Д.Қонаев атындағы тау-кен ісі институты тау-кен саласын цифрландыруды қолға алды, деп хабарлайды El.kz Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап.
Тау-кен саласын цифрландыруға байланысты «Восход – Ariel» ЖШС-не қарасты кеніште автоматтандырылған жүйе енгізіліп, бұл қызметкерлер мен жылжымалы техниканы тиімді орналастыруға септігін тигізіп отыр.
Биыл Д. Қонаев атындағы тау-кен ісі институтының құрылғанына 78 жыл. Аталған ғылыми орталықтың қызметі ҚазКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің 1944 жылы 6 желтоқсандағы Қаулысы негізінде КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының құрамында жолға қойылғанын айта кетейік. 1993 жылы институт «Қазақстан Республикасының минералды шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығының» құрамына кірді. 1994 жылы 24 ақпанда институтқа Д.Қонаевтың есімі берілді.
Осы уақытқа дейін институт жер қойнауын ашық және жерасты тәсілдерімен игеруге арналған техника мен технологияны жетілдіруге, тау-кен және көмір кәсіпорындарында қауіпсіз және қолайлы еңбек жағдайларын жасауға, сондай-ақ минералды шикізатты ұтымды және кешенді пайдалану мен қоршаған ортаны қорғауға айтарлықтай үлес қосып келеді. Айталық, тау-кен саласына қажетті жылжымалы техниканы дайындағаны үшін ғылыми орталық Ленин сыйлығын иеленді.
Бұған қоса заманауи шешімдер мен технологияларға патенттер және авторлық куәліктер беріліп келеді. Осы ретте институт мыңнан астам авторлық куәлікті иеленіп, оның 29-ы шетелден алынғанын айта кету керек.
Бұдан бөлек мұнда білікті кадрларды даярлауға үлкен мән беріліп келеді. Атап айтқанда, институтта 58 докторлық және 473 кандидаттық диссертация дайындалып, қорғалды. Әр жылдары институттың 9 қызметкері Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі атанып, 5 қызметкері мүшелігіне қабылданды.
Сонымен қатар аталған институттың ұйытқы болуымен «Қостанай минералдары» АҚ, «ССКӨБ» АҚ, «Қазхром ТҰК» АҚ және «Қазақмыс корпорациясы» АҚ сынды еліміздегі ірі тау-кен кәсіпорындарында бірқатар халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілген.
Ғылыми орталықтың мамандары тау-кен саласында әлемдік деңгейдегі іс-шараға айналып, түрлі елдерде өткізіліп жүрген Дүниежүзілік тау-кен конгресінің халықаралық ұйымдастыру комитетінің мүшелері саналады. 2018 жылы бұл ауқымды жиын алғаш рет еліміздің астанасында ұйымдастырды.
Сондай-ақ институт мамандары машина құрастыру бағытында тау-кен саласына қажетті бірқатар серпінді әзірлеме дайындап шыққан. Оның ішінде үлкен диаметрлі ұңғымаларды қазуға арналған гидроимпульсті бұрғылау снаряды, гидрооқшаулағыш компрессор, булы-гидравликалық бір дөңгелекті турбина және электромагниттік балға бар.