Елімізде тіркелмеген көліктер жол ережесін жиі бұзады

6 Қазан 2022, 10:27 2036

Жолдаудан ұққанымыз армян, орыс, қырғыз және басқа да шетелдік нөмір таққан көліктерді ресми түрде тіркеуге мүмкіндік берілмек.

 

Бүгінгі таңда елімізге сырттан келген көліктерді тіркеу мәселесі талай жүргізушінің бас ауруына айналып тұр. Себебі, утилизациялық алым мен алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы тым қымбат. Ресми деректерге сүйенсек, ішкі нарықта жүрген жеңіл көліктердің жартысынан астамының тозығы жеткен.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың 1-ші қыркүйегіндегі Жолдауында «Заңсыз көлік әкелетін амал-тәсілдің бәріне тосқауыл қою үшін батыл шаралар қабылдау қажет. Ал, биылғы 1 қыркүйекке дейін елге әкелінген автокөліктерге қатысты ахуалды реттеу керек. Оларды заңдастыру мақсатында утилизация және алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы көлемін 200-250 мың теңгеден асырмай, бәріне бірдей және бір реттік алым алуды ұсынамын», деген болатын. Орынды-ақ.

Алайда Мемлекет басшысының жариялаған науқанның нақты талап-тәртібі әзірге белгісіз. Дегенмен, осы Жолдаудан ұққанымыз армян, орыс, қырғыз және басқа да шетелдік нөмір таққан көліктерді ресми түрде тіркеуге мүмкіндік берілмек. Рас, бұған дейін мемлекеттік алымдар тым қымбат болды. Сондықтан да жүргізугілер өз көліктерін тіркеуге асықпайтын. Енді Жолдаудан кейін шетелден көлік кіргізген мыңдаған адамның мәселесін шешу үшін бір реттік шара қолға алынбақ.

Соңғы жылдары Қазақстан нарығын көрші елдердің көліктері толтырғаны жасырын емес. Басым көпшілігі утиль алым мен алғашқы тіркеудің қымбаттығынан құжаттарын заңдастырмады. Ресми емес деректерге сүйенсек, соңғы үш жылда елімізге сырттан 120 мыңнан астам көлік кіргізілген. Олардың бәрі тіркеуден өтпегені анық. Президент бұл заңсыздыққа енді жол бермеу керектігін айтып отыр. Яғни, осы жылдың бірінші қыркүйегіне дейін елге әкелінген көліктерді қолжетімді бағамен тіркеуге мүмкіндік берілмек.

«Қазақстанда бүгінгі күнге дейін шетелдік нөмірі бар көліктердің қозғалысына тиым салған жоқ. Ең бастысы жол жүру ережелерін бұзбаса болғаны. Үстіміздегі жылдың өткен тоғыз айында 10 мың жол-көлік оқиғасы тіркелсе, соның 1200-і шетелдік нөмірі бар көліктерге тиісілі. Осыдан 10 жыл бұрын Қазақстанда екі жарым миллион автокөлік болса, қазір оның саны 5 миллионнан асты. Президент Жолдауында айтылғандай іздеуде жүрген, яғни тарихы таза емес көліктер және бірінші қыркүйектен кейін Қазақстанға кіргізілген көліктер тіркеуге алынбайды», дейді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің аса маңызды істер жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Ақтоты Боранова.

Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Бауыржан Ахметқалиевтың айтуынша да, елімізде тіркелмеген көліктер жол ережесіне көп бағына бермейді екен.

«Өткен жылы Астана қаласының әкімшілік сотында жол-көлік оқиғаларына қатысты 22 мың 400 іс қаралды. Оны ішінде 87 іс шетелдің тіркеуінде тұрған көліктерге қатысты болды. Ал, биылғы тоғыз айда 18 мың 647 іс тіркелсе, соның 119-ы шетелдік нөмірі бар көліктерге тиісілі. Салыстырмалы түрде айтсақ, былтырға қарағанда биыл Қазақстанда тіркеуге тұрмаған көліктердің жол ережелерін бұзуы көбейген», дейді Бауыржан Ахметқалиев.

Жанат Жанұзақов

 

Жанат Жанұзақов
Бөлісу: