Елімізде жаңа Қала құрылысы кодексі әзірленеді

23 Ақпан 2023, 00:35 1343

Құзырлы министрлік отандық құрылыс компанияларымен жиын өткізді

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жаңа Қала құрылысы кодексін әзірлейді, деп хабарлайды El.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінде отандық құрылыс компанияларының қатысуымен кодексті әзірлеу мәселелеріне арналған кеңес өтті.

Аталған іс-шараға BI Group, Orda Invest, G-Park, SAT-NS және Nur Astana Kurylys компанияларының басшылары мен Қазақстан құрылысшылар одағының өкілдері жиналды.

Құрылыс және ТКШ істері комитетінің төрағасы Тимур Қарағойшин қатысушыларға қала құрылысы және онымен байланысты қатынастарды реттейтін жаңа нормативтік құқықтық актіні құру жөніндегі жұмысқа қатысты өзекті ақпаратты жеткізді.

Комитет басшысының айтуынша, бұл бағытта ведомствомен арнайы жұмыс тобы құрылып, оның құрамына «ҚазҚСҒЗИ» АҚ, «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ және «ҚазЖолҒЗИ» АҚ мен «Атамекен» ҰКП, сондай-ақ еліміздегі бизнес қауымдастықтардың өкілдері кірді. Бұдан басқа осы заң жобасын іске асыру жөніндегі жол картасы бекітілгенін айта кетейік.

Қазір жұмыс тобы салалық заңнамаға, құқықтық мониторинг пен халықаралық тәжірибенің тиімділігіне талдау жүргізіп, сондай-ақ жаңа кодекс жобасының құрылымдық тұжырымдамасын дайындады.

Сондай-ақ аталған реформа мен ілеспе заңға реттеуші саясаттың консультативті құжатының жобалары әзірленіп, оған Әділет әрі Ақпарат және қоғамдық даму министрліктері оң баға берді. Тиісті қорытындыны қоғамдық талқылаудан өткізу үшін ол Нормативтік-құқықтық актілердің ашық деректер порталына орналастырылды.

Отандық бизнес қауымдастықтың ірі өкілдерімен болатын кездесулерден кейін Қала құрылысы кодексі жобасының бірінші нұсқасы әзірленеді деп көзделген.

EL.KZ
Бөлісу: