Елімізде жобалар мен құрылыс жоспарланған уақытта аяқталмайды - депутат

20 Маусым 2023, 17:01 859

Инвестициялық жобаларды іске асыру мерзімдерін бұзу жүйелі түрде орын алуда. Бұл туралы депутат Ұласбек Сәдібеков айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

2022 жылы бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жергілікті атқарушы органдарға республикалық бюджеттен триллионнан астам теңге бөлінді, оның 64%-ы Ұлттық қордан қаржыландырылды. 62,7 млрд теңге игерілмей қалды, оның ішінде толық пайдалануға жатпайтын 44,3 млрд теңге Ұлттық қордың қаражаты, - дейді депутат Ұласбек Сәдібеков.

Одан кейін құрылыстың нормативтік мерзімдері сақталмайды. Жобалау-сметалық құжаттаманың сапасыз әзірленуі, оны іске асыру барысында жобалық шешімдердің өзгеруі объектілердің уақытша тоқтатылуына және қымбаттауына алып келеді, осылайша оларды іске асыру мерзімі созылып кетеді.

2022 жылы мердігерлердің шарттық міндеттемелерді орындамауы себебінен 18,1 млрд теңге игерілмей қалды.

Мысалы, Қарағанды қаласында құны 6,1 млрд теңгені құрайтын
200 төсектік облыстық көпбейінді балалар ауруханасының құрылысы
2013 жылы басталған. Мердігерге қойылған талаптарға байланысты жұмыс 4 жылға
(2017-2020 жылдар) тоқтатылды. Нәтижесінде орындалған және орындалмай қалған жұмыстардың құны 2 еседен астамға өсе отырып, 12,5 млрд теңгені құрады, - деді депутат.

Тағы бір айқын мысал ретінде Астана қаласындағы сапасыз жоспарланған 3-ші Жылу электр орталығының құрылысын атады.

Жобаны 65 айда (5,4 жыл) іске асыру жоспарланған болатын. Құрылысы 2010 жылы басталған объект ағымдағы жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша әлі аяқталмай отыр, сөйтіп, жобаның құны 35 млрд теңгеге (86,8 млрд теңгеден 122 млрд теңгеге дейін) ұлғайды, - дейді ол.

Депутаттың айтуынша, республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджет қаражатының тек игерілуін ғана бақылау практикасынан алшақтап, жергілікті атқарушы органдардың жобаларды іске асыруын бақылау мен мониторингтеуді күшейтуге баса назар аударуы қажет.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: