2025 жылдың 1 қазанына дейін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) жұмысынан айырылған 285,2 мың азаматқа әлеуметтік төлем тағайындады. Биылдың өзінде алғаш рет 240,5 мың адамға осындай көмек көрсетілген. Жалпы төлем көлемі – 95 миллиард теңге, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Төлем қалай және кімге беріледі
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған азаматтар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі мен соңғы екі жылдағы табысына қарай 1 айдан 6 айға дейін әлеуметтік төлем ала алады. Төлем мөлшері жоғалған табыстың 45%-ына дейін жетеді және ол МӘСҚ қаржысы есебінен жүргізіледі.
Төлем алу үшін не істеу керек
Жұмыстан айырылған адамға мына қадамдарды орындау қажет:
eGov.kz порталына кіріп, авторизациядан өту;
«Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінен «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;
Онлайн өтінім толтырып, электрондық қолтаңбамен (ЭЦҚ) растау;
Бір күн ішінде тұрғылықты жердегі мансап орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады;
Егер лайықты жұмыс табылмаса, үш жұмыс күні ішінде азаматқа жұмыссыз мәртебесі беріледі. Қажет болған жағдайда орталық мамандары қосымша ақпарат сұрай алады.
Бұл қызметті Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да рәсімдеуге болады.
Процесс автоматтандырылған
Жұмыссыз ретінде тіркелгеннен кейін министрліктің ақпараттық жүйесі азаматтың ұялы телефонына МӘСҚ төлемін рәсімдеу туралы SMS-хабарлама жібереді. Азамат келісімін SMS арқылы растаған жағдайда, төлем автоматты түрде тағайындалады.
Маңызды ескерту:
МӘСҚ төлемдері жұмыстан шығу себебіне қарамастан төленеді және азаматтың жаңа жұмыс іздеу кезеңінде қаржылай қолдау көрсетуге бағытталған.