Елімізде өндірістік жарақат алу көрсеткіші өсіп келеді

26 Желтоқсан 2023, 10:40 1775

Бүгін Үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов елімізде жыл сайын 2 мыңға жуық адам жұмыс барысында жарақат алатынын және өндірістік жарақат алу көрсеткіші біршама жоғары екенін атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстанда 500 мыңға жуық адам зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейді.  

Бізде өндірістік жарақат алу көрсеткіші біршама жоғары. Жыл сайын елімізде 2 мыңға жуық адам жұмыс барысында жарақат алады. Оның ішінде 200-ден астам адам мерт болады. Мәселен, биыл «Қазақмыс» компаниясында өндірістік жарақат алу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 3 еседен астам өсіп кетті. Бұрынғы «АрселорМиттал Теміртауда» соңы адам өлімімен аяқталған қайғылы жағдайлардың саны 7 еседен астам өскен. Өндірісте қазір қолданылып жүрген жазатайым оқиғалардан сақтандыру жүйесі жұмыс берушілерді еңбек жағдайларын жақсартуға ынталандырмайды, – деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, бүгінде кәсіпорындардың тек 32%-і ғана өз қызметкерлерін сақтандырып отыр.

Көптеген елде өмірді сақтандыру компаниялары сақтандыру сыйлықақысының белгілі бір бөлігін превентивті іс-шараларға бағыттайды. Яғни оларда қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігіне оқытуға, ұжымдық және жеке қорғау құралдарын сатып алуға басымдық беріледі. Біз де осындай жүйеге көшуіміз керек, - деп айтты.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: