Үкіметте сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарларды сақтау мәселесі қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов кешенді тәсіл әзірлеуді және 2025 жылдың басынан Tabigat табиғи ресурстар платформасын іске қосуды тапсырды. Премьер-министрдің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздегі сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төніп тұрған жануарларды сақтау мәселесі қаралды.
Қазіргі таңда Қызыл кітапқа енген жануарлардың 220-дан астам түрі бар. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев 2005–2023 жылдар аралығында атқарылған жұмыстардың арқасында тоғай бұғыларының саны 350-ден 1 147 басқа дейін, құландар 1 112-ден 4 493-ке дейін, арқарлар 8 835-тен 20 316-ға дейін, қарақұйрықтар саны 12,5 мыңнан 15,4 мыңға дейін, сондай-ақ қар барысы, ақбөкендер мен жек-дуадақтар саны өскенін баяндады. Бүгінгі таңда Министрлік омыртқасыздардың 21 түрін алып тастау бойынша ұсыныстар енгізді.
Премьер-министр Олжас Бектенов сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген фаунаны сақтау бойынша нәтижелі жұмыс істеу үшін экожүйелер мен жануарлар түрлеріне мониторинг жүргізуді, қорғау мен бағалауды көздейтін кешенді тәсіл әзірлеуді тапсырды.
Жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғауда барлық кезеңде жаңа технологиялар мен ақпараттық жүйелерді енгізу шешуші фактор саналады. Мысалы, “Tabigat” табиғи ресурстарының интерактивті картасы қоршаған ортаның қазіргі жай-күйі, орман және су ресурстары, жануарлар дүниесі мен балық шаруашылығы туралы қажетті ақпаратты қамтиды.
Ақпаратты еркін алуға болатын бұл жүйе экологиялық және басқа да заңсыздықтарды барлық азаматтардың сол сәтте анықтап, тиісті билік органдарына хабарлауына мүмкіндік береді, - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр аталған платформаны 2025 жылдың басынан іске қосуды тапсырды. Бүгінгі таңда бұл жүйе пилоттық режимде жұмыс істеуде.