Еліміздегі білім сапасы халықаралық стандартқа бейімделіп келеді – сарапшы

20 Қыркүйек, 10:30 902

Қазақстанда білім беру жүйесі үнемі жаңарып, дамып келеді. Бұл үдерістің маңызды бөлігі ретінде жекеменшік мектептердің үлесі жылдан-жылға артып келеді. Мемлекет білім сапасын арттыруға бағытталған реформаларды жүзеге асыра отырып, жекеменшік білім беру мекемелеріне де қолдау көрсетеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында еліміздегі білім жүйесіне ерекше мән берді. Білім сапасы мен ондағы кадр әлеуетіне тоқталып, арнайы басқару жүйесіне тоқталды.  

Еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру ісінде орта білім беру жүйесі өте маңызды рөл атқарады. Менің тапсырмаммен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Осы өте маңызды жұмысты «Самұрық-Қазына» қоры қадағалап отыр. Үкімет пен әкімдер бұл шаруаға белсене атсалысуға тиіс. Депутаттар да ортақ істен шет қалмайды деп ойлаймын, - деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар президент Үкімет жайлы мектептерді арнайы басқару жүйесін енгізуді ойластыруы керек екенін атап өтті.

Сонымен бірге еліміздегі 1300 мектепке күрделі жөндеу жүргізу қажет. Үкімет әкімдермен бірге оны қаржыландыру көздерін анықтап, соның ішінде демеушілерден де қаражат тартып, 3 жыл ішінде бұл мектептерді толық жаңартуы керек. Мемлекет кепілді төлемдер үшін қыруар қаражат бөледі. Оның ішінде жекеменшік мектептерге берілетін қаржы да бар. Мысалы, 250 мыңнан астам бала оқитын жекеменшік мектептерге биылдың өзінде бюджеттен 134 миллиард теңге бөлінді.  Ата-аналар мемлекеттің жеке меншік мектептерге нақты көмек беріп жатқанын білуге тиіс. Осыған орай әр балаға норматив бойынша бөлінген қаражат көрсетіліп тұруы қажет. Сонда азаматтарымыз әлеуметтік бағдарламаларға бөлініп жатқан қаржы туралы шынайы ақпараттан хабардар болады. Бұдан бөлек, мектептердің жұмысын жақсарту шараларын қолға алған жөн, - екенін атап өтті президент.

Мемлекеттің жекеменшік мектептерге көрсететін басты қолдауының бірі – «Мемлекеттік білім беру тапсырысы». Бұл механизм арқылы мемлекет жекеменшік мектептерге білім беру қызметін көрсетуге тапсырыс береді. Мемлекеттік мектептердегі орын тапшылығы және халық санының артуы жағдайында, бұл шара жекеменшік секторды қолдап қана қоймай, жалпы білім беру жүйесінің сапасын арттыруға бағытталған. Мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында мемлекет жекеменшік мектептерде білім алатын оқушылардың бір бөлігіне қаржылық қолдау көрсетеді. Бұл оқушылардың білім алу құнын мемлекет өтеп, ата-аналарға қаржылық жүктемені жеңілдетеді. Жекеменшік мектептерде орындардың шектеулі болуы бұл механизмнің маңыздылығын арттыра түседі. Сондай-ақ, осы шара арқылы мемлекет жекеменшік секторды ынталандырып, білім беру нарығында бәсекелестікті күшейтуге ықпал етеді.

Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, бүгінде елімізде 789 жеке мектеп бар. Онда 240 887 оқушы білім алып жатыр.

Білім саласының маманы Аятжан Ахметжан елімізде жекеменшік білім ордаларын қаржыландыру жан басына шаққанда үш түрлі фактор аясында жүзеге асырылатыны жайлы айтты.

Жекеменшік мектептер ашылғаннан кейін, мемлекеттік лицензия алғаннан кейін жан басына қаржыландыру бойынша қаражат беріледі. Жан басына қаржыландырудың белгілі бір форматы бар. Ол – үш түрлі. Біріншісі, жаңадан мектеп салғанда берілетін қаржы. Екіншісі, реконструкция. Яғни бұрың басқа мақсатта салынған ғимараттарды мектепке айналдырып пайдалану. Үшіншісі, жалға алынып ашылған мектеп. Осындай үш түрлі форматта беріледі. Оның қаржысы өңірлерге байланысты әртүрлі форматта болады. Ең алдымен білім ордаларын лицензиялау мемлекет тарапынан іске асырылады. Яғни білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету мекемесі лицензиялаудан өткізеді. Лицензия берілмеген жағдайда мемлекеттен ешқандай қаржы ала алмайды, - дейді маман.

Маманның сөзінше, биыл елімізде алғаш «жайлы мектеп» өз жұмысын бастады.

Бүгінде жекеменшік мектептердегі оқушы саны мен балаларға жасалған жайлылық мемлекеттік мектептерден әлдеқайда жоғары. Жекеменшік мектептерде оқушы саны аз болып келеді. Сондай-ақ, жекеменшік мектептерде балаларға қолайлы шартты жағдай жоғары деңгейде жасалған. Сондықтан ата-аналардың көбісі жекеменшік мектептерге сенім артып, балаларын беріп жатады. Ал мемлекеттік мектептерде өздеріңіз білесіздер бір сыныпта 40 балаға дейін оқиды. Бала саны көп болған сайын білім алу қиындай түседі, - дейді сарапшы.  

Аятжан Ахметжан жайлы мектептерді арнайы басқару жүйесін енгізуге қатысты пікір білдірді.

Біздегі Назарбаев зияткерлік мектептің арнайы басқару жүйесі бар. Сонымен қатар бұрыңғы қазақ-түрік лицейлерінің, бүгінгі білім инновациялық лицейлерінің білім инновациялық қоры бар. Дәл осы мекемелердің стандартында жайлы мектептерді басқару жүйесін енгізбекші. Оның дұрыс жағы да, бұрыс жағы да бар. Дұрыс жағы – тиімді басқару. Бұрыс жағы – облыстық білім басқармаларына түсетін салмақ азаяды, бірақ бюджеттің шығынына жаңа мекеме қосылады. Яғни мемлекеттік білім беру мекемесіне үлкен салмақ түседі, - дейді Ахметжан.

Мемлекет білім саласына көп көңіл бөледі. Қазақстандағы жекеменшік мектептерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау көпқырлы және кешенді сипатқа ие. Мемлекеттік білім беру тапсырысы, салықтық жеңілдіктер, гранттар мен субсидиялар, инфрақұрылымдық қолдау сияқты шаралар жекеменшік секторды дамытуға және білім беру сапасын арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, мемлекет оқушылардың тең мүмкіндіктер алуын қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік қолдау көрсетуге де ерекше мән береді. Бұл қолдау шараларының нәтижесінде Қазақстанда жекеменшік мектептер саны артып, білім беру жүйесінің сапасы жоғары деңгейге жетіп, халықаралық стандарттарға сай болуға бағытталған қадамдар жасалуда.

Мемлекет басшысы мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және әлеуметтік мәртебесін көтеруге көңіл бөлген абзал екенін де алға тартты.

Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керек. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстың беталысы жақсы, оны жалғастыру қажет. Баланы мектепке дайындау мәселесіне айрықша назар аударған жөн. Мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту ісіне мемлекетпен қатар ата-аналар да жауапты. Сондықтан мектепке дейінгі білім беру саласында әр балаға бөлінетін қаражат отбасының нақты табысына байланысты болуы керек. Осылайша, біз білім беру жүйесін  одан әрі жетілдіру арқылы шын мәнінде мұқтаж азаматтарға көмек көрсетеміз және мемлекеттік қолдаудың ашық болуын қамтамасыз етеміз. Түптеп келгенде, азаматтарымыздың  әлеуетін арттырамыз, - деді президент. 

Оқу-ағарту министрлігі 2023 жылдан бері Президенттік жастар кадрлық резервінің үлгісімен білім берудегі өзгерістердің көшбасшыларын іріктеу және даярлау жөніндегі жобаны іске асыруда. Үміткерлер 8 ай бойы құзыреттілікті бағалау, үш деңгейлі оқыту, еліміздің жетекші мектептерінде тағылымдамадан өту, қорытынды бағалау және министрлік жанындағы комиссиямен әңгімелесуден өтеді. Резервке қабылданған жаңа буын басшылары кадр мәселесін шешуге өз үлесін қосады, сонымен қатар жаңа мектептерді, оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектептерді де басқаруға құзыретті болады.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінгі таңда іріктеу мен дайындықтың барлық кезеңінен өткен 136 қатысушы директор болып тағайындалды. Оның ішінде 20 директор жайлы мектептерді басқарады. Биылғы жылы жобаның екінші кезеңі жүзеге асуда.

Айта кетейік, бүгінде 217 жайлы мектептің құрылысы басталды. Жоба үш тетік арқылы жүзеге асырылады: бірыңғай оператор арқылы нысаналы құрылыс жүргізу, дайын ғимараттарды жеке инвесторлардан сатып алу, сондай-ақ мемлекеттік-жеке меншік серіктестік шеңберінде.

Миражан Махан
Бөлісу: