Қазақстанда Бірыңғай цифрлық экожүйе немесе басқаша айтқанда, жұмыспен қамту саласындағы онлайн қызметтер супермаркеті құрылатын болады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды El.kz.
Электрондық еңбек биржасы (ЭЕБ) базасында ашылып жатқан онлайн қызметтер супермаркеті азаматтарды мамандық таңдаудан бастап еңбек қатынастарын ресімдеуге дейін қолдау білдіреді.
Бүгінгі таңда ЭЕБ базасында жұмыспен қамту саласындағы болашақ супермаркеттің 6 негізгі құрамдас бөлігінің бесеуі іске асырылды.
ЭЕБ негізгі элементі – бұл жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай цифрлық алаң Enbek.kz. Онда 205 жұмыспен қамту орталығының, 44 жеке жұмыспен қамту агенттігінің және 5 онлайн жұмыспен қамту алаңының вакансиялары шоғырланған. Бұл алаңда азаматтар бағыттар, кәсіптер және дағдылар бойынша лайықты бос жұмыс орындарын, ал жұмыс берушілер – олардың талаптарына сәйкес келетін қызметкерлерді іздей алады.Бұл ретте Армения, Беларусь, Қырғызстан мен Ресейдің ұлттық ақпараттық жүйелеріне қолжетімділігі бар «Шекарасыз жұмыс» бірыңғай іздеу жүйесінің арқасында тек Қазақстанда ғана емес, Еуразия экономикалық одақ елдерінде де жұмыс табуға болады.
Сондай-ақ ЭЕБ базасында халық үшін қажетті дағдылар бойынша Skills Enbek –маркетплейс курстарының онлайн оқыту платформасы жұмыс істейді. Оқыту барлық ниет білдірушілер үшін қазақ және орыс тілдерінде өткізіледі. Бүгінгі таңда 150-ден астам курс орналастырылған, олардың 103-і – тегін. Бұл ретте 124 мыңға жуық адам белгілі бір курстан өтіп, тиісті дағдыларды игеру туралы сертификат алды.
«Жұмыспен қамтудың цифрлық инфрақұрылымындағы тағы бір жаңалық HR Enbek платформасы – жалдамалы жұмысшылардың еңбек жолын цифрлық есепке алу алаңы болды. Бүгінде платформаны 272 мыңға жуық жұмыс беруші пайдаланады. Бұл елдегі барлық жалдамалы қызметкерлердің 63% қамтиды», – деді«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті Дәулет Арғындықов.
Порталдың көмегімен электронды еңбек шарттарын жасау мүмкіндігі бар, осылайша қызметкерлер автоматты түрде электронды еңбек кітапшасын да толтыра алады. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияның арқасында басы артық құжаттар мен анықтамаларды жинамастан жұмыскерлердің жеке істерін автоматты түрде қалыптастыруға болады.
Платформа бизнеске электронды кадрлық іс жүргізуді тиімді жүргізуге, қызметкерлерді жалдау кезінде шығындар мен деректерді бұрмалау тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жұмыс берушілер үшін еңбек заңнамасының талаптарын сақтауға анонимді өзін-өзі диагностикалау сервисі іске қосылды.
Сондай-ақ, жұмыспен қамтудың цифрлық экожүйесінің маңызды элементі Business Enbek платформасы болып табылады. Ол бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар алудың: өтініш беруден бастап гранттың өзін алуға дейінгі барлық процестерін толық автоматтандыру үшін іске асырылған. Барлық құжаттама электрондық форматта ресімделеді. Қазіргі уақытта 12 мыңнан астам өтінім мақұлданды. Жыл соңына дейін барлығы 20 мың грант беру жоспарланып отыр.
Келесі жылы тағы бір маңызды элемент – мамандықтар бойынша цифрлық жол сілтегішті іске қосу жоспарлануда. Ол еңбек нарығындағы барлық мамандықтар туралы ақпарат жиынтығының бір түрі болады. Әрбір ізденуші белгілі бір маманның не істейтінін, ол үшін қандай білім қажет екенін, орташа жалақы мөлшерін, еңбек нарығындағы осындай кадрларға деген қажеттілік туралы біле алады. Бұл мамандық пен одан әрі мансап таңдау алдында тұрғандарға көмектеседі.