Елімізде құрылыс саласына бақылау күшейтіледі - Қасым-Жомарт Тоқаев

7 Ақпан, 12:00 933

Алматыдағы жер сілкінісінен соң еліміздегі құрылыс саласына тағы назар аударылғаны рас. Себебі биік-биік ғимараттар бір-бірімен жарыса бой көтеріп жатқанымен, олардың сапасына қатысты сұрақ көп. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы сапаны арттырып қана қоймай, бәсекелестікке де мүмкіндік жасалуы керектігін тілге тиек етті.

Қазір құрылыс саласында сараптама жасауды мемлекеттің иелігіне қайтару мәселесі қызу талқыланып жатыр. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ең басты міндет. Құрылыс сапасына жасалатын бақылауды міндетті түрде күшейту керек. Бұл – анық дүние. Алайда мемлекет осы нарықты түгел иемденіп алмауы қажет. Шынайы бәсеке болуы тиіс. Үкімет барлық тараптың мүддесін ескеруі керек, - деді ол.

Дегенмен бұл салада үлескерлік құрылысқа, ғимараттардың заңсыз әрі орынсыз салынуына, мүлік иелерінің бірлестігін реформалауға қатысты қордаланған мәселелер бар. Шағымданушылар әлі де көп. Сөйте тұра құзырлы органдар әлі күнге дейін тиісті шара қолданбай отыр. Тоқаев осы орайда Үкімет жыл соңына дейін нақты шешім қабылдауы керектігін баса айтты.

Сыбайлас жемқорлық құрылыс саласында да қарқын алғаны жасырын емес. Президент қоғам індетімен күресте цифрландыруды белсенді түрде қолдану керектігін алға тартты.

Қазір құрылыс саласында бірнеше ақпараттық жүйе бар. Осындай тәсілдер арқылы бөлінген қаражаттың мақсатқа сай жұмсалуын қамтамасыз ету қажет, яғни барынша ашық және қатаң бақылау болуға тиіс. Бұл – өте маңызды мәселе. Себебі қаржының ұрлануы, ең алдымен, құрылыстың сапасына әсер етеді және бюджетке қосымша салмақ салады. Ақшаға цифрлық теңге арқылы ен салу және оны қадағалау, басқаша айтқанда, «ақшаны бояу» бюджет қаражатының жұмсалуын бақылайтын өте маңызды тетік болуы мүмкін, - деді Тоқаев.

Рас, бүгінде цифрлық валютаны қолдануға қатысты пилоттық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Президент Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне Үкіметпен және Ұлттық банкпен бірлесіп, осындай жобалардың ауқымын кеңейтуді, оның ішінде құрылыс саласына барынша енгізуді тапсырды. 

Мадина Асылбекова
Бөлісу: