Еліміздегі 100-ге жуық құрылыс компаниясының өнімдері таныстырылды

24 Наурыз 2023, 18:00 778

Елордада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру аясында мектеп құрылыстарын отандық өндірушілердің өнімдерімен, құрылыс материалдарын және мектеп жиһаздарымен қамтамасыз ету бойынша көрме өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Көрмеде отандық 100-ге жуық өндіруші компанияның өнімдері ұсынылды. Көрменің басты мақсаты еліміздегі заманауи жайлы мектептердің құрылысын жүргізу үшін отандық компаниялардың өнімдерін пайдалану үшін жиһаздар және құрылыс заттарымен танысу, олардың сапасын тексеру.

«Көрменің басты мақсаты отандық сапалы өнімді қолдау. Көрмеде ұсынылған компаниялардың барлығының сертификаты бар. Отандық және халықаралық стандарттарға сай өнімдерді жасайды. Бағасыда қолайлы. Алдағы уақытта кеңестер өткізіледі. Ол кезде де келіссөздер жүргізіледі. Келіссөз жүргізу мен құрылыс барысында өнімдердің бағасы қымбаттамай, қолайлы баға сақталатын болады», - деді Құрылыс басқармасының орынбасары Андак Мұхаммед.

«Көрме «Жайлы мектепке» арналып жасалып отыр. Елімізде 600 жайлы мектеп құрылысын жүргізу жоспары бар. Қазіргі таңда жұмыс басталып кетті. Жайлы мектеп дегенде ол мектептердің барлығы ең сапалы, озық материалдардан салынады. Елімізде сапалы, озық, материалдар жасайтын мекемелер бар. Бүгінгі көрмеде құрылыс заттары мен жиһаз жасайтын мекемелердің өнімдері көрсетіліп отыр. Олардың өнімдері қазіргі таңда белгілі Binom мектептерінің құрылыстарында да қолданылып жүр», - деді Индустрия және инфрақұрылымды дамыту вице-министрі Ілияс Оспанов.

Көрмеге еліміздегі ірі құрылыс компанияларының өкілдері мен құрылыс Оқу және ағарту министрі Ғани Бейсембаев та қатысты.

«ҰКП «Атамекен» және бұл жобаны «Samruk Kazyna Constructions» мекемесімен бірлесіп, өңірлердегі зауыттар мен компанияларды аралап, өнімдерімен таныстық. Қазіргі біздің мақсатымыз дәстүрлі мектептен жайлы мектепке қарай өту. Бүгінгі күннің өзінде еліміздегі дәстүрлі мектептердің құрылысында да отандық өндірушілердің өнімдері қолданылады. Олардың барлығының сапасы мен құрамы тексерілген», - деді Ілияс Оспанов.

Еске сала кетейік, бұл елімізде құрылыс компанияларының өнімін таныстыру аясында алғаш рет өткізіліп отыр.

 

Миражан Махан
Бөлісу: