Елімізде ветеринария мамандары тапшы

13 Наурыз 2023, 16:38 1051

«Қазақстанда ветеринария саласын реформалау»  тақырыбында өткен дөңгелек үстелде осы проблема айтылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Бұл туралы С. Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің Ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы факультетінің деканы, ветеринария ғылымдарының докторы Сәрсенбай Абдрахманов мәлімдеді.

«Ветеринар мамандары бұрыннан келе жатқан мәселе және бір күнде шешілмейді. Мемлекет тарапынан президент осы салаға байланысты кемшіліктерді көрсетті. Сол кезден бастап, қозғалыс басталды. Біріншіден қазіргі кезде ауылдық аймақтардың жағдайын білесіздер. Инфраструктура жоқ, жастар ауылға аса бармайды. Бұл мәселеде негізі өкілетті орган  әкімшілік. Сондықтан әкімшілік аталған проблеманы шешу үшін жастарды жұмысқа тартуы керек», деді ол.

Сәрсенбай Қадырұлы аталған мамандыққа қызығатындай жағдай жасап, ең алдымен  ветеринария саласы мамандарын көлік, үй және жоғары жалақымен қамтамасыз ету керектігін айтты.

Ол  ветеринариялық қызмет тек мемлекеттік қызмет еместігін мәлімдеді. Бұл салада бүгінде жеке меншік қызметтер де жоқ емес.

«Ветеринария мамандарында төмен немесе жоғары айлық деген түсінік жоқ. Ол мал дәрігерінің квалификациясына және қабілетіне тікелей байланысты. Бүгінде айлығы өте жоғары мал дәрігерлері жоқ емес», деді ветеринария ғылымдарының докторы.

Осыған дейін ветеринария саласы мамандарының жалақысының арту мүмкіндігі туралы хабарлаған болатынбыз.

Акжан Ибрагимова
Бөлісу: