Елімізде тұщы су қорын барлау мен оның көлемін арттыру жұмыстары зерттеледі

5 Ақпан, 21:55 663

Су ресурстары мәселелері жөніндегі ғылыми және білім беру ұйымдарының консорциумы тұщы су қорын барлау мен оның көлемін арттыруды зерттемек. Осы орайда су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек су мәселелері бойынша бірлескен кеңес өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кездесуге жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері де қатысты. Елімізде су ресурстары саласындағы жетекші ғылыми және білім беру ұйымдарының консорциумы құрылды. Консорциум жұмысының басым бағыттарының бірі - тұщы су қорын іздеу және оның көлемін арттыру болып отыр. 

Жиында ғылыми және білім беру ұйымдардың өкілдері консорциум шеңберінде жүргізіліп жатқан жұмыс туралы айтып берді. Бұл мұздықтарды зерттеу, тұщы су қорын және жерасты суларын барлауды көздейді. Баяндамаларды тыңдағаннан кейін Нұржан Нұржігітов консорциум қатысушыларына су ресурстарын зерттеу мәселесінде Ұлттық гидрогеологиялық қызметпен және Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу институтымен күш біріктіруді ұсынды.

Біріншіден, бюрократиясыз жедел ақпарат алмасуды ұйымдастыру қажет. Туындаған мәселелерді шешу үшін бізге нақты деректер қажет. Екіншіден, білікті кадрларды даярлауға уақыт керек, сондықтан бейінді оқу орнын құру мәселесі әлі де өзекті және біз сіздің қолдауыңызға үміттенеміз. Үшіншіден, ғылыми тәсілді қолдана отырып, еліміздің барлық өңірін бір деңгейде сумен қамтамасыз ету қажет, - деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі.

Сондай-ақ, министр консорциумға кіретін жоғары оқу орындарына су саласы мамандықтарының студенттері еліміздегі министрліктің ведомстволық бағынысты ұйымдарында тәжірибеден өтуі үшін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюды ұсынды.

Өз кезегінде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Су дипломатиясы» атты жаңа білім беру бағдарламасын әзірлегенін мәлімдеді. 

Перизат Саденова
Бөлісу: