Еліміздегі 78 мыңнан астам студентке сыбайлас жемқорлыққа қарсы пәндер оқытылады

22 Ақпан, 14:04 1115

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов осылай айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Астана қаласындағы Мақсұт Нәрікбаев атындағы оқу қабырғасында ЖОО-дағы жемқорлыққа қарсы пәндер оқытушылары үшін республикалық семинар өткізілуде.

Іс-шара барысында сөз кезегін алған Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов еліміздегі коррупцияға қарсы жұмыстардың жүргізілу барысы жайлы баяндап берді.

Оның айтуынша, бүгінде елімізде 78 мыңнан астам студентке сыбайлас жемқорлыққа қарсы пәндер оқытылады.

Сондай-ақ Превенция қызметінің басшысы жуық арада «GRACE» халықаралық бастамасын енгізу жолында бірқатар жұмыс атқарылатынын айтып өтті. Ондағы мақсат білім беру мен серіктестік қатынастардың трансформациялық күшін пайдаланып, балалар мен жастар арасында жемқорлықтан бас тарту мәдениетін қалыптастыру болып табылады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет білім беруден бастау алады. Тіпті балабақша, мектеп қабырғасынан бастап, одан әрі жоғары оқу орындарында да жемқорлыққа қарсы білім беру жұмысын одан әрі жетілдіру, жалғастыру қажет, - деді Ахметжанов.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Акерке Абылайхан да тақырыпқа қатысты көзқарасын білдіріп, бүгінде ЖОО-ларда 600 мыңнан астам азамат білім алатынын алға тарты.

Университеттегі жастар – бұл қоғамның келешегі. Сондықтан оларға тек сапалы білім беріп қана қоймай, жастардың бойына антикоррупциялық мәдениетті, парасаттылықты қалыптастыру – міндетіміз. Айта кету керек, еліміздегі барлық университетте антикоррупциялық саясатқа қатысты пәндер енгізілген. Сонымен қатар қосымша курстар оқытылады, - деп нақтылады төраға орынбасары.

Еліміздің 44 университетінде магистратура бағдарламалары бойынша 88 бағдарлама антикоррупциялық саясатқа қатысты. Сонымен қатар бакалавриат бағдарламасы бойынша 3988 оқу бағдарламасы жасалған. Жоғары оқу орындарының бесеуі комплаенс офицерлерін даярлауда.

Еліне адал азаматтарды тәрбиелеу – бүгінгі семинардың маңызды ерекшелігі. Семей медициналық университетінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы пәнінің оқытушысы Толқын Мұздыбаева да осындай тұжырымға келіп отыр.

Тәрбиесіз алынған білім – адамзаттың қас жауы. Семей медицина университетінде «Саналы ұрпақ» атты волонтерлік топ бар. Сол жерде жетекшімін. Топ ішінде өткізілетін семинар сабақтарымызда Абай атамыздың Адам болу теориясына үңіліп, 45 қара сөзіне талдау жасаймыз, - деді пән оқытушысы.

Айта кету керек, екі күнге созылатын іс-шара барысында қатысушыларға жемқорлыққа қарсы заңнама, академиялық адалдық қағидаттарын енгізудің практикалық құралдары түсіндіріледі, сондай-ақ мотивациялық сессиялар өткізілу жоспарланып отыр.

Айнұр Оспанова
Бөлісу: