Қазақстан – табиғаты бай ел. Ол кең дала, биік таулар, ну ормандар және су экожүйесімен ерекшеленеді. Қазақстанның табиғаты Еуразия даласының маңызды бір бөлігі ретінде өзінің биологиялық әртүрлілігімен және қайталанбас фаунасымен танымал.
Алуан түрлі табиғи ортаны мекендейтін жануарлар қашанда «әлем байлығын» құрайды. Сонда да климаттық өзгерістер мен заңсыз аң аулау нәтижесінде кей жануарлардың түрлері жойылу алдында тұр. Өкініштісі сол. Қазақстанның Қызыл кітабына енген жануарлар осындай қауіп салдарынан қорғауға алынып отыр.
Бұл құжат үш томнан тұрады. Соңғысы 1999 жылы шықса, алғашқысы 20-ғасырдың 70-жылдарының соңында жарияланған еді. Әрбір мемлекет өзінің Қызыл кітабын жануарлар, өсімдіктер, жәндіктер популяциясының саны мен тіршілік сапасына сүйене отырып құрастырады. Осы тізімдер негізінде бүкіл планетадағы флора мен фаунаның Қызыл кітабы жасалды. Мақсаты – Жердегі биологиялық әртүрлілікті сақтау.
Қар барысы (Panthera uncia)
Фото: pixabay.com
Қар барысы — еліміздің мақтанышы әрі ұлттық символы. Бұл жыртқыш негізінен Іле Алатауы, Жоңғар Алатауы және Тянь-Шань тауларының биік шыңдарын мекендейді. Оның жүні қалың, түсі сұр, дақтары қара. Түсінің бұл ерекшелігі оны қоршаған ортада байқалмайтындай етеді. Мекендейтін ортасы: 3000-4000 метр биіктіктегі таулы аймақтар. Мекендеу ортасының тарылуы, браконьерлік, азық қорының азаюы салдарынан жойылу қаупі бар. Қазақстанда қар барысын қорғау бойынша арнайы бағдарламалар іске қосылған. Қар барысы «Алтынемел», «Ақсу-Жабағылы» және «Сайрам-Өгем» ұлттық парктерінде ерекше бақылауда.
Құлан (Equus hemionus)
Фото: pixabay.com
Құлан — керемет жүйрік жануар. Ол бір кездері Қазақстан далаларында көптеп кездесті. Бірақ ХХ ғасырдың ортасына қарай жойылу алдында тұрды. Қазіргі таңда құландардың саны арнайы бағдарламалар арқылы қалпына келтірілуде. Мекендейтін ортасы: Маңғыстау, Үстірт, Бетпақдала. Табиғи жайылымдардың жойылуы, су тапшылығы салдарынан жойылу қаупі бар. Айта кету керек, «Алтынемел» ұлттық паркінде құландарды өсіру мен табиғатқа қайта жіберу бағдарламасы сәтті іске асырылуда.
Дала қыраны (Aquila nipalensis)
Фото: pixabay.com
Дала қыраны — Қазақстанның далалары мен шөлейттерін мекендейтін керемет құс. Ол - еркіндік символы. Еліміздің мемлекеттік рәмізінде бейнеленген. Ашық далалар мен жартасты өңірлерді мекендейді. Ұя салатын жерлердің бұзылуы мен электр желілерінің әсерінен жойылу қаупі бар. Құстар «Наурызым», «Қорғалжын» қорықтарында ерекше қорғауға алынып отыр.
Тянь-Шань қоңыр аюы (Ursus arctos isabellinus)
Фото: pixabay.com
Бұл аюлар Тянь-Шань тауларының тығыз ормандарын мекендейді. Өте сирек кездесетін жануар. Өздерінің ерекше ашық түсті жүнімен ерекшеленеді. Іле Алатауы, Жетісу Алатауында көздестіруге болады. Жойылу факторы ретінде ормандардың қысқаруы, адаммен жиі кездесуін айтқан жөн. Бүгінде еліміздің бірнеше ұлттық паркінде бұл жануарларға ерекше жағдай жасалған.
Қарақұйрық (Gazella subgutturosa)
Фото: pixabay.com
Қарақұйрық — шөлді және шөлейтті аймақтардың тұрғыны. Бұл жануар өзінің төзімділігімен және шапшаңдығымен танымал. Маңғыстау, Қызылқұм, Үстіртті мекендейді. Браконьерлік, жайылымдардың азаюынан жойылуға жақын. Қазақстанда қарақұйрықтарды қорғау үшін «Барсакелмес» қорығы құрылды.
Ақбас үйрек (Oxyura leucocephala)
Қазақстанның Биологиялық алуантүрлілікті сақтау қауымдастығы ақбас үйректі «Жыл құсы» деп жариялаған болатын.
Ол - үйректің сирек кездесетін түрі. Ақбас үйрек - халықаралық табиғатты қорғау ұйымының қызыл тізіміне және Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген құс. Құстың бұл түрінің заңсыз ату мен балық ауына түсіп қалу салдарынан жойылып кету қаупі бар. Бұл сирек құс еліміздің су қоймаларының сұлулығын арттырып, экожүйе үшін маңызды рөл атқарады. Ақбас үйрек Балқаш көлі, Алакөл, Каспий маңы ойпатында кездетіруге болады. Сулы-батпақты жерлердің азаюы мен экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуынан жойылып кету қаупі бар. Құстарды бақылау үшін «Қорғалжын» қорығы ерекше рөл атқарады.
Сақалтай (Gypaetus barbatus)
Фото: nationalgeographic.kz
Сақалтай — Қазақстанның биік тау жоталарында өмір сүретін ерекше жыртқыш құс. Ол сүйектерді биіктен тастап, оларды азық ретінде пайдаланумен танымал. Тянь-Шань, Жоңғар Алатауында кездеседі. Бұл құс ұлттық парктер мен қорықтарда ерекше бақылауда.
Бөкен (Saiga tatarica)
Фото: pixabay.com
Бөкен — Қазақстан далаларының ерекше жануары. Бұл сүтқоректі - жойылу алдында тұрған түрлердің бірі. Ол ерекше физиологиялық бейімделуімен танымал. Оның мұрын құрылысы тыныс алу кезінде шаңды сүзуге мүмкіндік береді. Бетпақдала, Маңғыстау, Үстіртте кездеседі. Браконьерлік, аурулар (әсіресе пастереллез), климаттық өзгерістердің салдарынан азаюы ықтимал. 1990 жылдардан бері бөкендерді қорғау бойынша «Охотзоопром» мекемесі жұмыс істейді. Бөкендер миграциялық жолдарында ерекше бақылауда.
Балқаш алабұғасы (Perca schrenkii)
Фото: pixabay.com
Балқаш алабұғасы — Балқаш көлінде ғана кездесетін эндемикалық балық түрі. Ол - су экожүйесінің маңызды бөлігі. Сондай-ақ, ол Қазақстанның балық шаруашылығы үшін өте құнды. Балқаш-Алакөл бассейнін мекендейді. Жойылу қаупі: Интродукцияланған түрлер (жыртқыш балықтар), су деңгейінің төмендеуі, ластану. Айта кету керек, бүгінде Балқаш көлінің экологиялық жағдайын жақсарту және заңсыз балық аулауды шектеу шаралары қабылдануда.
Жетісу арқары (Ovis ammon collium)
Фото: pixabay.com
Бұл тау жануары Қазақстанның биік таулы аймақтарын мекендейді. Жетісу арқары ерекше төзімділігімен және таулы жерлерде өмір сүруге бейімділігімен танымал. Жетісу Алатауы мен Тарбағатайды мекендейді. Браконьерлік, азықтың жетіспеушілігі, климаттық өзгерістер қауіп тудыруы мүмкін. Бұл жануарлар ұлттық парктерде арнайы бақыланады. Олардың саны қалпына келтіру бағдарламалары арқылы өсірілуде.
Түркістан сілеусіні (Lynx lynx isabellinus)
Фото: nationalgeographic.kz
Түркістан сілеусініні Орталық Азия тауларында таралған. Қазақстанда Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы, Тарбағатайда таралған. Қаратауда (Сырдариялық) сілеусін XX ғасырдың 40-шы жылдары жойылып кеткен. Қорық аумағында теңіз деңгейінен 1200 – 2800 метр биіктікте, аралас және қылқан жапырақты орманда мекен етеді.
Аталмыш территорияда шамамен 16 сілеусін бар. Олар жарты жылдың ішінде (2021 жылдың желтоқсанынан 2022 жылдың мамыр айына дейінгі аралықта) 11 рет фототұзаққа түскен.
Түркістан сілеусіні — Қазақстанның биік таулы орман аймақтарында мекендейтін, жыртқыш мысықтар отбасының өкілі. Оның сұр түсті жүні қоршаған ортаға жақсы бейімделуге көмектеседі.
Мекендеу ортасы: Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы, Сайрам-Өгем таулары. Мекендеу ортасының азаюы, заңсыз аулау кесірінен жойылып кетуі мүмкін. Бұл жануар Қазақстанның бірнеше қорықтары мен ұлттық парктерінде ерекше бақылауда.
Қызыл қасқыр (Cuon alpinus)
Фото: pixabay.com
Қызыл қасқыр — Қазақстан аумағында өте сирек кездесетін жыртқыш аң. Бұл жануардың саны жыл өткен сайын азайып келеді. Мекендеу ортасы: Алтай, Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы. Мекендеу ортасының қысқаруы, азықтың жетіспеушілігі, браконьерлік сияқты қауіп-қатер салдарынан жойылып кетуі ықтимал. Қызыл қасқырды сақтау үшін шекаралық аймақтардағы ұлттық парктер мен қорықтарда бақылау күшейтілді.
Қара ләйлек немесе қара деңгелек (Ciconia nigra)
Фото: pixabay.com
Қара ләйлек — өте сирек кездесетін құс түрі. Бұл құс Қазақстанның өзен-көлдерінің маңында немесе батпақты жерлерде мекендейді. Ертіс өзенінің бойы, Қара Ертіс бассейнінде кездеседі. Сулы-батпақты жерлердің қысқаруы, адамдардың шаруашылық әрекеті есебінен азаю қаупі бар. «Қорғалжын» және «Наурызым» қорықтарында бұл құстарды қорғау шаралары жүргізілуде.
Жетісу бақатісі (Ranodon sibiricus)
Фото: altynemel.kz
Бұл амфибия Іле Алатауының таулы өзендерінде ғана кездеседі. Оның өмір сүруі су экожүйесінің тазалығымен тікелей байланысты. Судың ластануы, климаттық өзгерістер, орман ағаштарының кесілуі көбеюіне зиянын тигізуі әбден мүмкін. Жетісу бақатісі арнайы мониторинг бағдарламалары арқылы бақыланып отырады.
Құмай (Neophron percnopterus)
Фото: pixabay.com
Құмай — Қазақстанның таулы және жартасты аймақтарында өмір сүретін ерекше жыртқыш құс. Ол табиғи экожүйенің тазалығын сақтауға көмектесетін маңызды түр. Алтай, Тянь-Шань, Жетісу Алатауы аймағын мекендейді. Құмайды қорғау шаралары Қазақстанның бірнеше ұлттық паркінде жүзеге асырылуда.
Сабаншы («Felis manul», Pallas)
Фото: pixabay.com
Сүтқоректі жануарлар отрядының мысықтар тұқымдасына жататын жабайы мысықтардың дене мөлшері ең кіші, яғни үй мысығынан сәл үлкендеу бір түрі. Сабаншының денесінің ұзындығы 50-65 см, ал құйрығының ұзындығы 21-25 см, салмағы 2,5-4 келі. Сабаншы Азия құрлығының Каспий теңізінен Байкал өңіріне дейінгі алқаптарында, Солтүстік-батыс Қытайда және Солтүстік Моңғолияда таралған.
Қызыл кітаптың маңызы және жануарларды қорғау
Қазақстанның Қызыл кітабы тек сирек жануарлардың тізімі ғана емес, бұл — экожүйелерді сақтап, табиғаттың тепе-теңдігін қорғауға бағытталған стратегиялық құжат. Айтып өту керек, жануарларды қорғау үшін елде көптеген қорық, ұлттық парк және биосфералық резерват құрылды. Мәселен, «Қорғалжын қорығы» — әлемдік мұралар тізіміне енген, құстардың сулы-батпақты мекенін қорғауға арналған қорық. «Наурызым қорығы» — орманды дала аймақтарын және сирек кездесетін құстарды қорғау орны. Ал «Алтынемел ұлттық паркі» — дала жануарларын сақтау және оларды табиғатқа қайтару бойынша жұмыс істейтін негізгі орталық.
Қазақстан халқы табиғатқа деген құрмет пен жауапкершілікті арттырып, жануарларды қорғау арқылы болашақ ұрпақ үшін биологиялық байлығын сақтап қала алады.
Жергілікті экожүйені қорғау болашақ ұрпаққа қалдырылатын маңызды мұра екендігін ұмытпайық.