Еліміздегі 5 мыңнан аса сарбазға кредит демалысы берілді

20 Желтоқсан 2023, 21:31 797

Қорғаныс министрлігі мен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумның нәтижесінде борышын өтеп жүрген әскери қызметшілерге банктік қарыздар мен шағын несиелік төлемдерін кейінге қалдыру тәжірибесі реттелген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазіргі кезде 5 мыңнан астам сарбаздың 1 млрд 875 млн теңге несиесі кейінге қалдырылды. Қазіргі уақытта банктер мен микрокредиттік ұйымдарда 1,6 млрд теңге сомасына 5 мыңға жуық әскери қызметшінің өтініштері қаралу үстінде.
Одан бөлек қорғаныс ведомствосының бұл бастамасы заң жүзінде бекітуді және мүдделі ұйымдардың бірлескен техникалық шешімін талап етеді.

Қорғаныс министрлігінің сарбаздары үшін әлеуметтік қолдау шараларын заң тұрғысында реттеу мақсатында «Әскери қызмет және әскери қызметшінің мәртебесі туралы» ҚР Заңына 50-1-бапты енгізуге бастамашы болды. Заң жобасы Парламент Мәжілісінде қаралып жатыр.

Бұдан өзге, Қорғаныс министрлігі ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне «Банктер және банк қызметі туралы» ҚР Заңының 34-бабына және «Микроқаржылық қызметі туралы» ҚР Заңының 7-бабының 2-тармағына толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстарын білдірді. Негізгі қарыз бен сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыру тәртібін белгілейтін нормаларға қорғаныс ведомствосы сарбаздардан басқа қарыз алушылар қатарына әскери жиындарға шақырылған азаматтарды да қосуды ұсынып отыр.

Несиені кейінге қалдыру әскери жиындағы бүкіл кезеңге беріледі деп күтілуде. Бұл ретте мәлімет алмасу мүдделі органдардың ақпараттық жүйелерінің өзара іс-қимылы арқылы жүзеге асырылуға тиіс.
Процестерді автоматтандыру үшін Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен және «Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ-мен бірлесіп проактивті форматта өзара іс-қимыл алгоритмін әзірледі.

Кредиттік демалыстарды автоматты (проактивті) түрде беру жөніндегі пилоттық жоба 2024 жылы іске қосылатын болады. Жыл соңына дейін запасқа шығарылған адамдардың несиелік демалысын тоқтату алгоритмі сияқты, мұнда да әскерге шақыру күнінің орнына әскери қызметтен босату күні беріледі.

Берік Арманов
Бөлісу: