Елімізде уақытынан кешіктірілген 9 мектеп құрылысы аяқталды

24 Қаңтар, 12:48 804

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өңірлердегі жемқорлық тәуекелдерінің карталарын іске асыру шеңберінде құрылысы тым кешіктірілген 156 әлеуметтік нысанды сүйемелдеуге алды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Арман Тілеукенов мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аумақтық департаменттеріміз жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп бұзушылықтарды жою және олардың құрылысын аяқтау жөнінде шараларды қабылдау жоспарларын әзірледі. Жымқыруға жол бермеу мақсатында кешенді алдын алу шаралары қолданылады, қажет болған жағдайда аудиторлық тексерулер тағайындалып, олардың негізінде тиісті процестік шешім қабылданады, – деді ол.

Арман Тілеукеновтің айтуынша, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы аясында проблемалық объектілердің құрылысы барысына қоғамдық мониторингтер жүргізіліп жатыр.

Өздеріңіз білетіндей, әлі де жекелеген аймақтардың мектептерінде оқушы орындары жетіспейді, балалар лық толы сыныптарда оқиды. Осыны ескере отырып, құрылысы аяқталмаған мектептер сүйемелдеуге алынды. Жүргізілген жұмыстың нәтижелері бойынша 9 мектептің құрылысы аяқталды, – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі.

Жоғарыда аталған мектептердің құрылысы Алға ауданы Маржанбұлақ ауылында және Ақтөбе облысы Шалқар қаласында, Батыс Қазақстан облысы Шалғын және Казталов ауылдарында, Қазалы ауданы Әйтеке би және Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Жаңақорған кентінде, Түркістан облысы Жетісай қаласында, сондай-ақ Астана қаласының Байқоңыр және ескі вокзал аудандарындағы екі мектепте жүргізілді.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: