31.03.2026
15:02
307

Елімізде шәкіртақы тағы өсуі мүмкін

Қазақстанда оқу ақысының күрт қымбаттауына жол берілмейді, сонымен қатар студенттердің шәкіртақысын қайтадан кезең-кезеңімен арттыру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, соңғы бес жылда шәкіртақы жүйелі түрде өсіп отырған.

Соңғы бес жыл ішінде шәкіртақыны жыл сайын 20-25 пайызға кезең-кезеңімен көтердік. Жалпы алғанда, ол 100 пайызға өсті. 2025 жылы бұл бағдарламаны аяқтадық. Қазір Үкіметпен бірге осы бастаманы қайта жандандыру мәселесін қарастырып жатырмыз. Яғни шәкіртақыны жыл сайын қайтадан өсіруді жоспарлап отырмыз. Ең үлкен өсім докторанттарға қатысты болды – бүгінгі таңда PhD докторанттары айына шамамен 254 мың теңге алады, – деді Саясат Нұрбек.

Оның сөзінше, бұған дейін бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы шамамен 20 пайызға, ал магистранттар мен докторанттардың төлемдері 20-25 пайыз артқан. Қазіргі таңда жаңа бесжылдық өсім бағдарламасын іске қосу мүмкіндігі қарастырылып жатыр, бірақ нақты шешім әлі қабылданбаған.

Министр ең төменгі шәкіртақы көлемі (педагогикалық мамандықтарға қосымша үстемақыларды есептемегенде) шамамен 55 мың теңгені құрайтынын атап өтті.

Ведомство басшысы оқу ақысының өсуіне қатысты да нақты ұстанымын білдірді.

Оқу ақысының құнын біз реттеп отырмыз. Мемлекеттік университеттерде бағаны ұстап тұрамыз. Жоғары оқу орындарына тек инфляция деңгейінде ғана, яғни 10 пайыздан аспайтын шамада түзету енгізуге рұқсат беріледі. Биыл да осы саясатты жалғастырып, оқу ақысының күрт өсуіне жол бермейміз, – деді министр.

Бұған дейін министрлік университеттерді өңірлік экономиканың сұранысына бейімдеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын да айтқан болатын. Бұл ретте жоғары оқу орындарының әкімдіктермен және кәсіпорындармен байланысы күшейтілмек.

Ал жыл басында ауыл шаруашылығы бағытындағы мамандықтар бойынша оқитын студенттердің шәкіртақысына қатысты мәселе көтеріліп еді.

енат депутаты Закиржан Кузиев аграрлық білім саласындағы жағдайға алаңдаушылық білдірген еді. Оның айтуынша, соңғы 10 жылда жалпы гранттар саны артқанымен, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» мен «Ветеринария» бағыттарына бөлінетін үлес екі есе қысқарған.

2025 жылы осы бағыттағы мемлекеттік гранттар саны 16 пайызға азайды. Бұл мемлекет басшысының агроөнеркәсіп кешенін экономиканың негізгі драйверлерінің бірі ретінде дамыту туралы тапсырмасына қайшы келеді, – деді депутат.

Ол сондай-ақ аграрлық және ветеринарлық мамандықтардағы студенттердің шәкіртақысы шамамен 52 мың теңге екенін, ал педагогикалық және медициналық бағыттарда бұл көрсеткіш 84 мың теңгеге дейін жететінін атап өтті.

Өз кезегінде премьер-министр Олжас Бектенов бұл санаттағы студенттердің шәкіртақысы 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 20 пайыз өсіп, 52 372 теңгені құрағанын айтты.

Шәкіртақыны одан әрі арттыру үшін қосымша бюджет қаражаты қажет. Сонымен қатар жоғары шәкіртақы белгілеу ҰБТ-ның шекті балын көтеруді талап етеді. Бұл өз кезегінде талапкерлердің осы мамандықтарға түсу мүмкіндігін шектеуі мүмкін. Осыны ескере отырып, аграрлық бағыттағы студенттердің шәкіртақысын арттыру мәселесін 2028 жылдан кейін қарастырған жөн, – деген еді Бектенов өз жауабында.