22.02.2026
12:20
1615
Елімізде жасанды интеллектіні мемлектетік қызметкерлер қалай меңгереді

Елімізде жасанды интеллектіні мемлектетік қызметкерлер қалай меңгереді

Елімізде биыл жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған ауқымды бастама қолға алынды. Еліміздің барлық ауылдық елді мекендері, аудандары мен өңірлерін қамтитын бағдарлама шеңберінде әкімдік қызметкерлерін заманауи цифрлық құралдар мен жасанды интеллект технологияларын қолдануға оқыту басталды.

Бұл қадам мемлекеттік қызмет сапасын арттырып, шешім қабылдау үдерісін деректерге негіздеу мақсатын көздейді. 20 ақпанда Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі вице-министрі Д.А. Мун YouTube платформасында тікелей эфир өткізді. Онлайн кездесу барысында жергілікті атқарушы органдар жұмысында жасанды интеллектіні қолданудың нақты мысалдары көрсетіліп, деректерді талдау, болжам жасау және басқарушылық шешімдерді дайындаудың тиімді тәсілдері таныстырылды.

Алғашқы таныстыру сабағына еліміздің барлық өңірлерінен 2 мыңнан астам мемлекеттік қызметші қатысқан. Бұл цифрлық құзыреттерді дамытуға және жасанды интеллект құралдарын күнделікті қызметте пайдалануға деген жоғары қызығушылықты аңғартады. Сарапшылардың айтуынша, мұндай кең ауқымды қатысу мемлекеттік аппараттың жаңа технологияларға бейімделуге дайын екенін көрсетеді.

Бағдарлама аясында әкімдік қызметкерлеріне ЖИ-дің ұлттық платформасына қолжетімділік берілді. Бұл өңірлерде интеллектуалды шешімдерді кезең-кезеңімен енгізуге, аналитикалық модельдер құруға және деректерге негізделген басқару мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді талдау жеделдеп, нақты проблемаларды шешу тетіктері жетілдіріледі.

Тікелей эфир барысында бірқатар негізгі цифрлық жүйелер таныстырылды. Атап айтқанда, Smart Data Ukimet – басқарушылық шешімдерді талдау және қолдау құралы ретінде ұсынылды. Сонымен қатар Жасанды интеллектінің ұлттық платформасы – ЖИ шешімдерін әзірлеу мен енгізуге арналған инфрақұрылым ретінде сипатталды. Ал smart-city.govarch.kz порталы қалалық инфрақұрылымды цифрлық басқарудың тиімді тетігі ретінде көрсетілді.

Жақын уақытта өңірлік мемлекеттік қызметшілерге арналған арнайы оқыту курсы іске қосылады. Бағдарлама жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларын дамытуға, аналитикалық дашбордтарды қолдануға, Smart City шешімдерін енгізуге, киберқауіпсіздік талаптарын сақтауға және ішкі процестерді жетілдіруге бағытталады.

Мамандардың пікірінше, Цифрландыру және жасанды интеллект жылы – технологияларды тек таныстыру кезеңі емес, оларды нақты нәтижеге бағыттап, мемлекеттік басқарудың күнделікті тәжірибесіне енгізу кезеңі. Жаңа бастама өңірлердегі басқару тиімділігін арттырып, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге негіз болмақ.