Елімізде Су кодексі жаңадан әзірленуде

31 Тамыз 2022, 16:21 2746

Жобада баяндалған тұжырымдамалар бірқатар мәселелерді шешуге бағытталып отыр.

Бүгін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде әзірленіп жатқан жаңа Су кодексі аясында мемлекеттік қадағалау мен су қорын пайдаланудың негізгі мәселелері талқыланды, деп хабарлайды El.kz

«Әзірленіп жатқан Су кодексінің жобасында экономиканың барлық салаларында суды пайдаланудың негізі болып табылатын суды үнемдеу қағидаттарын бекіту ұсынылады. Сондай-ақ, сарқылудан және ластанудан су ресурстарын қорғау су ресурстарын басқарудың басты тәсілі болады», - деді Су ресурстары комитетінің Су қорын пайдалану және қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау басқармасының басшысы Марат Иманалиев.

Жобада баяндалған тұжырымдамалар бірқатар мәселелерді шешуге бағытталып отыр. Мәселен бұрын жүргізілген әртүрлі қайта құруларға байланысты су ресурстарын есепке алу, талдау, жағдайдың дамуын болжау, суды пайдалануды бақылау сияқты мәселелер басқару жүйесінен шығып, назардан тыс қалып отырған. Бұл экономикаға әсер етіп қана қоймай, суды тұтынудың дұрыс теңгерімін құруға мүмкіндік бермейді.

«Бұл проблеманы заңнамалық тұрғыда мемлекеттік органдардың су ресурстарын есепке алу және мониторингілеу жөніндегі құзыретін нақты айқындау жолымен, оның ішінде ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып шешу ұсынылады», - деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ жаңа Су кодексінде ғылыми-зерттеу орталығының өкілеттіктері және басқа да ғылыми мекемелердің қызметін үйлестіру көзделіп отыр.

Бұдан басқа, білім туралы Заңға мемлекеттік грант иегерлері үшін ауылдық квота бойынша міндетті 3 жылдық пысықтауға қатысты түзетулер, ал АӨК туралы заңға - ауылдық жерлерде жұмыс істеуге байланысты жеңілдіктер мен қолдау алуға құқығы бар адамдардың тізбесіне су шаруашылығы мамандарын қосуға арналған нормалар енгізілетін болады.

«Жаңа заңнама су ресурстарын қорғау мен пайдалануды мемлекеттік реттеудің тиімділігін арттыруға, сондай-ақ бірыңғай мемлекеттік су саясатын іске асырудың құқықтық негізі мен тетіктерін дамытуға әкелуі тиіс деп ойлаймыз», - деді қоғамдық талықлауда Су ресурстары комитетінің Су қорын пайдалану және қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау басқармасының басшысы Марат Иманалиев.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: