Елімізде тұңыш рет боччадан Қазақстан кубогы өтіп жатыр

8 Желтоқсан 2023, 17:18 1447

Астанада Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт сарайында боччадан Қазақстан кубогы өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үш күнге жалғасатын жарысқа тірек-қимыл аппаратында ақауы бар спортшылар қатысуда. Ал турнирдің ашылу салтанатына федерация президенті, Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев қатысып, аталған спорттың дамуына еліміз ерекше ден қойғанын алға тартты.

Әшімбаев бұл іс-шара ел тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылып жатқанына тоқталды.

Бұл жарысқа еліміздің он өңірінен 64 спортшы қатысуда. Қатысушылар арасында ұлттық құрамада өнер көрсететін тәжірибелі боччашылар да, бұл спорттағы қадамын жақында ғана бастаған спортшылар да бар. Боччаның елімізде дами бастағанына көп уақыт өткен жоқ. Сөйте тұра өткен жылы біраз жетістікке жеттік. Ал биыл федерациямыз халықаралық федерация мүшесі атанды. Сонымен қатар осы жылы спортшыларымыз алғаш рет халықаралық сайыстарға қатысты. Оның ішінде Азия пара ойындарында бақ сынап, Қазақстан құрамасы командалық есепте 8-орынға жайғасты. Бірнеше жылдық қана тарихи бар федерациямыз бен спортшыларымыз үшін бұл үлкен жетістік деп айта аламын, - деді Әшімбаев.

Естеріңізде болса, Ханчжоуда өткен IV Азия пара ойындарына еліміздің боччашылары сапында Мейірбек Оразбек, Қуаныш Асқарбеков, Итиана Шыңғысханова және Темірлан Алтынсары бақ сынады. Барлық спортшымыз классификациядан сәтті өтіп, оларға халықаралық санат берілді. Қазақстан құрамасы Иран, Корея, Гонконг, Таиланд, Жапония және тағы басқа елдердің атлеттерімен қатар сынға түскен болатын.


©El.kz/Мадина АСЫЛБЕК

Ал Ермек Маржықпаев өз кезегінде министрлік тарапынан атқарылып жатқан жұмысы туралы сөз етті. Ведомство басшысының сөзіне қарағанда, лайықты қолдаудың арқасында бүгінде ұлттық құрама сапына 13 спортшы іліккен.

Бұл – балалар мен жастар арасында спортты насихаттайтын еліміздегі бірегей жоба. Ел спортының ертеңін еселеу, санасы сергек, бойы шымыр ұрпақ тәрбиелеу әрбіріміздің міндетіміз. Министрлік еліміздегі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың спортпен шұғылдануы үшін қолайлы жағдай жасап келеді. Боччаның танымалдылығы артып, қатысушылар саны да ұлғайып жатқаны қуантады. Қазақстанның 17 өңірінде 200-ден астам адам спорттың осы түрімен шұғылданады. Өткен жылдан бері боччаны Дене мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығында дамытуды қолға алдық. Тиісінше олардың барлығына қаржылық қолдау көрсетіледі. Бүгінде ұлттық құрама сапында 13 адам бар, - деді министр.

Ал федерацияның бас хатшысы Нұргүл Ұлжекова бүгінде боччадан сайыстар мектеп қабырғаларында да өтетінін алға тартып, оның дамуына демеушілер де атсалысса деген ойын жеткізді. 

Көп оқушылар дене шынықтыруға қатыспайды. Ал бочча – барлық адамға ыңғайлы спорт. Сондықтан боччаны балалар арасында дамытып, сол арқылы жоғары спорт деңгейін көтермекпіз. Қазақстан кубогының жеңімпаздары ұлттық құрама сапына енеді. Келесі жылы «Спорт қорының» қолдауымен боччашыларымызды бірқатар халықаралық жарысқа қатыстырамыз деп жоспарлап отырмыз. Осы жерде айта кетерлігі, инклюзивті спортты дамытуға мемлекет қана емес, демеушілер де қолдау көрсетсе дейсің, - деді Ұлжекенова.

Айта кетерлігі, бочча – негізінен доп ойыны. Яғни тірек-қозғалыс аппаратының ең ауыр бұзылыстары бар балалар мен ересектерге өзін-өзі жетілдіруге мүмкіндік беретін бірнеше паралимпиадалық спорт түрлерінің бірі. Елімізде бочча федерациясы 2021 жылы мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар мен «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қоры жаттықтырушыларының бастамасымен құрылған.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: