Елімізде жыл сайын 20 мыңнан астам бала шала туады

17 Қараша 2023, 13:19 1188

Дүние жүзінде 17 қарашада 2009 жылы Еуропалық жаңа туған нәрестелерге күтім жасау қоры (EFCNI) құрған шала туған нәрестелер күні атап өтіледі. Бұл туралы ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұл күннің мақсаты - қоғамдағы бар проблеманы көпшілік алдында және кеңінен жариялау, репродуктивтік денсаулықты нығайту мәселелерін шешу қажеттілігі, медицина қызметкерлері мен шала туған балалары бар отбасылар кездесетін мәселелер, оларға қолдау мен түсіністік табуға көмектесу, үміт беру.

Әлемде жыл сайын 15 миллион бала шала туады.

Қазақстанда жыл сайын барлық жаңа туған нәрестелерден орта есеппен 20-22 мың бала (5%) мерзімінен бұрын туады. Бұл жүктілік кезінде 36 аптадан аз және дене салмағы 2500 грамнан аз туған балалар.

2008 жылдан бастап біздің еліміз 500 грамнан аса төмен дене салмағымен жаңа туған нәрестелерге күтім жасай бастады.  барлық жаңа туған нәрестелердің жалпы үлесінде (500-999 гр.) 0,4%-ы дене салмағы өте төмен болып туады,  барлық жаңа туған нәрестелердің 0,6%-ы дене салмағы төмен (1000-1499 гр.) болып туады.

Шала туған нәрестелерде жүктілік кезінде анатомиялық тұрғыдан дұрыс қалыптасқан ағзалар жүйесі өмірді қолдау үшін тиісті функционалдылыққа ие емес. Өте жұқа және осал тері, тері астындағы майдың төмен деңгейі, жетілмеген өкпе ағзаны оттегімен қамтамасыз ете алмайды, жүрек-қан тамырлары мен ас қорыту жүйелері жетілмеген, сонымен қатар гипоксияға  орталық нерв жүйесі өте сезімтал.

Осы салмақ дәрежесінде туған балалар ең осал болып табылады және күтім процесі барынша назар аударуды, арнайы білімді, дағдыларды, медицина қызметкерлерінің шыдамдылығын, жоғары кәсіби және моралдық қасиеттерді талап етеді. Жаңа туған нәрестенің  әрбір сақталып қалған өмірінің артында кәсіпқойлар тобының орсан зор еңбегі тұр. Емдеу мен қарқынды күтімнің экономикалық шығындары мерзімінде туғандарда жасалатын күтімге жұмсалатын шығындармен салыстыруға келмейді. Мерзімінен бұрын босанудың себептері әр түрлі факторлардың жиынтығынан туындайды - жүктіліктің кеш мерзіміне  ауысу, ҚРТ-дан кейінгі жүктілік, экстрагениталдық патология және инфекциялар, аборттар, стресс факторлары және экстремалдық мінез-құлық, генетикалық факторлар, дұрыс  тамақтанбау, жаман әдеттер және т. б.

Біздің елімізде жаңа туған нәрестелерге, оның ішінде шала туған нәрестелерге медициналық көмек көрсетуді қалыптастыру мен дамытуға бағытталған бірқатар маңызды іс-шаралар жүзеге асырылды.

ДДҰ ұсынған тиімді перинаталдық технологиялар,  ана болу қауіпсіздігі қағидаттары енгізілді, жаңа туған нәрестелердің реанимациясы мен қарқынды терапиясы дамыды, стандарттар мен клиникалық хаттамалар әзірленді және бекітілді, неонатологтар жыл сайын ел ішінде де, шетелде де оқытылады. Ағымдағы жылы алғаш рет әрбір жаңа туған нәрестенің өмірін сақтауға бағытталған неонаталдық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты бекітілді.

Бағдарламаларды іске асыру мен тиімді саясаттың арқасында соңғы 10 жылдың ішінде ел сәбилер өлімінің көрсеткішін 63%-ға 13,6-дан 7,68-ге дейін, неонаталдық өлімді 50%-ға 1000 тірі туғандарға шаққанда 9,0-ден 4,5-ке дейін төмендетуге қол жеткізді және Орталық Азия елдерінің арасында ең төмен болып табылады.

Дене салмағы өте төмен балалардың өмір сүру деңгейі 12%-ға өсті, шала туған нәрестелердің өлімі жалпы алғанда 2%-ға төмендеді.

Сонымен қатар, ДДҰ Қазақстанның халықаралық міндеттемелердің - ТДМ индикаторларының жетістіктерін - 2030 жылға қарай ана, бала және неонаталдық өлімнің төмендегенін атап өтті.

Қол жеткізілген жетістіктерге қарамастан, медициналық қоғамдастық пен болашақ ата-аналардың басты міндеті - мерзімінен бұрын босану санын азайту.

Бұл, ең алдымен, жас қыздар мен жігіттердің денсаулығына жауапкершілікпен қарауына байланысты. Саламатты өмір салтын ұстану, профилактикалық тексерулерден уақтылы өту, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың  профилактикасы және контрацепция, темекі шегу, есірткі, алкоголь сияқты қауіп факторларынан бас тарту дені сау ұрпақтың кепілі болып табылады.

Одан әрі оң нәтижелерге қол жеткізу мақсатында Министрлік Қазақстан Республикасында ана мен бала денсаулығын сақтау қызметін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған "ӘРБІР ӘЙЕЛ – ӘРБІР БАЛА" тұжырымдамасының жобасын әзірледі, онда жүкті әйелдер мен балаларға медициналық көмекті одан әрі жетілдіруге бағытталған бірқатар шаралар көзделген.

Шала туған нәрестелер күнін мерекелеу шеңберінде өңірлерде ашық есік күндері, ата-аналарға арналған мектептер, бұрынғы пациенттермен, қоғамдық және қайырымдылық қорларымен кездесулер өткізіледі. Елордадағы ғимараттар халықаралық шала туған балалар күнінің түсі болып табылатын күлгін түске боялады. Ең үлкен  Нью Йорк, Стамбул қалаларында ғимараттар күлгін түске боялған, ал күлгін Ниагара сарқырамасы Жер шарының түкпір-түкпірінен шала туған нәрестелер проблемасына назар аудартады.

2023 жылғы 17 қарашада Қазақстанның неонатологтар конгресі "28 ілмек клубы" ҚҚ-мен бірлесіп Қорғалжын тас жолы, 23 мекенжайы бойынша Халықаралық шала туған балалар күніне арналған "Екі промилле" фотокөрмесін өткізеді.

Көптеген әйгілі адамдар шала туғанын, бірақ кейіннен  әлемге әйгілі данышпан болғанын, олардың арасында Наполеон Бонапарт, Исаак Ньютон, Альберт Энштейн және т.б. бар екенін естеріңізге сала кетейік, бұл шала туған балалары бар отбасыларымызға үміт пен күш беруі тиіс.

EL.KZ
Бөлісу: