Еліміздегі қанттың 58% шетелден жеткізіледі

27 Тамыз 2022, 11:08 871

Республика бойынша қантты тұтыну жылына 532 мың тоннаны құрайды

Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің шағын болуы, импорттық тұқым құнының жоғарлылығы, фермерлердің техникалық жарақтандырылуының төмен деңгейі және сумен қамтамасыз ету жөніндегі проблемаларға байланысты 90-жылдардан бастап қант қызылшасының егіс алқабы 85 мың гектардан 11,6 мың гектарға дейін төмендеді.  Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды El.kz

«Талдау көрсеткендей, басқа дақылдарды (мысалға, картоп, жүгері) өсірудің пайдалылығы қант қызылшасына қарағанда бірнеше есе жоғары болып табылады. Республика бойынша қантты тұтыну жылына 532 мың тоннаны, оның ішінде отандық шикізат, яғни қант қызылшасы есебінен қамтамасыз ету деңгейі 7%-ды, отандық зауыттардың құрақ қантын өңдеу есебінен – 35%-ды, қант импорты есебінен -58%-ды құрайды. Алайда, елімізде қант саласының табысты дамуы үшін негізгі алғышарттар бар, олар - суармалы жерлердің болуы, ішкі нарықтың үлкен сыйымдылығы, қажеттілікті қамтамасыз етуге қабілетті жұмыс істеп тұрған 4 зауыттың жүктеу қуатының толық пайдаланылмауы және жұмыс күшінің болуы», - деді министр.

Министрдің айтуынша, технологиялық жабдықтардың тозуына, зауыттардың несиелерінің көптігіне және айналым қаражатының тапшылығына, көрші елдер қолданатын баға демпингіне байланысты отандық зауыттардың жүктеме қуаттылығының төмендігі сақталуда.

Бөлісу: