Елімізде «Мектепке жол» акциясы басталды

4 Тамыз 2022, 01:18 1044

«Мектепке жол» акциясы жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында өткізіледі.

ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясын іске қосты, деп хабарлады El.kz.

Балалар жылында бұл акция «Мектепке жол – Шекарасыз жақсылық» ұранымен өтіп жатыр. Акция 2022 жылғы 31 тамызға дейін, яғни жаңа оқу жылы басталғанға дейін жалғасады.

Науқанға кез келген адам қатыса алады: еріктілер, бизнесмендер, меценаттар, үкіметтік емес ұйымдар және т.б. Қатысушылар мұқтаж отбасылар мен балаларға қолдау көрсете алады немесе керісінше көмек сұрай алады.

– Акция аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан мектеп оқушыларына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қажетті көмек көрсету мақсатында өткізіліп отыр. Балаларды жаңа оқу жылына дайындауға кез келген адам көмектесе алады. Осылайша әлеуметтік себептермен балалардың мектепке бармауының алдын аламыз. Әрбір мектепте әлеуметтік көмекке мұқтаж балалардың атаулы, жеке тізімдері жасалған. Білім беру ұйымдарында «жедел желі» үздіксіз жұмысы ұйымдастырылған. Қиын өмірлік жағдайға тап болған барлық бала мен ата-ана көмек сұрай алады. Өз кезегінде бей-жай қарамайтын азаматтар, кәсіпкерлер, меценаттар акцияға қосылып, мұқтаж жандарға қол ұшын соза алады, - деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев.

«Мектепке жол» акциясы жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында өткізілетінін атап өтейік. Акцияның 10 жылында 2 млн-нан астам балаға материалдық көмек көрсетілді.

Бөлісу: