Елімізде «Ұлы дала жорығы» басталады

5 Қыркүйек 2023, 22:15 834

«Ұлы Дала Жорығының» жалпы қашықтығы 1300 шақырымды құрайды және 14 кезеңге бөлінеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Марафонның бірінші және соңғы кезеңі 50 шақырымды құрайды. Қалған 12 кезеңде сәйгүлік пен шабандоз күніне 100 шақырымдық жолды еңсеріп отырады. Бұл қашықтық 50 шақырымдық (бақылау нүктесі) екі арнайы бөлімге бөлінеді.

Әр кезең 50 және 100 шақырымдық межеге жеткенде ветеринарлық бақылау ұйымдастырылады. 

«Ұлы дала жорығы» – Қазақстан аумағында өткізілетін, ал жалпы қашықтығы 1300 шақырымды құрайтын әлемдегі тұңғыш ат марафоны. Марафон Қазақстанның бос жатқан ен даласында, шөлейт жерлерінде, яғни ауа-райының күрт құбылуы жиі орын алатын климаттық аймақтарында, температура айырмашылығының табиғи жағдайында өткізіледі.

«Ұлы Дала Жорығы» – көшпенділердің шынайы болмысын, озық мәдениетін, тамыры терең құндылығын әйгілейді. Ат жалында жаратқан асқақ өркениетін насихаттайды.
Қазақ даласында жылқы алғаш болып қолға үйретілді. Оған Ботай, Берел қорымдарынан табылған археологиялық қазба жұмыстары дәлел. Жылқыны қолға үйреткен көшпенділер әлем өркениетіне теңдесіз үлес қоса алды.

1300 шақырымдық жорыққа жылқының қазанаты, жігіттің азаматы ғана шыдамақ. Бұл жорық – төзімділіктің, жансебілдіктің, биік рухтың байрағына айналмақ.

Ғылымнұр Кәдірбай
Бөлісу: