Елімізде төрт су қоймасы 100% толған

20 Сәуір, 20:11 1188

Ақмола облысында Астана және Сілеті су қоймалары 100%-ға толы. Екі нысан да штаттық кестеге сай жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, Солтүстік Қазақстан облысындағы 2 ірі су қоймасы 100%-ға толы, өңірде су тасқыны жалғасып жатыр. Сергеев су қоймасы бөгетінің жотасынан судың асу биіктігі 348 сантиметр.

Осы сағатқа Петропавл қаласы шегіндегі Есіл өзенінің деңгейі - 1284 см, бір тәулікте 28 см төмендеді.

Ақтөбе облысындағы екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 97%. Екі нысан да штаттық кестеге сай жұмыс істеп жатыр. Өңірдегі жағдай тұрақты.

Шығыс Қазақстан облысындағы екі ірі су қоймасы бойынша орташа су жинау көрсеткіші 81%.

Абай облысында Шүлбі су қоймасы 67%-ға толды. Өңірде су тасқыны жалғасуда. Шүлбі су қоймасына бүйірлік ағындардың ұлғаюына байланысты табиғатты қорғау мақсатында су жіберіліп жатыр. Ертіс каскадының су қоймалары штаттық кестеге сай жұмыс істеп жатыр.

Батыс Қазақстан облысындағы төрт ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 85%. Олардың барлығы штаттық режимде жұмыс істейді. Ресеймен шекарада Жайық өзенінің деңгейі 899 см.

Қарағанды облысындағы 3 ірі су қоймасы 98%-ға толы. Жағдай тұрақты.

Қостанай облысында екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 92%. Екі нысан да штаттық кестеге сай жұмыс істеп жатыр.

Нысандарда тәулік бойы кезекшілік жалғасады, сағат сайын су шаруашылығы жағдайына мониторинг жүргізіледі.

Зарина Арман
Бөлісу: