Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа арнаған Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға айрықша назар аударды. Ауыл шаруашылығы – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, халықты жұмыспен қамтып, экспорттық әлеуетін арттыратын негізгі салалардың бірі. Соңғы мәліметтер бойынша, 2025 жылдың қаңтар-шілде айларында ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 3,7 пайызға өсіп, 2,4 триллион теңгеге жетті.
Бұл өсімнің негізін мал және өсімдік шаруашылықтарындағы өндірістің артуы құрады. Азық-түлік өндірісі де қарқынды дамуда. Мысалы, осы кезеңде тамақ өнімдері өндірісі 9,2 пайызға өсіп, 2,13 триллион теңгеге жетті. Салаға құйылған инвестиция көлемі де айтарлықтай ұлғайды, ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 442,7 миллиард теңге инвестиция салынып, өткен жылмен салыстырғанда 26,5 пайыз арта түсті. Қазіргі көрсеткіштер аграрлық сектордың тұрақты даму үрдісінде екенін аңғартады және мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін көрсетеді.
Президенттің сыны
Дегенмен, Президент агроөнеркәсіптің әлеуеті әлі толық ашылмай отырғанын айтты.
Мәселе – қаражаттың көлемінде емес, ең бастысы, оны тиімді пайдалану қажет. Озық агроэкономикаға көшу үшін Үкіметтің нақты жоспары болуы керек, - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Расында да, өткен жылы рекордтық өнім жиналғанымен, оны сақтау мен қайта өңдеуде олқылықтар байқалды.
Сарапшылардың пайымдауынша, агросекторда өнімділікті арттыру үшін жинаудан бастап өнімді өңдеп, нарыққа шығаруға дейінгі бүкіл тізбекті жетілдіру қажет. Мысалы, Қазақстан жыл сайын шамамен 8-9 миллион тонна астық экспорттайды, соның 6,5-7,5 миллион тоннасы бидайға тиесілі. Отандық астық дәстүрлі түрде Орталық Азия, Ауғанстан, Қытай, Түркия, Иран, Италия, Тунис сынды 40-тан астам елге экспортталады. 2024 жылдың қарашасына дейін 6,3 миллион тонна астық экспортталып, жаңа өнім экспорты 2,37 миллион тоннаға жетті. Бұл алдыңғы жылдың сәйкес кезеңінен 52 пайызға көп. Алайда, шикізатты сыртқа сату жеткіліксіз: Президент әрбір ауыл шаруашылығы өнімін терең өңдеп, әуелі ішкі нарықты қамтамасыз етуді, содан кейін ғана экспортқа шығаруды міндет етіп қойды.
Сондықтан еліміздің әр өңірінде өндірушіден дүкен сөресіне дейінгі толық инфрақұрылымды қамтитын біртұтас жүйе қалыптастыру – басты мақсаттардың бірі.
Жеңілдетілген несие көлемі ұлғайды
Мемлекет аграрлық секторға соңғы жылдары бұрын-соңды болмаған көлемде қолдау көрсетуде. Президенттің айтуынша, биылдың өзінде шаруаларды қолдауға 1 триллион теңге бөлініп, қажетті несиелер уақытылы берілді. Ауыл шаруашылығын тікелей субсидиялаудан гөрі тиімді несие беру механизмдеріне көшу — басты бағыттардың бірі.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың мәліметінше, Мемлекет басшысы Жолдауда тікелей субсидиядан қолжетімді несиелеуге көшудің маңызын атап өтті. Соның нәтижесінде 2024 жылдан бастап жылдық мөлшерлемесі 5 пайыздан аспайтын жеңілдетілген несие бағдарламасы іске қосылды.
Бұл шара бюджет пен жеке қаражат көздерінің ресурстарын біріктіру арқылы мүмкін болды, - дейді министр.
Бұған қоса, мемлекет 2025 жылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген несие көлемін 700 миллиард теңгеге дейін ұлғайтты (салыстырсақ, 2014 жылы 70 миллиард теңге болған). Алдағы жылдары бұл қаржыландыру көлемі 1 триллион теңгеге жеткізілмек. Егістік науқанына қажетті қаржы 2024 жылдың қарашасынан бастап берілуі шаруаларға дала жұмыстарына алдын ала дайындалуға мүмкіндік туғызды.
Аграрлық секторды қолдаудың сан түрлі арнайы бағдарламалары жүзеге асырылуда. Нақты айтқанда, ауыл кәсіпкерлеріне жеңілдікті шарттармен қаржы ұсынатын үш негізгі бағдарлама бар:
«Ауыл аманаты» – ауылдық кооперативтер мен жеке шаруа қожалықтарына өнімді өңдеу бағытын қосқанда, 5 жылға дейін 2,5 пайыз мөлшерлемемен несие береді. Бұл шағын шаруашылықтардың төмен пайызбен қаржы алып, өндірісті ұлғайтуына жол ашады.
«Кең дала» – ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер мен қайта өңдеушілерге жылына 5 пайыз мөлшерлемемен айналым қаражатын толықтыруға несие ұсынады. Маусымдық жұмыстар мен өнімді өткізуді қаржыландыратын тиімді тетік.
«Агробизнес» – бұл бағдарлама аясында бюджеттен, Ұлттық қордан және жекеменшік инвестициялар есебінен өндірісті жаңғыртуға, жаңа кәсіпорындар құрылысына және айналым капиталын толықтыруға қолдау көрсетіледі. Мұндай кешенді шара әр шаруашылықтың өз ерекшелігіне сай ең тиімді шартпен қаржы алуына мүмкіндік береді.
Сонымен бірге «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі агросекторды қаржыландырудың негізгі операторы ретінде үлкен рөл атқаруда. Холдингтің баспасөз қызметінің дерегіне сүйенсек, 2024 жылдың 10 айында «Бәйтерек» өз еншілес құрылымдары арқылы ауыл шаруашылығы саласына 640 миллиард теңге қаражат бағыттап, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 15,4 пайызға артық болған. Холдинг көктемгі егістік жұмыстарына жеңілдікпен несие беру механизмін алғаш рет уақытынан бұрын іске қосып, қараша айынан өтінім қабылдап, желтоқсанда 100 миллиард теңгені аударуды жоспарлады.
Жалпы, 2025 жылы көктемгі дала жұмыстарына 700 миллиард теңгеге дейін қаржы бөлу көзделген. Сондай-ақ, 2025 жылы ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген шартпен лизингке алу үшін қосымша 200 миллиард теңгеге дейін қаражат қарастырылып, игерілді.
Мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру – Үкіметтің ұдайы бақылауында тұрған мәселе. Дегенмен, шаруа қожалықтары тарапынан субсидия жүйесіне қатысты сын-пікірлер жоқ емес.
Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев аграрлық салаға арналған депутаттық сауалында:
Субсидиялау саясатын қайта қарап, өтінімдердің уақытылы және толық қанағаттандырылуын қамтамасыз ету, артық бюрократиялық кедергілерді жойып, субсидиялық қарыздарды өтеудің кешенді тетігін әзірлеу қажет, - деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, кейбір шаруалар субсидияның кешігуінен және артығымен талап етілетін құжаттардан қиындық көріп отыр. Шынында да, субсидия алу процесін цифрландыру және жеңілдету арқылы қарапайым фермерлерге тиісті қолдауды уақтылы жеткізу – маңызды міндет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен бұл бағытта да жұмыстар қолға алынып, агросекторды қаржыландырудың ашықтығы мен тиімділігін арттыру мақсат етілген.
Агроғылым мен өндіріс арасында алшақтық бар
Ауыл шаруашылығын технологиялық жаңғыртусыз және ғылыми жетістіктерді ендірмей, ұзақ мерзімді тұрақты даму мүмкін емес. Өкінішке қарай, аграрлық ғылымның қазіргі қайтарымы көңіл көншітпейді. Президент бұған дейін агросалада қолданылатын технологиялардың шамамен 90 пайызы ескіргенін, оны шұғыл жаңарту керектігін айтқан еді. Сол жолы Мемлекет басшысы Үкімет пен «Бәйтерек» холдингіне ауыл шаруашылығын субсидиялау саясатын өнеркәсіптік саясатпен ұштастыру және салаға жаңа технологиялар әкелу бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырған болатын. Бұл тапсырмалар негізінде соңғы жылдары ауыл шаруашылығында бірқатар реформалар басталып, техника паркін жаңарту, цифрландыру, инновациялық жобаларды қолдау жұмыстары жүргізілуде.
2025 жылғы Жолдауда да Президент аграрлық ғылымды дамытудың маңызын ерекше атап өтті. Ауыл шаруашылығына бөлінген қомақты қаражатқа қарамастан, ғылыми зерттеулердің нәтижесі мардымсыз екені айтылды: ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру деңгейі 17 пайыздан аспайды, аграрлық бағыттағы оқу орындарын бітірген түлектердің тек 40 пайызы ғана мамандық бойынша жұмысқа қалады екен. Яғни, агроғылым мен өндіріс арасында алшақтық бар. Мұны жою үшін Мемлекет басшысы Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын толыққанды агротехнологиялық хаб ретінде қайта құруды тапсырды.
Сондай-ақ аграрлық ғылымды дамытудың нақты жоспарын әзірлеу қажет екенін айтты. Бұл құжат агросалада цифрлық технологияларды кеңінен қолдануға және өнімділікті айтарлықтай арттыруға бағытталуға тиіс.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, қазіргі кезде аграрлық инновацияларға серпін беру мақсатында 2027-2029 жылдарға арналған жаңа бағдарламалар дайындалуда. Мәселен, «Agri Export» бағдарламасы өнімдерді генетикалық сәйкестендіру, органикалық өнім өндіру, климатқа төзімді технологияларды дамытуға арналса, «Agri Future» бағдарламасы AgriTech-инкубаторын құру, «АӨК-тің 100 жас ғалымы» жобасын іске асыру, фермерлерді VR/AR арқылы оқыту және жаңа буын «смарт-фермалар» моделін енгізуді көздейді. Бұл бастамалар Қазақстанның агроғылымын жаһандық ғылыми желілерге ықпалдастырып, саланы технологиялық өрлеуге шығаруды мақсат етеді.
Бүгінде еліміздің озық шаруашылықтары цифрландыруды жаппай енгізіп, инновация арқасында жоғары нәтижелерге жетуде. Заманауи технологиялар, дрондар мен сенсорлар арқылы егістікті мониторингтеу, малды чиптеу, өндірісті автоматтандыру сияқты жаңашылдықтар тиімділікті еселеп отыр. Мысалы, кейбір заманауи сүт фермалары жылына әр сиырдан 10-11 мың литрге дейін сүт сауып, Еуропаның жетекші елдерін қуып жететін өнімділік көрсетуде. Сол сияқты, цифрлық жүйелерді қолдану арқылы ресурстарды үнемдеу, өнім сапасын бақылау жеңілдеді.
Президент өз Жолдауында жасанды интеллект мүмкіндіктерін агросалада да пайдалану керектігін айтты, жердің сапасы, егін шығымдылығы мен дақылдардың жай-күйін ғарыштық мониторинг арқылы талдау қажеттігін алға қойды. Спутниктік суреттер мен AI негізінде жер жағдайына сараптама жасау – егіс алқаптарын тиімді пайдалануға, ауа райы өзгерістеріне бейімделуге және өнім көлемін болжауға сеп болмақ.
Аграрлық білім мен ғылымның өндіріспен ұштасуы үшін кадр даярлау жүйесін де жетілдіру қажет. Бұл орайда салалық оқу орындарын жаңғырту, тәжірибелік орталықтар ашу қолға алынуда. Мысалы, Семейдегі Шәкәрім университетінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге маманданған технопарк құру жоспары талқылануда.
Университеттің аграрлық сектор үшін білікті маман даярлауда бай тәжірибесі бар, ал технопарк арқылы жергілікті өнімді қайта өңдеудің сапасы мен көлемін едәуір жақсартады деп сенеміз, - дейді Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының басқарма төрағасы Айгүл Ахметжанова.
Мұндай ғылым мен өндірісті жақындататын бастамалар әр өңірде жүзеге асса, агроөнеркәсіптің инновациялық дамуына жол ашылары сөзсіз.
Дәстүрлі ұлттық өнімдерімізді сыртқы нарыққа белсенді түрде таныту керек
Қазақстан агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің экспортын арттыруға үлкен мән беріп келеді. Соңғы жылдары дәстүрлі астық нарықтарымен қатар, жаңа өткізу бағыттары игерілуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «дәстүрлі ұлттық өнімдерімізді сыртқы нарыққа белсенді түрде таныту керек» екенін атап өтіп, аграрлық экспорттың арнайы жоспарын әзірлеуді тапсырды. Бұл жоспар логистика мәселелерін шешуді, ветеринариялық және фитосанитариялық стандарттарды реттеуді және тиімді маркетинг стратегиясын қамтуы тиіс. Яғни, қазақтың сапалы астық, ет, сүт, ұлттық тағамдары әлемнің түкпір-түкпіріне экспортталуы үшін кешенді шаралар қажет.
Биыл қазақстандық агроөнім экспортының географиясы кеңейе түсті. Астық экспорты бойынша жаңа бағыттар ашылуда: жуырда отандық бидай Қытайдың Ляньюньган порты арқылы Вьетнамға жөнелтілді, ал алдағы уақытта Ауғанстан арқылы Пәкістанға шығатын теміржол дәлізі қарастырылуда. Бұл қадамдар Орталық Азиямен шектелмей, Оңтүстік-Шығыс Азия нарығына да жол салудың бастамасы.
Ет экспорты да айтарлықтай өсім көрсетті: 2025 жылдың алғашқы бес айында сиыр еті экспорты өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,5 есе өсіп, 12,3 мың тоннаны құрады, қой еті экспорты 2,6 есе артып, 9,2 мың тоннаға жетті. Тарихта алғаш рет Қазақстаннан 797 тонна шошқа еті шетелге жөнелтілгені де отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін айғақтайды. Мұндай көрсеткіштер агросектордағы экспорттық әлеуеттің жоғары екенін және сыртқы сұраныстың бар екенін көрсетеді.
Экспорт көлемін ұлғайту үшін өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, сапасын халықаралық талаптарға сәйкестендіру маңызды. Бұл орайда Үкімет отандық агроөндірушілерді Еуразиялық экономикалық одақ аясында да қолайлы жағдайда ұстауға күш салмақ. Мысалы, Қазақстан сүт өндірісінде кейбір көрші елдермен салыстырғанда мемлекеттік қолдау деңгейі төмен болғандықтан, отандық сүт өндірушілер ішкі нарықта бәсекелестеріне жол беріп жатқаны анықталды. Президент бұл мәселені шешіп, әділ бәсекелестікті қамтамасыз етуді тапсырды.
Сонымен бірге, Үкіметке Еуразия кеңістігіндегі сауда-саттықтың тең шарттарда жүруін талап ету жүктелді. Бұл қадамдар қазақстандық шаруалардың өндірген өнімін сыртқы нарықта да кедергісіз өткізуге мүмкіндік береді.
Экспортқа бағытталған өндірістік кластерлер құру – агросектордың жаңа тренді. Қазіргі кезде «Бәйтерек» холдингі қаражаты есебінен бірнеше экспорттық агроөнеркәсіптік кластер жобалары қолға алынған.
Холдингтің жобалар департаменті директоры Алмас Ағыбаевтың айтуынша, 2020-2024 жылдары холдинг жалпы құны ондаған миллиард теңгелік бірқатар стратегиялық жобаларды қаржыландырды. Олардың ішінде Жетісу облысында соя бұршақтарын өсіру және сақтау жобасы, Абай облысында өсімдік майын өндіретін зауытты жаңғырту, Ақмола облысында құрама жем зауытының құрылысы және Шығыс Қазақстанда май-тоң май шығаратын кәсіпорын салу бар. 2025-2026 жылдары Астана және Қостанай облысында астықты терең өңдейтін екі ірі зауыт салу жоспарлануда, бұлар да экпортқа өнім шығаруға бейімделмек. Мұның бәрі өңделген өнім көлемін арттырып, шетелге жоғары қосылған құнды тауар шығаруға жол ашады.
Әрине, экспортты арттыру ісінде ішкі нарық мүддесін де ұмытпау қажет. Кейде ішкі бағаны тұрақтандыру үшін Үкімет белгілі бір өнімнің экспортына шектеу қояды. Мысалы, жуырда еттің қымбаттауына байланысты тірі мал мен кейбір ет түрлерін шығаруға уақытша тыйым салу шарасы енгізілген болатын. Алайда мұндай шектеулер фермерлерге ауыр тиеді.
Депутат Жигули Дайрабаевтың айтуынша, «Егіншіліктен пайда көрмей, мал өнімінен табыс табамыз дегенде сиыр етінің экспорты жабылды. Ет бағасының негізсіз қымбаттауына бірінші кезекте фермерлер емес, делдалдар мен алыпсатарлар кінәлі. Бүгінде мал шаруашылықтарында 1 кг сиыр етінің өзіндік құны 2500 теңге, ал бөлшек саудада 5000 теңгеге дейін өсіп отыр. Демек, фермерлердің табысы азайып, басты пайда алыпсатарлардың қолында қалуда» деп ашынады.
Экспортқа шектеу қойылуы шаруалардың ынта-ықыласына кері әсер етеді. Егер өндіруші өнімін еркін сата алмайтынын білсе, мал басын көбейтуге құлшынысы кемиді, нәтижесінде ұсыным азайып, ішкі баға одан сайын өсуі мүмкін. Сондықтан Ж.Дайрабаев бастаған аграршы сарапшылар үкіметке фермерлерге өнімін еркін өткізу мүмкіндігін беру, алыпсатарлардың жолын кесу жөнінде ұсыныс жасауда.
Яғни, экспорт пен ішкі нарық арасында үйлесімді саясат қажет: бір жағынан, фермерлердің өнімін сыртқа тиімді шығаруына жағдай жасау, екінші жағынан, ішкі нарықты қажетті тауарлармен тұрақты қамтамасыз ету теңгерімі сақталуға тиіс.
Жер реформасы және тиімді пайдалану қалай жүріп жатыр?
Жер ресурстары мәселесі – ауыл шаруашылығының ең өзекті тақырыптарының бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аграрлық секторды дамыту туралы айтқанда жердің маңыздылығын әрдайым ерекше атап келеді. 2021 жылы ауыл шаруашылығы жерлеріне байланысты тарихи шешім қабылданып, Мемлекет басшысы шетелдіктерге және олардың қатысы бар компанияларға жерді сатуға да, жалға беруге де біржола тыйым салды.
Биыл ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және оларға қатысы бар компанияларға сатуға, сондай-ақ жалға беруге біржола тыйым салатын заңға қол қойдым, – деді Президент.
Сонымен қатар Жер кодексіне отандық инвесторлардың ауылдық аймақтарды дамытуға қаржы салуын ынталандыратын түзетулер енгізілді.
Бұл өзгерістер ауыл шаруашылығы жерлерін толық экономикалық айналымға түсіруге мүмкіндік береді. Шын мәнінде, осы шешімдердің барлығы агроөнеркәсіп саласына оң ықпал етеді. Соның арқасында ауыл шаруашылығы ұлттық экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналады, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осылайша, жер шетелдіктерге емес, өз азаматтарымызға қызмет етуі үшін заңнамалық база құрылды.
2022 жылдан бастап мемлекет пайдаланылмай жатқан не заңсыз алынған жер телімдерін қайтару бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. Президенттің тапсырмасымен құрылған Жер комиссиялары мыңдаған гектар бос жатқан жерді мемлекет меншігіне қайтарып, оны игеруге ниетті шаруаларға үлестіруге кірісті. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында осы жұмыс барысына тоқталып: «Мен игерілмей бос жатқан және заңсыз алынған ауыл шаруашылығы жерлерін кері қайтарып, оны қайта бөлу туралы тапсырма бердім. Жер иесіз қалмауға тиіс, жерді тек оның қадірін білетін азаматтарға беру керек» деді.
Оның мәліметінше, 2022 жылдан бері 13,5 миллион гектардан астам жер мемлекетке қайтарылған, бірақ соның 6 миллион гектары ғана жаңа жер пайдаланушыларға бөлінген. Сондықтан Президент жергілікті атқарушы органдарға қатал талап қойды: «Әкімдер қайтарылған жердің бәрін келесі жылдың ортасына дейін тұрақты айналымға енгізуі керек» деп тапсырды. Иесін тапқан жер өндірістің ошағына, инвестиция көзіне, қайнаған еңбектің ортасына айналуы қажеттігін баса айтты. Бұл шара ауылдық жерлердегі жайылым тапшылығы мәселесін де шешуге тиіс екенін атап өтті, өйткені қайтарылған алқаптардың едәуір бөлігі мал жайылымына жарамды.
Жер қатынастарына қатысты заңсыздық пен қағазбастылықты түбегейлі жою да күн тәртібінде. Тоқаев ауыл шаруашылығы жерлерін беру тәртібін толық өзгерту керектігін айтып, жерді бөлудегі шешімдердің барлығы цифрлық форматта, электронды конкурстар арқылы қабылдануға тиіс екенін мәлімдеді. Үкіметке жыл соңына дейін заңнамаға тиісті өзгерістер әзірлеу тапсырылды. Яғни, болашақта жер телімдерін бөлуде адам факторын мейлінше азайтып, процесті ашық әрі жедел ететін электрондық жер аукциондары енгізілмек.
Сондай-ақ жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасын жасау қажеттігі айтылды. Онда әрбір телімнің кадастрлық деректері, топырақ құнарлылығы, су және инфрақұрылымға қолжетімділігі, тіпті жер қойнауын пайдалану ақпаратына дейін біріктірілмек. Мұндай кешенді карта жерді тиімді пайдалануды жоспарлауға, бақылауға және талдауға зор мүмкіндік береді.
Жер реформасының түпкі мақсаты – ауыл шаруашылығы жерін шын мәнінде жұмыс істейтін, өнім өндіретін адамдардың қолына беру. Сонда ғана жер толық айналымға түсіп, ел ырысын арттырады. Мысалы, ауылдық жерлерде ұзақ жыл бос жатқан немесе тиімсіз пайдаланылған учаскелерді қайтарып, оны мал өсіргісі, егін еккісі келетін жаңа қожайындарға үлестіру көп игілікті іске жол ашуда. Бұрын жерсіз жүрген талай фермер мемлекеттен жер алып, шаруасын кеңейтуде. Бұл өз кезегінде агроөндіріс көлемін көбейтіп, жаңа жұмыс орындарын құрып, ауылда тұрмыс сапасын арттыруға септігін тигізеді. Президент атап өткендай, жер – стратегиялық ресурс, оның игілігі халықтың тұрмысын жақсартуға қызмет етуге тиіс. Осы ұстаным аясында жүргізіліп жатқан жер реформасы агросектордың өркендеуіне берік негіз қалайды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы Жолдауында белгіленген бастамалар – Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған жан-жақты бағдарлама. Аграрлық саланы қолдаудың рекордтық көлемдері, субсидиялар жүйесін реформалау, жеңілдетілген несиелер мен арнайы бағдарламалар – мұның барлығы ауыл шаруашылығын заманауи, тиімді бизнеске айналдыруға қызмет етеді. Мемлекеттік қолдау шаралары мен Президент тапсырмаларын жүйелі іске асырудың нәтижесінде агросекторда тұрақты өсім байқалып отыр. Алдағы уақытта Үкімет осы бағытты одан әрі жалғастырып, инвестициялық тартымдылықты күшейту, импортты алмастыру және экспортты ұлғайту үшін қажетті жағдай жасауда.
Ауыл шаруашылығы министрі А.Сапаровтың айтуынша, қол жеткізілген нәтижелер – аграрлық секторды қажетті ресурстармен қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстың тікелей жемісі.
Ауыл шаруашылығы министрлігі қолдау шараларын жетілдіруді, саясаттың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуді және ең бастысы, ауыл тұрғындары мен аграрлар үшін мүмкіндіктерді кеңейтуді жалғастырады, – деп сендірді министр.
Аграрлық ғылымды дамыта отырып инновация енгізу, экспортқа бағдарланған өндірісті өсіре отырып ішкі нарықты қорғау, жер реформасын жалғастыра отырып әрбір гектарды ел игілігіне жарату – осы кешенді шаралар нәтижесінде Қазақстанның ауыл шаруашылығы жаңаша серпін алуда. Фермерлер, аграрлық ғалымдар, инвесторлар мен мемлекеттік органдар бірлесе әрекет етсе, алға қойылған мақсаттар орындалары сөзсіз.
Президент Тоқаев атап өткендей, ауыл шаруашылығы ұлттық экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналуы үшін барлық мүмкіндік бар және бұл жолда еңбексүйгіш шаруаларға әділ жағдай жасап, ғылыми жетістіктерді молынан енгізу – ортақ міндетіміз. Әділетті Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені алдағы жылдары жоғары технологиялы, өнімділігі жоғары және әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті салаға айналарына сенім мол.