Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталуда. Соңғы 2 айда қызылша ауруы 38%-ға төмендеген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Денсаулық сақтау министрлігі қосымша иммундау шеңберінде вакцинациялауға жататын адамдардың 92%-ы екпе алғанын мәлімдеді. Дегенмен қызылшамен сырқаттанушылықты тіркеу жалғасуда. Осыған байланысты ата-аналар балаларында аталған ауруға қарсы екпелерлердің болуын тексеруі қажет. Вакцинациялау болмаған жағдайда тіркелген жері бойынша емханада екпе алу керек.
Қызылша профилактикасының жалғыз сенімді құралы – уақытылы вакцинациялау. Екпе 1 және 6 жастағы балаларға салынады.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, вакцинаны енгізуге байланысты иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністер тіркелмеген. Жалпы екпеден кейінгі күтілетін реакциялар – дене температурасының қысқа мерзімді жоғарылауы, вакцина енгізілген жердің қызаруы, ісіну.
Ал көкжөтел бойынша елімізде эпидемиологиялық ахуал сақталып отыр. Статистикалық мәліметке сүйенсек, 14 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтелдің 392 жағдайы тіркелген. Оның 90 пайыздан астамы 5 жасқа дейінгі балалар. Мамандардың айтуынша, көкжөтел жағдайларының көбеюі табындық иммунитеттің төмендеуімен байланысты.
Аталған ауру ауа тамшылары арқылы, жөтелгенде, түшкіргенде, науқаспен сөйлескенде таралады. Инфекция көзі егілмеген балалар болып табылады.
Аурудың белгілері: алдымен балада жалпы суықтың белгілері пайда болады. Мұрыннан су ағып, дене қызуы көтеріледі, қалыпты жөтел байқалады. Кейін бірте-бірте жөтел күшейіп, ұстама тәрізді болады.
Көкжөтел асқынуы өкпенің қабынуына (пневмония), мидың зақымдануына әкеп соғуы мүмкін. Ескере кететін жайт, көкжөтелмен ауыратын науқастарды емдеуге арналған арнайы дәрі-дәрмектеп жоқ. Сондықтан вакцинациялау аурудан қорғанудың сенімді әдісі болып табылады. Ауруға қарсы егу 2 айдан бастап (2,3 және 4 айда) үш рет жүргізіледі. Сонымен қатар 1,5 және 6 жастағы балаларға көкжөтелге қарсы ревакцинациялау жүргізіледі.
Оқи отырыңыз: