09.08.2024
19:11
675
Елімізде шілде айында тұрғын үй нарығындағы баға қалай өзгерді

Елімізде шілде айында тұрғын үй нарығындағы баға қалай өзгерді

Бір жылда (2024 жылғы шілде 2023 жылғы шілдеге) пәтерлерді қайта сату бағалары 3,2%, жаңа тұрғын үйлерді сату 2,4% өсті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда 2024 жылғы шілдеде 5,2% жоғарылады.

Өңірлер бөлінісінде жаңа пәтерлер нарығында жылдық мәнде баға Ақтөбе – 7,5%, Талдықорған 7,2%, Қызылорда қалаларында 7,1% қымбаттады. Қолданыстағы пәтер нарығы бағасының өсімі бойынша Атырау (16,9%), Астана қалалары көш бастап тұр (8,9%), тұрғын үйді жалға алу нарығында – Талдықорған (28,1%), Жезқазған (23,6%), Петропавл (21,8%) мен Атырау қалалары (21%).

Бір айдың ішінде (2024 жылғы шілде 2024 жылғы маусымға) пәтерлерді қайта сату 0,4%, жаңа тұрғын үйді сату 0,1% өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі маусыммен салыстырғанда шілдеде 1,8% жоғарылады.

2024 жылғы шілде айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 40 099 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлер бойынша 9 126 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 30 973 мәміле жасалды. 2024 жылдың маусымымен салыстырғанда (32 943) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 21,7%-ға өсті. Мәмілелер саны бойынша Алматы (7 091 – 17,7%) және Астана (6 843 – 17,1%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (3 208 – 8%) көш бастап тұр. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз – 457 мәміле (1,1%).

2024 жылдың шілдесінде мәмілелер өсімі, Батыс Қазақстан облысын қоспағанда, еліміздің барлық аймағында байқалды, онда мәмілелер саны 5%-ға азайған. Ең көп өсім Астана (+42,2%) қаласында, Алматы (+33,8%) және Ұлытау (+33,6%) облыстарында тіркелді.

2024 жылдың маусымымен салыстырғанда, көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелерінің саны 24,5%-ға (6 088 мәмілеге) көбейді. 2024 жылдың шілде айында пәтерлер бойынша барлығы 30 973 мәміле жасалды, бұл мәмілелердің жалпы санының 77,2%-ы. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Астана (21,6%), Алматы (21,2%) қалаларына және Қарағанды облысына (8,8%) тиесілі. Бөлмелер саны бойынша 1 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым болды, олар бойынша 11 871 мәміле ресімделген.

2024 жылдың маусым айымен салыстырғанда, 2024 жылдың шілдесінде жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны 13,3%-ға немесе 1 068 мәмілеге артты. Шілдеде барлығы 9 126 мәміле тіркелген. Ең жоғарғы өсім Алматы (+31,1%) қаласында, Ұлытау (+31%) және Ақмола (+27,4%) облыстарында байқалды. Бір айдағы төмендеу тек Ақтөбе (-11,3%), Шығыс Қазақстан (-1,3%) және Атырау (-0,4%) облыстарында орын алды.

2024 жылдың шілдесінде тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері алдыңғы жылдың тиісті айымен салыстырғанда 17,2%-ға көбейген, ол кезде 34 225 мәміле ресімделген болатын. Мәмілелер санының ең жоғарғы өсімі Батыс Қазақстан облысында (58%-ға) байқалды, ең үлкен төмендеу – Шығыс Қазақстан облысында (9,7%-ға). 2024 жылдың қаңтар-шілде айларындағы мәмілелер санының 2023 жылғы қаңтар-шілде айларындағы мәмілелер санымен салыстырғанда 15,6%-ға өскен.