Елімізде шетелдіктердің білім алуына қатысты ережеге өзгерістер енгізілмек

14 Қараша 2022, 19:36 1535

Құжатты жария талқылау 28 қарашаға дейін жалғасады

Ашық НҚА порталында елімізде тұрақты тұратын шетелдіктердің және азаматтығы жоқ тұлғалардың мектепалды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім алу қағидасының жаңа мазмұны жария талқылауға ұсынылды, деп жазады El.kz

"Осы Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктердің және азаматтығы жоқ тұлғалардың мектепалды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім алу ережесі Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктердің және азаматтығы жоқ тұлғалардың мектепалды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім алу тәртібін олардың меншік түріне қарамастан реттейді", - деп жазылған құжат жобасында.

Бұдан бөлек оқытуды ұйымдастыру тәртібін білім саласындағы уәкілетті орган реттейтіні көрсетілген. Ереженің алдыңғы нұсқасында бұл "Қазақстан Республикасының азаматтары үшін қарастырылған жағдайларда жүзеге асырылады" деп жазылған болатын.

Ережеге жаңадан енгізілген 5-тармақта айтылғандай, жергілікті білім басқармалары 16 жасқа дейінгі балалардың ата-аналары немесе заңды өкілі шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдардан баланы білім беру ұйымдарына оқуға беру туралы өтініш келіп түскен күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде бос оқушы орындары бар білім беру ұйымын анықтауға тиіс.

Ал, 6-тармақта шетелдік азаматтар не азаматтығы жоқ адамдардың 16 жасқа дейінгі балаларын мектептерге беру үшін тапсыруы тиіс құжат тізімі көрсетілген.

Сондай-ақ, құжат жобасындағы 9-тармақта "білім беру ұйымдары 3 жұмыс күннен кешіктірмей Ұлттық білім беру дерекқорына  елімізде тұрақты тұратын шетелдіктердің және азаматтығы жоқ тұлғалардың балаларын қабылдау туралы мәліметті орналастырады" деп көрсетілген.

Аталмыш құжатты жария талқылау 28 қарашаға дейін жалғасады.

EL.KZ
Бөлісу: