29.01.2026
13:06
779
Елімізде өлім-жітім айтарлықтай азайды - демограф Аяулым Сағынбаева

Елімізде өлім-жітім айтарлықтай азайды - демограф Аяулым Сағынбаева

Кейінгі 10 жылда елімізде өлім-жітім көрсеткіші азайып, өмір сүру ұзақтығы 4 жылға ұзарған. Ұлттық құрылтайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жеткенін айтты.  Бұған нендей факторлар себеп болғанын демограф Аяулым Сағынбаева талдап берді.

Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы елімізде болған бірқатар оң өзгерістерді атап өтті.

Ел экономикасы 2025 жылы 6,5%-ға өсті. Елдің ішкі жалпы өнімі 300 млрд доллардан асты. Ал жан басына шаққандағы өсім Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет 15 мың доллар болды. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40%-ға артты. Халық саны 20,5 млн адамға жуықтады. Азаматтардың өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетті – деді президент.

Ұлттық эксперт-демограф, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Демографиялық процестерді талдау және болжау орталығының басшысы Аяулым Сағынбаева да туғандағы күтілетін өмір сүру ұзақтығы маңызды демографиялық көрсеткіш қана емес, әлеуметтік маңызы бар көрсеткіш екенін атап өтті.

Бұл – көрсеткіш өлім-жітім кестесі арқылы есептеледі. Бұл – үлкен демографиялық маңызды есептеудің бірі. Пандемия кезеңіне дейін орташа күтілетін өмір сүру ұзақтығы өсіп келе жатқан. Кейінгі 25 жылды алып қарасақ, үлкен прогресс бар. 1996 жылы екіжынысқа арналған өмір сүру ұзақтығы – 65,6 жас болса, 2024 жылдың қорытындысында 75,4-ке дейін өсті. Пандемия кезінде, 2019 жылы 73-ке көтеріліп келе жатқан. 2020 жылы екі жасқа азайып, 71,5 жасқа төмендеді. 2021 жылы 70,4 жасқа жеткен еді. 2022 жылы пандемияға дейінгі кездегі прогреске жетіп, 74,5 жасқа көтерілді. Яғни, қазір 75,4 жасқа жетті – дейді демограф.

Аяулым Сағынбаеваның жеке мұрғатынан

Оның айтуынша, бұған бірнеше фактор әсер етеді. Алдымен, әр жас санаты бойынша елдегі өлім-жітім деңгейі есепке алынады. Одан кейін туу көрсеткіші әсер етеді.  Демограф бұдан кейін де бұл көрсеткіштің өсетінін, алайда процестің баяу жүретініне тоқталды.

Жас-жыныстық құрылымға қарап, туу деңгейіне қарап, кейінгі кезде өлім-жітімнің азаюына байланысты болашақта өмір сүру ұзақтығы көрсеткіші өседі деп ойлаймын. Бірақ халық арасында қарттардың үлесі көп болған соң, процесс үлкен ырғақпен емес, баяу жүруі ықтимал – дейді ол.

Сарапшының айтуынша,  қазір адамдар салауатты өмір салтын ұстануды, дұрыс тамақтанудың мәнін түсінеді. Денсаулықты күтуді үйреніп, барынша сақ жүреді. Бұған денсаулық сақтау жүйесіндегі оң өзгерістер де септігін тигізетінін айтты.

Денсаулық сақтау жүйесінің дамығаны да оң әсер берді. Жалпы, туғандағы күтілетін өмір сүру ұзақтығы көрсеткіші – кез келген елде денсаулық сақтау жүйесінің қаншалықты дамығаны туралы хабар береді. Бұған жас-жыныстық құрылымнан бөлек, антогендік-эзогендік фактор  да бар. Ең бастысы, денсаулық жүйесі, экологиялық жағдайдың дұрысталуы, халықтың дұрыс тамақтануға көшуі және жалпы денсаулық сақтауға деген көзқарастың өзеруі және тағы тағысын негізгі себептердің бірі. Сондықтан көрсеткішті демографиялық көрсеткіш деп емес, денсаулық сақтау жүйесі мен халық денсаулығының бірден бір көрсеткіші ретінде қабылдау керек – дейді сарапшы.

Ал әлеуметтік жағынан алып қарасақ, елдегі орташа жалақының өсуі (429 368 теңге), тұрмыс сапасының көтерілуі, денсаулық сақтау жүйесінің реттелуі, инфрақұрылымның түзелуі де аталған көрсеткіштің өсуіне әсер етеді.