Еліміздегі барлық қан орталығы цифрлық жүйеге көшіріледі

11 Қыркүйек, 13:15 563

Биыл қазақстандық қан орталықтары өзінің 90 жылдығын атап өтуде. Айтулы датаға орай 12-13 қыркүйек күндері  Алматы қаласында халықаралық сарапшылардың қатысуымен XII республикалық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Қазақстандағы алғаш рет қан құюды профессор Александр Сызганов 1934 жылы дәл осы қалада жасап бастаған. Іс-шара барысында трансфузиялық медицинаны дамыту қорытындыларымен қатар саладағы заманауи трендтер талқыланады. Солардың бірі елордада сәтті енгізіліп жатқан қан қызметін цифрландыру мәселесі.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм»  атты Жолдауында бір-біріне байланысы жоқ ондаған бағдарлама мен ақпараттар базасының орнына бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін құру туралы айтты. Елордалық қан орталығында осы бағытта қандай жұмыстар атқырылып жатқандығы және цифрлық технологиялардың қолданылуы туралы Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Дулат Имашпаев айтып берді.

El.kz: Дулат Махамбетұлы, президент денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру қажеттілігі туралы, атап айтқанда, бірыңғай медициналық ақпараттық жүйе құру туралы айтты. Сіздердің орталықтарыңызда қандай шаралар қабылдануда?

Дулат Имашпаев: Қазақстанда  жыл сайын 100 мыңға жуық науқасқа қан құйылады. Бұл өте ауқымды жұмыс, сондықтан қан қызметі жедел және қауіпсіз жұмыс істеуі керек. Осы мақсатта цифрлық технологиялар қолданылады.

Мемлекет басшысы медицина саласын цифрландыруға үлкен мән береді. Қазір бейінді министрлік деңгейінде пациенттердің медициналық деректеріне, талдауларға, тексерулерге, диагностикаға қол жеткізуді және денсаулық сақтау ұйымдары арасында ақпарат алмасуды қамтамасыз ететін бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйені құру мәселесі белсенді түрде талқылануда. Жүйені енгізу процесі екі кезеңде өтеді: биылғы жылдың соңына дейін және 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін.

Таяу болашақта республикамыздағы барлық 19 қан орталығы бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе бойынша жұмыс істейтін болады. Біз үшін белгіленген критерийлер бойынша донор ретінде тек сау адамдарды таңдау өте маңызды. Қан қызметін, ЖИТС-пен күрес орталықтарын, жұқпалы аурулар ауруханаларын біріктіретін жаңа ақпараттық желі донорлыққа жарамсыз пациенттерді жедел анықтауға мүмкіндік береді. 

El.kz: Елордалық қан орталығында қандай цифрлық технологиялар қолданылады?

Дулат Имашпаев: Біз иммунологиялық және инфекциялық тұрғыдан қауіпсіз донорлыққа басымдық береміз. Мұны қамтамасыз ету үшін біз жоғары технологиялық әдістерді қолданамыз. Мысалы, қан компоненттерін  – тромбоциттер мен эритроциттерді дайындау қазіргі заманғы жабдықта жүргізіледі. Бұл бір донацияда қанның бірнеше емдік дозасын алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Қазақстан донорлық қанда вирустардың болуының кез келген мүмкіндігін жоққа шығаратын тромбоциттерді жүз пайыз әсерсіздендіруді қабылдаған аздаған елдердің бірі болып табылады.

Донорлықтың қауіпсіздігін тек жоғары технологиялық инновациялар мен жабдықтар қамтамасыз ете алатыны сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда отандық қан қызметі үздіктердің бірі болып табылады.

El.kz: Трансфузиология қызметінде қандай проблемалық мәселелер бар және олар қалай шешілуде?

Дулат Имашпаев: Басты проблемалардың бірі  – донорлардың жетіспеушілігі, әсіресе елордада. Статистикаға сәйкес, біздің орталыққа күн сайын 200 әлеуетті донор жүгінеді. Медициналық көрсеткіштер бойынша барлық тексерістерден кейін донор ретінде тек 150 адам қабылданады.

Біздің орталық елордада 26 медициналық ұйымды донорлық қанмен қамтамасыз етеді, оның ішінде күрделі оталар жүргізілетін ұлттық ғылыми орталықтар бар. Қазақстан тұрғындары, сондай-ақ шетел азаматтары жоғары кәсіби медициналық көмек алу үшін Астанаға келеді. Бұл өз кезегінде донорларға жоғары қажеттілік тудырады. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, Жетісу, Абай, Алматы және Маңғыстау облыстарында, Ақтау және Атырау қалаларында донорларға күнделікті қажеттілік 15-20 адамды құрайды.

Онкогематология  –  лейкоз, гемофилия, муковисцидоз және басқа да қатерлі ісіктерді емдеу үшін де көптеген тромбоциттер қажет. Сондай-ақ, қан кардиология, травматология, гинекология үшін аса қажет. 

Донорлардың жетіспеушілігі мәселесіне донациядан кейінгі қан көлемін және ағзаның энергия шығындарын толықтыру үшін қарастырылған төлемнің аз мөлшері әсер етеді. Бүгінде ол 0,25 АЕК немесе 923 теңгені құрайды. Бұл ақша біздің орталыққа дейінгі такси қызметімен келу құнына да жетпейді! Біз Үкіметке төлемді 1,25 АЕК-ке дейін ұлғайтуды ұсындық, бұл 4615 теңге. Бұл әлеуетті донорлар үшін мотивация болатыны сөзсіз. Өкінішке орай, әзірге бұл мәселе ашық күйінде қалып отыр.

Тағы бір мәселе – трансфузиолог мамандардың жетіспеушілігі. Елордада қажеттілік аса жоғары балмағанымен, өңірлерде, әсіресе ауылдық жерлерде тапшылық байқалады. Біздің орталық жоғары білікті кадрларды даярлауға айтарлықтай үлес қосып келеді.

El.kz: Отандық трансфузиология қызметінің даму деңгейін қалай бағалайсыз? 

Дулат Имашпаев:  Жоғары деңгейде деп бағалаймын. Елде сүйек кемігі донорларының тіркелімі құрылды, олар ерікті және өтеусіз негізде трансплантацияға мұқтаж пациенттерге көмек көрсетуге және дің жасушаларын тапсыруға дайын. Әлеуетті қазақстандық донорлар халықаралық деректер базасына енгізілуде. Екі ай бұрын біздің донор отандасымыз италиялық балаға трансплантация жасау үшін жүз пайыз келетіні анықталды.    

Бұрын науқастар шетелге барып жасатуға мәжбүр болған күрделі технологиялық оталар қазір Қазақстанда жасалады. ТМД елдеріндегі ең үздіктердің бірі болып саналатын біздің қан орталықтарымыз қарқынды дамып келеді. Қазақстандағы саналы түрде донорлыққа келетін азаматтар саны артуда. Адамдар өз қанымен бөлісіп, өзге адамның өмірін сақтап қалғысы келеді.

Осы жылдың бірінші жартыжылдығында біздің орталықта 26 659 өтініш тіркеліп, 20 мыңға жуық донация орындалды. Бізде 2400-ден астам тұрақты донор бар.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Ажар Лаубаева
Бөлісу: