Елімізде медициналық-санитарлық көмектің сапасын бағалаудың жаңа моделі енгізіледі

Бүгiн, 10:24 115

Қазақстанда алғашқы медициналық-санитарлық көмектің сапасын бағалаудың жаңа моделі енгізіледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елімізде мүгедектігі бар адамдарды қолдау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Министр жыл соңына дейін алты оңалту орталығын, 2025 жылы үш ерте араласу орталығын ашу жоспарланғанын атап өтті. Соңғы 5 жылда ересек тұрғындардың мүгедектік құрылымы өзгеріссіз қалды. Бірінші орында қан айналымы жүйесінің аурулары, екінші орында – қатерлі ісіктер, үшінші орында – психикалық аурулар тұр.

Созылмалы инфекциялық емес аурулардың асқынуларын ерте диагностикалау және алдын алу мақсатында жыл сайын МСАК деңгейінде 3,4 млн ересек адам қан айналымы жүйесінің ауруларына, қант диабетіне, онкологияға ауруларды ерте анықтау скринингімен қамтылады. Бұл пациенттер динамикалық бақылаумен және тегін амбулаториялық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіледі, — деді Ақмарал Әлназарова.

Айтылған мәліметтерге сәйкес, елімізде жүрек-қан тамырлары аурулары бар науқастарға көмек көрсету үшін 83 инсульт және 48 коронарография орталығы жұмыс істейді. Ересектерге медициналық оңалту жеті бейін бойынша көрсетіледі: кардиология, кардиохирургия, невропатология, нейрохирургия, травматология, ортопедия және 2024 жылдан бастап қатерлі ісіктер. Соңғы 3 жылда 772 денсаулық сақтау ұйымдарында оңалтуға бейінделген төсек қорының саны 2 есе артып, 8 мыңға дейін жеткізілді.

Қызмет көрсетушілерге қойылатын талаптарды арттыру үшін оңалту көмегін көрсету және жарақтандырудың ең төменгі стандарт талаптары қайта қаралды. 2025 жылдан бастап созылмалы жұқпалы емес аурулардың асқынуларын ерте анықтау және алдын алу бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмектің сапасын бағалаудың жаңа моделі енгізілуде, бұл мүгедектікті азайтуға мүмкіндік береді, деп атап өтті министр. 

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: