Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен бекітілген 40 донорлық ауруханаға 10 жыл ішінде 174 адам ғана донор болуға келісім берген. Оның ішінен 87 адамның ағзасы жарамды деп табылған. Ал елімізде 3 214 бүйрек, 177 бауыр, 153 жүрек, 17 өкпе және жүрек пен өкпеге бірдей мұқтаж 5 адам кезекте тұр.
2022 жылдың 11 мамырында Мемлекет басшысы «Адам ағзалары мен тіндерін трансплантациялау туралы» № ЗРУ-768 Заңына қол қойған болатын. Жиында дәрігерлердің жасаған баяндамаларынан кейін заңға тағы бірқатар жаңашылдық енгізілуі қажет деп танылды. Жиынға қатысқан таяу және алыс шетелдік мамандардың баяндамаларында көрсетілген тәжірибелермен ұштастыра отыра тармақтарын тағы бір қарастыру жоспарға қойылды.
Тағы бір өзекті деп танылған мәселе отандастарымыздың ағзасын беруге дайын еместігі. Медицина тұрғысында биологиялық өлім фактісі тіркелгенде (адамның миы өлген жағдайда) туыстары донорлыққа сараптама алуға рұқсат бермейді. Сондықтан да, дәрігерлер тұрғындармен ақпараттық жұмыс жүргізіп, донорлықтың барлық кезеңдерін заңнамалық деңгейде белгілеуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының трансплантация жөніндегі үйлестірушісі Сәуле Шайсұлтанова атап өтті.«Орган трансплантациясын қажет ететін азаматтар үшін өмірлік маңызды мәселелердің бірқатарына өзгертулер енгізу қажеттілігі туындап отыр. Мәжіліс өкілі ретінде мен дәрігерлерден заңнамамызда құқықтық нақтылықты талап ететін бірқатар тармақтарды естідім. Осы мәселе бойынша сараптамалық кездесу өтеді, біз халықаралық тәжірибені ескере отырып, соның негізінде қолданыстағы заңнаманы өзгертуге немесе толықтыруға кірісеміз. Дәрігерлер Қазақстанда трансплантация туралы жеке заң қажет екенін айтты. Бұл мәселе Мәжіліс қабырғасында назар аударуға тұрарлық, біз оны мұқият зерттейміз», - деп мәлімдеді Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов.
«Соңғы жылдық статитикасы бойынша 1600 адам донор болса, оның 1400-і тірі адам. Халық арасында дұрыс насихат жүргізілмей жатыр. Ми өлімі тіркелген жағдайда 1 пациент 5 адамның өмірін құтқара алады. Алайда сараптамалары сай келетін науқас табылмауы да мүмкін. Бірақ туыстары сараптама өткізуге де рұқсат бермей жатады. Сондықтан бұл мәселені заң жағынан қайта қарастыру қажет. Себебі жоғарыда келтірілген статистикамен біз дені сау адамдарды мүмкіндіктерінен айырып жатырмыз», дейді Сәуле Шайсұлтанова.
Ағза жетіспеушілігінен өмірден озып жатқандардың жартысынан көбі жастар мен орта жастағы жандар.