Елімізде есірткі сатумен айналысқан 3 ұйымдасқан топтың мүшесі ұсталды

4 Шілде 2022, 13:55 1189

Бұл туралы ҚР ІІМ Есірткіге қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов мәлім етті

Жыл басынан бері еліміздің аумағында 1 300-ге жуық есірткі қылмысы анықталды. Бұл туралы ҚР ІІМ Есірткіге қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов мәлім етті, – деп хабарлайды El.kz порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

– Бірінші жарты жылдықта 1 300-ге жуық есірткі қылмысы анықталды. Оның ішінде 800-ге жуық есірткі сату және 227 аса ірі көлемде есірткі сақтау фактілері бар. Нұр-Сұлтан қаласы мен Атырау облысы аумағында каннабис тобына жататын есірткі затын жеткізумен және сатумен, сондай-ақ Павлодар облысында синтетикалық есірткі сатумен айналысқан үш ұйымдасқан қылмыстық топтың іс-әрекетінің жолы кесілді, – деді ол.

ҚР ІІМ өкілінің дерегінше, 3,3 тоннадан астам әртүрлі есірткі түрлері, оның ішінде 2 тоннаға жуық марихуана, 366 келі гашиш және 84 келі синтетикалық есірткі тәркіленген.

Нұр-Сұлтан қаласында және Алматы, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай және Қарағанды облыстарында 21 есірткі зертханасы жойылды.

– Жыл басынан бері 1400 интернет-ресурс анықталып, бұғаттауға жіберілді. Интернет ресурс арқылы есірткі сату фактілері бойынша 103 қылмыстық іс тіркелді. Есірткі жарнамалау және насихаттау бойынша 57 қылмыстық іс тергеліп жатыр, – деп атап өтті Бақытжан Әмірханов.


Бөлісу: