Елімізде медициналық көмек қалай сатып алынады

28 Маусым, 21:47 637

Елімізде медициналық көмек қалай сатып алынатыны туралы дерек белгілі болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгінде медициналық көмекті сатып алу кезеңдері автоматтандырылған. Бұл процедураның өзін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Іріктеу критерийлері енгізіліп, адам факторы алынып тасталады, процестердің ашықтығы қамтамасыз етіледі. 

Медициналық қызметтерді сатып алу рәсімдері қайда өтеді?

Денсаулық туралы Кодекске сәйкес, денсаулық сақтау субъектілерінен қызметтерді сатып алуды «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ жүзеге асырады.  2020 жылдан бастап Қор «Электрондық қаржы орталығы» АҚ сатып алу веб-порталында электрондық форматта сатып алуды жүргізеді » (https://fms.ecc.kz/). Медициналық көмектің түрлері мен есептеу тетіктерін ескере отырып, автоматтандырылған көлемдерді бөлу 2020 жылдан бастап кезең-кезеңімен енгізілді. 2021 жылға арналған сатып алуды автоматтандырылған режимде өткізу кезінде жеткізушілер арасында сатып алу жоспарының 40%-ы, 2024 жылға арналған сатып алу кезінде-88%-ы, атап айтқанда, сатып алу жоспарында көзделген 2,5 трлн теңгенің 2,1 трлн теңгесі бөлінді.

Электрондық сатып алу не береді?

Медициналық қызметтерді сатып алуды жүргізу және сатып алу шарттарын жасасу ақпараттық жүйелерде жүргізіледі. Бұл адам факторын жоюға және процестердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді және негізгі принциптер сақталады:
- азаматтардың медициналық көмекке тең қолжетімділігін қамтамасыз ету; 
- клиникалар арасындағы бәсекелестікті дамыту және шарт талаптарын сақтау бойынша мониторингті жақсарту есебінен медициналық қызметтер көрсету сапасын арттыру. 

Медициналық көмекті жеткізушілерді іріктеу қалай жүргізіледі?

Медициналық көмек көлемін автоматтандырылған бөлу алгоритмі бар. Ол бірқатар критерийлерді (индикаторларды) және медициналық ұйымдар қызметінің рейтингтік бағасын ескереді. Оның негізінде Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен әдістемелер бар.

Критерийлерді есептеу үшін ҚР ДСМ ақпараттық жүйелерінің деректері пайдаланылады («Ресурстарды басқару жүйесі» АЖ, «Медициналық техниканы басқару жүйесі» АЖ, «Тіркелген халық регистрі» АЖ, «Диспансерлік науқастардың электрондық регистрі» АЖ, Тіркелген халық регистрі» АЖ).

Бұл қандай критерийлер?

Бағалау критерийлерінің бірінші бөлімі – ресурстық базаның көрсеткіштері. Дәрігерлермен (тұтастай алғанда ұйым бойынша және жекелеген мамандықтар бойынша) жасақталуы, ғимараттардың, медициналық техниканың тозу үлесі бағаланады. 
Бағалау критерийлерінің екінші бөлімі - менеджмент деңгейі және медициналық көмек көрсету сапасы. Жұмыс тәжірибесі, негізделген шағымдардың болмауы немесе болуы, шарттар бойынша орындаушылық тәртіп, медициналық ұйымда аккредиттеудің болуы бағаланады.  Содан кейін осы көрсеткіштер бойынша медициналық ұйымның рейтингтік бағасы есептеледі.

Рейтингтік бағалаудан басқа, көлемді автоматтандырылған бөлу алгоритмі тәулік бойғы және күндізгі стационарлардың төсек қорының өткізу қабілетін, медициналық техниканың өткізу қабілетін, бекітілген халықтың, бекітілген контингенттің (диспансерлік науқастардың, азаматтардың жекелеген санаттарының) санын ескереді.

Айта кету керек, жеткізушілердің қызметін бағалауда стандартталған тәсілдерді қолдану, автоматтандырылған бөлуді жетілдіру және жүйелеу адами факторды қоспағанда, медициналық қызметтер көлемін бөлудің ашықтығын қамтамасыз етеді.

Зарина Арман
Бөлісу: