Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 5 ақпанда үкіметтің отставкасын қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Осылайша Әлихан Смайылов төрағалық ететін министрлер кабинеті отставкаға кетті. Жаңа үкімет жасақталғанға дейін бұл қызметті уақытша Роман Скляр атқарады.
51 жастағы Смайылов Қазақстанның премьері лауазымын 2 жыл бір ай атқарды. Бұған дейін ол Асқар Маминнің орынбасары лауазымында болған.
Осы орайда тәуелсіздік жылдарында Үкімет басшысы лауазымын ең ұзақ атқарған кім екенін еске түсіріп көрелік.
Премьер-министр лауазымында ең ұзақ отырған – Кәрім Мәсімов. Мемлекетке сатқындық жасап, лауазымын асыра пайдаланды және билікті басып алуға әрекет етті деп айып тағылған Мәсімов былтыр 18 жылға сотталған болатын.
1991 жылы тәуелсіздік алғалы елімізде 13 премьер-министр ауысып үлгерді. Солардың арасында Кәрім Мәсімов әр жылдары бұл қызметті екі рет атқарған: 2007 жылғы 10 қаңтардан бастап 2012 жылдың 24 қыркүйегіне дейін және 2014 жылдың 2 сәуірінен бастап 2016 жылдың 8 қыркүйегіне дейін. Яғни осы қызметте алғаш рет ол 2084 күн немесе 5,7 жыл болса, екінші мерзімінде 890 күн немесе 2,4 жыл осы міндетті атқарды. Осылайша ол екінші мерзімсіз-ақ өзгелерден алда тұр.
Айтпақшы, премьер-министр лауазымын атқарғандардың бірі Серік Ахметов те сотталған еді. Ол 2015 жылы сыбайлас жемқорлық әрекеті бойынша түрмеге тоғытылып, кейіннен қамаудан босатылды.
Тізімде екінші және үшінші орындарға бұрынғы премьер-министрлер Даниал Ахметов пен Әкежан Қажегелдин жайғасқан: тиісінше 3,6 жыл және 3 жыл.
Фото:instagram.com/danial.akhmetov.official
Фото: ашық дереккөз
Ал бұл лауазымды міндетті ең аз атқарған – Иманғали Тасмағамбетов. Қазір зейнетке шыққан Тасмағамбетов Үкімет басшысының орнында 2002 жылғы 28 қаңтар мен 2003 жылғы 11 маусым аралығында отырды: 501 күн немесе 1,4 жыл.
Естеріңізге сала кетейік, тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы премьер-министрі Сергей Терещенко болды. Ол бұл қызметке 1991 жылдың 16 қазанында тағайындалып, 1092 күн, яғни 3 жыл атқарды.
Фото: atameken.kz
Өкінішке қарай, Сергей Терещенко 2023 жылдың 10 ақпанында 72 жасында өмірден өтті.
Бүгінде елімізде 21 министрлік бар. Солардың арасында ауыл шаруашылығы министрі мен ұлттық экономика министрі жиі ауысқан.
Ең аз ауыс-түйіс болған министрліктер қатарында Төтенше жағдайлар министрлігі мен Сауда және интеграция министрлігі бар.