындағы ЕҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, М.С.Нәрікбаев атындағы ҚазГЗУ сияқты жоғары оқу орындарына тиесілі.

ҚДБ-ның ең көп саны Ресей, Польша, Ұлыбритания және Германия ЖОО-ларымен іске асырылып жатыр.

Бағдарламаның нәтижесінің бірі – студенттердің халықаралық дипломдарды алуы болып табылады.

ҚазҰУ – ды таңдағаныма мақтанамын!

Қазақстандық ең үздік ЖОО қатарына кіретін университетте оқитын студентті сөзге тарттық. Аружан Тілеубердинова – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің химия және химиялық технология факультетінің 4 курс студенті. 


«2019 жылы Химия және химиялық технология факультетіне бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы мамандығына оқуға түстім. Ең алдымен мамандықты таңдап, жоғары білім алып, жақсы маман болу үшін ҚазҰУ білім ордасын таңдадым. Көптеген зертханалық жұмыстармен айналысу үшін, тек қана сабақпен ғана емес өзге де салаларды дамыта аламын. ҚазҰУ – ды таңдағаныма еш өкінбеймін. Себебі, өзімнің жақсы жақтарымды ашып, дамыта бастадым», – деп бастады әңгімесін. 

Аружан 1 курста-ақ университет өміріне белсене араласа бастаған. 2019 жылы «1 курс таланттарына» қатысып, замануи би сайысында бас жүлдені жеңіп алған. Жоғары курсқа көшкен кезде факультет аралық конкурстарға студенттерге қойылым қойып, би үйретті. Бұдан бөлек, 2 курста онлайн өткен «Студенттік көктемде» сайысына факультетпен қатысып, бас жүлдені жеңіп алды.

«Ал 3 курста сол жылы түскен 1 курстар арасында өткен «Жас талант» заманауи би сайысында би қойылымын қойып, балмұздақтарымыз бас жүлдеге ие болды. «Студенттік көктемде - 2022» 3 орын иелендік. Бұл жетістіктердің барлығы – қасымда қолдап жүрген достарымның арқасы. Оларға үлкен алғысымды айтамын», – дейді кейіпкеріміз. 


Белсенді студент ректордың Алғыс хаттарымен марапатталған. Сондай-ақ, ҚР ЖОО студенттерінің XIV Республикалық пәндік олимпиадасының ІІ кезеңінде БЗХТ мамандығы бойынша ІІ орынға ие болған.

   «Алдағы уақытта, дипломды аман-есен қорғап, магистратураға түсу. Болашақ 1 курстардан лидерлерді дайындау менің мақсатым болып келеді», – деді жалынды жас студент Аружан. 

 

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: