Елімізде жыл сайын 90 мың тонна пластик қоқыс шашылады

15 Маусым 2022, 14:38 3067

Қазақстанда жыл сайын 90 мың тонна пластик қоқыс шашылады. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің деректері бойынша, оның тек қана 3,5% - ы ғана өңделеді, – деп хабарлайды El.kz.

15 ПЭТ (полиэтилентерефталат) қалдықтарын қайта өңдеушілерден тұратын «Қазақстан буып-түю қауымдастығы» қайта өңдеуді 50 %-ға дейін жеткізуге ниет білдіріп отыр. Ол үшін елді мекендерде пластикалық бөтелкелерді қабылдайтын фандоматтар орнату жоспарланған. Оны өз күшімен не инвесторларды тартып жүзеге асырады.

«Ірі қалаларда қоқыс көп жиналады. Сондықтан, Алматы қаласынан бастағымыз келіп тұр. Бұл жобаны жергілікті атқарушы органдар қолдайды деп үміттенеміз. Біз әзірге кем дегенде жүз, ары кетсе мың данаға дейін фандомат сатып алып, оларды адам көп жиналатын жерлерде, сауда орталықтарында және басқа да объектілердің жанында орнатқымыз келеді. Полимер бөтелкелерді 3-5 теңгеге сатып алуды жоспарлап отырмыз. Осылайша қоқыс полигондарындағы полиэтилен қалдықтарының проблемасын шешуге үлес қосамыз. Қайта өңдеушілер ретінде біз Қазақстандағы ПЭТ-қалдықтар мәселесін біртіндеп шешуге дайынбыз», – деді «Қазақстан буып-түюшілер қауымдастығының» басқарма төрағасы Батырбек Әубәкіров.

«Қазақстан буып-түюшілер қауымдастығы» басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, фандомат құрып, пластикалық бөтелкелерді жинаудағы мақсаттың бірнеше себебі бар. Біріншіден, экономикалық тұрғыдан қарар болсақ, пластикалық бөтелкелер 15 қайта өңдеу зауыты үшін шикізат түрінде қажет. Олардың жыл сайын 60 мың тонна қайта өңдеу қуаты бар. Қазір шикізат жетіспейді. Сондықтан шикізат жиналып, зауыттарға түсуі керек. Екіншіден, экологиялық қырын алар болсақө, ПЭТ-бөтелкелерді қоқыс полигондарда өртеуге не ол жерден бақылаусыз шығаруға жол бермеу керек.

Бөлісу: