Елімізде қанша құс түрі кездеседі?

9 Шілде, 13:37 1024

Құстар – адамзаттың досы, табиғаттың сәні, аспанның көркі. Ендеше құстарды қорғау – адамзаттың міндеті. Осы мақсатта 1868 жылы Aвстрияның  Вена қаласында алғаш рет құстарды қорғау туралы ресми шешім қабылданған. 1906 жылы Құстарды қорғау бойынша конвенция бекітіліп, осы жылы 1 сәуірді – Халықаралық құстар күні ретінде белгілейді. Оның негізгі ережелері ұя салу және мекенді ауыстыру кезінде құстардың барлық түрін қорғауға бағытталған, Ал 1922 жылы Құстарды қорғаудың Халықаралық кеңесі құрылды. Сонымен қатар адамзат 14 мамыр  – халықаралық жыл құстары күнін атап өтеді. Дүниежүзі экологтары мен орнитологтары осы күндері құстарды сақтауға және олардың сирек кездесетін түрін қорғауға шақырады. Ал еліміз құстарды қорғау мақсатында қандай шаралар қабылдауда? Жалпы елімізде құстардың қанша түрі кездеседі?

Қазақстан құстарды қорғау мен сақтау барысында  «Биологиялық алуандықты сақтау Конвенциясы», «Сулы-батпақты алқаптар туралы Рамсар конвенциясы», «Көшіп-қонып мекен ететін жануарларды сақтау Конвенциясы», «Жыртқыш құстарды сақтау келісімі, «Сүйріктұмсықты  шалшықшы жөніндегі өзара түсіністік меморандумы» сияқты түрлі халықаралық құжаттарды ратификациялаған.  Қазақстанда 21 отрядқа және 61 тұқымдасқа жататын құстың 500 түрі кездеседі. Оның 90 түрі отырықшы, 313-і қоныс аударатын, 68–і ұшып келетін, 29–ы ұшып өтетін құстар. Қазақстанның “Қызыл кітабына” құстардың он екі отрядының 57 өкілі кіреді. Мұндағы құстар далада да, шөлде де, орманда да, таудың бөктері мен биігінде де — табиғи аймақтардың барлығында тіршілік етеді. Еліміздегі табиғи аймақтардың әр алуандығының ерекшелігі — Қазақстан орнитофаунасында қоқиқаз, жорға дуадақ, қара бозторғай, бірқазан, қылаңтөс  бұлдырық, орақтұмсық, жұмақ шыбыншы және басқа да таңғажайып құстар кездеседі. Халықаралық табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабына» құстардың 209 түрі мен 83 түр тармағы, ал Қазақстанның «Қызыл кітабына»  56 түрі енгізілген. Мамандардың мәліметі бойынша, Қазақстанның табиғат жанашырлары көктем сайын қуана қарсы, алып, күз сайын қимай-қимай көзбен ұзататын жыл құстары әлемнің 63 еліне ортақ табиғи ресурс болып есептеледі екен. Иә, жыл сайын еліміздің аумағы арқылы құстардың небір көші өтеді. Кейбірі ұя салып, балапан өрбітсе, кейбірі айлақ ретінде ғана пайдаланады. Ресейдің Шығыс Еуропаға жататын бөлігінен,  Батыс Сібірден, Қазақстаннан жылы мекен іздеп ұшатын құстардың бір бөлігі Оңтүстік-шығыс Азияға, Шығыс Азияға, тіпті Африкаға дейін ұшады. Мамандардың айтуынша, Қазақстанда ұстап балағына сақина тағып қоя берген құстар Ұлыбритания мен Якутияға дейінгі, Малайзиядан Африкаға дейінгі аралықтағы мемлекеттердің құстанушыларының көзіне, фототұзақтарға түскен. Яғни, бұл құстар осынша елдің ортақ ресрусы болып саналады.

Құстарға қауіп қайдан?

2017 жылы ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлының әріптестері атынан сол кездегі  Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа жолдаған депутаттық сауалында елімізде аң мен құстың 300-ден астам түрі толық жойылуы мүмкін екендігі айтылды. «Қазақстан - аяулы мекеніміз. Елімізде табиғи байлық мол. Соның бір көрсеткіші аң мен құстар. Осы уақытқа дейін олардың көбісі Қызыл кітапқа енгізілді. Мемлекет тарапынан қорғалатын табиғи қорықтардың көлемі 23 млн гектар аумақты, ал аңшылық шаруашылықтардың иелігіндегі аумақ 118 млн гектарды құрайды», - деді сенатор. Сенатор қоршаған ортаны қорғау бағытында мемлекеттік бағдарламаларымыз да баршылық екенін, алайда, бұл мәселеде дабыл қағарлық жағдай көптеп орын алуда екенін де айтты.

Ресми мәліметке сүйенсек, жерімізде мекендейтін аң мен құстың 300 - ден астам түрі толық жойылып кету қаупінің алдында тұр. 2015 жылмен салыстырғанда, 2016 жылдың көктемінде Қазақстандағы құстар саны 2 млн-ға кеміп кеткен. Осыған орай, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті 2017 жылғы 16 ақпан мен 14 маусым аралығында көктемгі аң-құс аулау маусымына тыйым салды. «Комитет шешімі дұрыс емес, жануарлар дүниесіне аңшылардың еш қиянаты жоқ» деп, қаптаған аңшылық мақсаттағы шаруашылықтар ашық хат жазып, өре түрегелуде. Дерекке сүйенсек, соңғы бірнеше жыл көлемінде 300-дей аңшылық щаруашылығы құрылған екен. Пайда таппаса, осыншама шаруашылық құрылар ма еді?,- деді Бақтиярұлы сол кездегі Үкімет басшысы атына жолдаған депутаттық сауалда.

Иә соңғы уақытта құстардың түрлері азайып барады. Бұған көптеген себептер баршылық. Мәселен ғаламшар эволюциясындағы антропогендік фактордың үлесі шарықтау шегіне жетіп, құс жолының бойында  гибридті соғыс нүктелерінің көбейіп кетуі де жыл құстарының да ұшып-қонуын қиындатып отыр. Аспаннан тыныштық кетсе, тіршілік біткеннің берекесі қашатынын Украинадағы соғыс айқын көрсетіп берді. Қақтығыс басталғанына 4 күн болғанда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ресми сайты Қара теңіз өңірінен Қазақстан аумағына бағытталған транзиттік әуе рейстерінің саны бір тәулікте 257-ге жеткенін жазды. Ұшақтың үйреншікті жолы жабылса, аэронавигациялық жетек бар. Технологияның арқасында апатқа ұрындырмай діттеген жеріне аман қондырады. Ал ғасырлар бойы бір ғана жолмен қатынап үйренген құстардың инстинкті технологиямен шендесе алмайтыны анық. Мамандар Таяу Шығыстағы тоқтаусыз соғыстар құстардың популяциясына зор шығын келтіріп жатқанын айтып, дабыл қағып жүрген ғалымдардың уайымы бекер  емес деген сөз. Мамандар Таяу Шығыстағы ұрысқа байланысты елімізде қоныс аударатын құстардың 150 түрі жойылып кетуі мүмкін деп хабарлайды. Себебі, мезгілге қарай көшіп жүретін құстардың көші-қон жолы Сирия арқылы өтеді екен. Зерттеушілер құстардың қарулы қақтығыстар кезінде өлетінін хабарлап отыр. Осы себепті бұрын Қазақстанда қанатты құстардың алуан түрлілігі болса, қазір тіпті бозторғай да сирек кездеседі дейді олар.

Әлем құстарды қалай қорғайды?

1958 жылы Қытай «бидайды шоқиды» деп торғайларды жаппай қырған еді. Расында келесі жылы бидай өнімі артты. Алайда торғайларға жем болған шегіртке мен зиянкес құрттар тым көбейіп, тағы бір жылдан кейін елде ашаршылық басталып, 10 млн-нан аса адамынан айырылды. Кейін Қытай билігі Кеңес Одағы мен Канададан торғай сатып алуға мәжбүр болды.   Жалпы, зиянкестермен күресте құстардың көмегі зор. Оңтүстік Африкада фермерлер осы мақсатта үйректерді пайдаланады. Олар қоңыз бен ұлуларды ағаштардан теріп жейді екен. Бұл шаруаларға қымбат пестицидтерді сатып алудан әлдеқайда тиімді көрінеді. Зиянкестерді жоюда торғайлар алдына жан салмайды. Үндістанда қанаттыларға «батыр» деген айдар тағылған. Раджастхан штатында құстарды күтетін орталық жұмыс істейді. Қызметкерлерінің айтуынша, балапандар ұяларынан жиі құлайды екен. Сондықтан оларды қанаттары қатқанша асырайды. Ал Катар астанасы Дохада айрықша емхана ашылды. Онда негізіген сұңқар тобына жататын құстарды емдейді. Орталық күніне жүзге жуық қанаттыны қабылдайды.

Ал Америкадағы Нью-Йорк қалалық кеңесі құстар үшін 2013 жылы әйнегі бар ғимараттарды салуға тыйым салатын заң жобасын қарастырған еді. Заңнама 75 футқа (22,9 метр) дейінгі ғимарат қасбетінің кем дегенде 90% құстарға тосқауыл ретінде тани алатын материалдан жасалуын талап етті. Мамандардың айтуынша, барлық құстар ғимараттардың  қасбетіндегі аспанның шағылысуына алданып қалады. Жыл сайын Нью-Йорктегі ғимараттардың әйнектеріне соқтығысуы нәтижесінде 90 000 - 230 000 құс өледі. Орнитологтар Америка Құрама Штаттарындағы құстар санының 40 жыл ішінде үштен біріне қысқаруының себептерінің бірі ретінде жарқыраған әйнек тіреген ғимараттарды айыптаған.

Талдыкөлдің талайлы тағдыры 

Қазақтың көрнекті шайыры Есенғали Раушановтың «Құстар – біздің досымыз» дейтін кітабы бар. Сол кітапта ақын «Сұңқылдақ аққу жыл санап жоғалып барады. Бұрын Ыстықкөл мен Каспийден басқа Жамбыл облысындағы Билікөл, Батыс Қазақстан облысындағы Шалқар және Арқаның көлдеріне, Балқаш пен Аралға, Зайсан мен Ілеге қонып өтетін құс бүгіндері сирек кездеседі» деп жазады. Расымен, бүгінгі таңда аққу құсының азайып бара жатқаны туралы әңгіме жиі қозғалады. Жалғыз аққу емес, көпте­ген қанатты періштелердің бүгінгі жайы табиғат жанашырларын алаңдатып отыр. Соның бір мысалы – Талдыкөл мәселесі.

Тағдырлы Талдыкөл талай дауға ілігіп, экологтар мен белсенділердің жанайқайына айналғалы қашан. Тарихи деректер бойынша Талдыкөл бір-бірімен байланысқан көлдердің тұтас тізбегі болған. Үш көл бір -біріне параллель орналасқан және әуежайға апаратын тас жолдың айналма аймағында қосылған, олардың арасында түбек болған. ecoinfo.kz экологиялық-сараптамалық порталының мәліметінше, Талдыкөлге шамамен 13 мың жыл. Бұл көл соңғы мұз дәуірі мен голоценнің тоғысында территорияның климаттық ылғалдылығының жоғарылауынан пайда болған. 2020 жылы Тәжірибешіл экологтар қауымдастығы мен Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы, сонымен қатар экобелсенділер құрылыс, биоәртүрлілік және су ресурсы саласындағы мамандармен пікірталастар өткізді. Нәтижесінде ғалымдар көлді құрғатуға бірауыздан қарсы болды. SOS Taldykol бастамашыл тобы 2020 жылдың жазында, көлді көму басталғанда құрылды. Соған қарамастан 2021 жылы Талдыкөл маңайында жаңа үйлер, коттедж қалашықтары, мектептер және басқа да нысандар салу мақсатында 70 гектар жерді құрғатып, топырақпен толтыра бастады. Ал Кіші Талдыкөл көлінің алдында Ellington Hills бренді (бұрынғы Astana Ceramic кірпіш зауыты) тікелей көлде 100 таунхаус пен 36 коттедждың құрылысын басқарып отыр. 2023 жылдың басында Aqiqat корпоративтік заңгерлер коалициясы Жоғарғы сотқа кассациялық шағым түсіріп, бұл мәселе төңірегінде сот та жалғасып жатыр. Кіші Талдыкөл көлдерін сақтап қалу бойынша соттың соңғы шешімі  әлі шыққан жоқ. Қазір көлдің 70 пайызы жоқ, оның орнында құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Бірақ әлі күнге су қорғау аймақтары жоқ.

Біз осы ретте Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің маманы Бақытжан Исақаевқа хабарласып атаолған мәселе бойынша сұрау салғанымызда төмендегідей жауап келді.

Кіші Талдыкөл көлінің фаунасын тәжірибелік зерттеу мақсатында 2020 жылғы 7 тамызда Ақмола орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының инспекторлары, сондай-ақ 2020 жылғы 10-11 тамызда қазақстандық биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының (АСБК) ғылыми мамандары комитет өкілінің қатысуымен (10.08.2020 ж.) сол жерге баруды жүзеге асырды. Зерттеу нәтижесінде бұл көл кейбір суда жүзетін және суға жақын құстар үшін, соның ішінде сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген құстар үшін (Қарабас өгiз шағала), сондай-ақ Халықаралық Қызыл кітапқа (қызыл бас сүңгуір, қызғыш) енгізілген, құстардың басым бөлігі балапандармен байқалған, бұл тоған олардың ұя салатын орны болып табылатынын айқындайды. Судың сапасы құстардың белгіленген түрлеріне жем-шөп базасын қалыптастыруға ықпал етеді. Су омыртқасыздарының жеткілікті мөлшерін көлде белсенді қоректенетін үйректердің болуымен бағалауға болады. Сонымен қатар, бұл көлде құстардың балық жейтін түрлері байқалды (қарамойын және үлкен сұқсыр, үлкен суқұзғын, сұр құтан, қарабас өгіз шағала, көл шағаласы, өзен қарқылдағы), бұл көлде балықтың болуын көрсетеді. Сондай-ақ, құстардан басқа қосмекенділердің бір түрі (жасыл бақа) және сүтқоректілердің бір түрі (су тышқан) өмір сүреді. Осындай қысқа мерзімді және бір реттік есептің нәтижелері қазіргі экожүйелердің толықтығы мен салыстырмалы тұрақтылығы туралы түсінік береді. Жоғарыда айтылғандардың негізінде, сондай-ақ ғылыми мамандарының ұсынымдарын ескере отырып, экожүйені сақтау мақсатында Комитет осы көлдің аумағында құрылыс жұмыстарын жүргізу тиімсіз деп санайды,- делінген жауапта.

Айта кетейік, Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы берген мәліметке сәйкес, көлде құстардың 173 түрі бар. Көлдегі кейбір құс Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Мысалы, көлдегі ірі құстардың бірі – бұйра бірқазан. Ол ғаламдық қауіп төнген құс түрі ретінде халықаралық табиғатты қорғау кеңесінің Қызыл кітабына енген. Қызыл кітапқа енген тағы бір құс – қоқиқаз.

Құстар туралы құнды кітап жарық көрді

Осы маусым айында табиғат пен құс сүйер қауым үшін сүйінші жаңалық болды. Қазақ орнитология ғылымының кітапханасы дерегі мол, мазмұны бай үлкен еңбекпен толықты. Астанадағы Nur Alem (ЭКСПО) павильонында алғашқы таныстырылымы өткен «Қазақстан құстары. Далалық анықтағыш» деп аталатын бұл кітап еліміздің аумағында кездесетін 500-ден астан құстың түрін түстеп, суретін беріп, толық сипаттамасын жүйелеп ұсынған. Барлық құстың қазақша атаулары түгенделіп, биотобы, таралу аймағы және басқа да көптеген мәлімет қамтылған. Кітап сонысымен де аса құнды һәм маңызды.

Айта кетейік, кітаптың орыс тіліндегі нұсқасы В.К. Рябицев, А.Ф. Ковшарь, В.А. Ковшарь, Н.Н. Берёзовиков сынды ғалымдардың авторлығымен алғаш 2014 жылы жарық көрген. Енді міне, Қазақстанның биоалуандығын қорғау ассоциациясы «Шеврон» компаниясымен серіктестікте жүзеге асыратын  «Students for Nature» жобасы аясында қазақ тіліне аударылып, бұрын кеткен кем-кетіктері ескеріліп, жарыққа шығып отыр. Анықтағышты қазақ тіліне аударғандар — кәсіпқой зоологтер, қазақ тіліндегі зоология оқулықтарының авторлары Бірлікбай Есжанов пен Қылышбек Мұсабеков (өкінішке қарай Қ.Мұсабеков таяуда о дүниелік болып кетті). 

Кітап орнитологтер мен құстарға қызығатын адамдарға арналған: оны табиғатта кездестіріп қалған құстың түрін анықтау үшін қолдануға болады. Әрбір құстың тұсында бірнеше суреті, таралуының сызба-картасы мен түрді анықтау керек кезде мән беретін белгілердің сипаттамасы жазылған. АСБК Құстардың далалық анықтағышын университеттерге, ерекше қорғалатын табиғи аймақтарға (ЕҚТА), мектептер мен кітапханаларға тегін беруге ниетті. Расында да, бұл кітап бір жағынан орнитологтермен қатар, табиғат пен құстарды сүйетін, құс қарауды, құстар әлемін қызықтауды жақсы көретін барлық қазақстандық үшін таптырмас көмекші құрал болса, екінші жағынан көптеген құстың қолданыстағы қате, жаңсақ атауларын бір ізге түсіруге де септігін тигізбек.

Далалық анықтағыштың қазақша басылымын табиғат қорғау мамандары, бөдуочерлер мен натуралистер көптен күтті. Әйтеуір шығардық! АСБК үшін кітаптың жарыққа шығуы — экология тұрғысынан өскелең ұрпақтың сауатын ашу жұмысының жалғасы, сол жұмыстың бірі — жастарды бөдуочиңге (құстарға қарау) тарту. Далалық анықтағыштың қазақша шыққанына орай құстар мен оларды зерттеуге қызығатын балалар мен ересектердің көбейетініне сенімдімін. Елімізде әуесқой натуралистер неғұрлым көп болса, соғұрлым ғалымдардың да қолы ұзарады және табиғат қорғау мамандары табиғатты сақтап қала алады. Кітапты аударып шықсын деп қазақтілді зоологтер, зоология оқулықтары мен кітапшаларының авторлары Бірлікбай Есжанов пен [Қылышбай Сәтімбекұлы Мұсабековтерге] жүгіндік. Осы кітапты қазақшаға аударудың арқасында арнаулы жұмыс тобы құрылып, ел аузында дау боп жүрген кейбір құстардың қазақша атауы қайта қарастырылды. Бұл кітапта құстың негізгі атауынан бөлек халық арасында кездесетін басқа атаулары — синоним деп алынды, - деп өз пікірін білдірді кітаптың шығарушы редакторы, АСБК жетекші маманы Эльмира Мұстафа.

Ал кітап авторларының бірі, орнитолог Виктория Ковшарь, орнитолог, АСБК  қолданбалы биология орталығының директоры Сергей Скляренко: «Осындай тамашы кітаптың шығуына мұрындық болу — біз үшін үлкен мәртебе. 10 жыл бұрын шыққан орысша басылымның маңызы зор еді, бүгін шыққан басылымның да маңызы енді арта бермек. Орнитолог ретінде айтарым, Қазақстандағы құстар әлемі әлі күнге дейін толық зерттелмеген. Кәсіби тұрғыда орнитологиямен айналысатын мамандар саусақпен санарлық. Сол себептен де адамдар ғалымдарға құстар туралы жаңа ақпарат алуға көмектесуі керек, бұл азамат ғылым деп аталады (ағылшынша “Citizen science”). Ал қазақша басылған кітап бөдуочерлердің көбеюіне септігін тигізеді. Қазақстанның аумағы өте үлкен, оған бірнеше Еуропа елдері сыйып кетер еді. Қазақстан құстарының тізімі жылдан-жылға артып жатыр. Жыл сайын қоныс аудару маусымында еліміз арқылы Қазақстанда тіркелмеген құстардың түрлері ұшып өтеді. Енді, міне, ерекше қорғалатын табиғи аймақтарда жұмыс істейтін не соның маңында тұратын адамдар, оқушылар мен қазақша әдебиетке зәру боп келген біраз адам осы жұмысқа қосыла алады. Пайдасы да, маңызы да зор кітап шықты. Басылымды дайындаған барша адамға құтты болсын!», - дейді.

Авторлар ұжымы Қазақстандағы құстарды бірнеше жылдан бері зерттеп жүрген кәсіби орнитологтер: Анатолий Фёдорович Ковшарь, Виктория Анатольевна Ковшарь, [Николай Николаевич Берёзовиков], Вадим Константинович Рябицев. Анықтағыштағы құстардың суреттерінің барлығы Вадим Константинович Рябицевтің қолынан туған. Анықтағышты қазақ тіліне аударғандар — белгілі зоологтер, қазақша зоология оқулықтарының авторлары Бірлікбай Есжанов пен Қылышбек Мұсабеков. 

Түйін: Құстар популяциясы біздің әдеп құндылығымыздың ахуалын көрсетеді. Жабайы құстардың маңыздылығының бір себебі – олар біздің онсыз да түгесіліп бара жатқан табиғат әлемімен соңғы әрі ең жақсы байланысымыз. Олар әлдеқашан жер басып жүрген ең ірі жануарлармен тағдырлас: терезеңіздің сыртындағы мексикалық жасымық – титімдей және өмірге керемет бейімделген динозаврдың бір түрі. Сіз тұратын жердің суында жүзіп жүрген барылдауық үйректердің осыдан 20 миллион жыл бұрын әлемді құстар билеген Миоцендік кезеңдегі үйректен айырмашылығы шамалы. Бүгінгі таңда 75 мемлекеттің елтаңбасында құстар бар екен. Өзіміздің Қазақстан туында да бүркіт бейнеленгенін баршамыз білеміз. Құстар өсімдіктерді тозаңдандыруда, жәндіктердің санын реттеуде және ыдырауға ұшыраған өлекселерді жоюда маңызды рөл атқаратынын, табиғаттың көркі екенін ескерсек, табиғаттың бұл сұлулығын сақтауда адамзаттың алдында үлкен міндеттер тұр.

Наурызбек Сарша
Бөлісу: