Елімізде үш айда 15 тонна есірткі тәркіленді

13 Тамыз, 17:50 475

Маусымның басында «Қарасора» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кең ауқымды операцияның негізгі мақсаты – құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсірумен, сақтаумен және тасымалдаумен айналысатын адамдарды анықтау.

Тамыз-қыркүйек айларында есірткіні заңсыз жинау және дайындау ықтималдығы артады. Себебі бұл кезде есірткі өсімдіктері өсіп жетіледі. Сондықтан операцияның ең белсенді кезеңі басталды. Жедел топтар осындай өсімдіктер өсірілетін аймақтарға мониторинг жүргізіп, арнайы рейдтік іс-шаралар өткізеді, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті.

Жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында тікұшақ техникасы, пилотсыз ұшу аппараттары қолданылып, «Бүркіт» жауынгерлері жұмылдырылады. Әуе арқылы барлау жүргізіледі.

Алматы және Жетісу облыстарының аумағында 20 реттен астам тікұшақ арқылы барлау жүргізілді. Сондай-ақ Түркістан, Қызылорда, Ұлытау облыстарының аумақтары да әуе арқылы тексерілді. Ұшу нәтижесінде жалпы салмағы 1,2 тонна болатын 9 мыңнан астам қарасора бұтасы және салмағы 250 кг көкнәр өсімдігінің 4 мыңға жуық бұтасы тәркіленді. Қылмыс орнында 14 есірткі дайындаушы ұсталды, оның ішінде біреуі іздеуде жүрген.

Операция барысында 450 есірткі қылмысы анықталды. Оның ішінде: 106 өткізу фактісі, 77 аса ірі мөлшерде сақтау фактісі, 43 контрабанда және құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсірудің 102 фактісі. Тек «Қарасора – 2024» операциясы кезінде заңсыз айналымнан 15 тоннадан астам есірткі тәркіленді. Оның ішінде 1,3 тонна марихуана мен 29 кг гашиш бар.

Алматы облысы Балқаш көлі маңында 7 есірткі дайындаушыдан тұратын адамдар тобы ұсталды. Оларда 5 мыңнан астам қарасора бұтасы бар ірі есірткі плантациясы табылды. Негізгі күдікті құрамында есірткі бар өсімдіктерді егуге ұзақ дайындалғанын айтып, қылмысын мойындады. Көздегеніне жету үшін ол өз үйін сатып, түскен қаражатқа қажетті жабдықтар мен өсімдік тұқымдарын сатып алған. Бұл үшін ол 10 млн теңгеден астам ақша жұмсаған. Сондай-ақ маусымдық жұмысқа сыбайластарын шақырған.

Қазіргі уақытта күдіктілер қамауға алынды. Олар 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: