Елімізде көбіне 25-32 жас аралығындағылар құмар ойындарға тәуелді

29 Қыркүйек, 23:10 387

Елімізде заңсыз ойын бизнесімен күрес жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Мәселен, тиісті ведомство деректеріне сүйенсек, мемлекеттік бақылауды күшейту нәтижесінде 2021 жылдан бастап ел аумағында 36 ойын мекемесі лицензиясынан айырылды. Жалпы статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстанда құмар ойындарға тәуелді адамдардың көбі 25-32 жастағылар екен. Құмар ойын ойнайтындар арасында жасөспірімдер де аз емес. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі Шымкент  қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Санат Құлбаев айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Департамент жұмысының негізі бағыттарының бірі - заңсыз ойын бизнесімен күрес жүргізу.  2023 жылы Шымкентте заңсыз ойын бизнесі бойынша 13 қылмыс анықталып, оның 10-ы сотқа жолданған. Сот үкімімен кінәлі деп танылған 13 адам сотталып, оның 10-ына  бас бостандығынан шектеу жазасы берілген. Бір адам қоғамдық жұмыстарға тартылса, екі сотталушы әкімшілік айыппұл төлеген. Ал биыл 9 айда анықталған 7 қылмыстың бесеуі бойынша сот үкімі шыққан. Оның төртеуіне қатысты Instagram, TikTok желілерінде онлайн режимде заңсыз ойын ойнатылғаны анықталған.  2024 жылы 13 адам сотталып, төртеуіне бас остандығынан айыру, қалған тоғызына бас бостандығынан шектеу жазасы берілген. Олардың қатарында Instagram желісінде заңсыз ойын ойнатқан Шымкент тұрғыны да бар. Заңсыз сатылған ойын билеттерінен түскен қаражат 96 млн теңгеден асқан.

Осы жылы қылмыстық істер бойынша 18 ойын аппараттары, ноутбук пен компьютерлер, ойын карталары, фишкалар тәркіленіп, заттай дәлелдеме ретінде танылған. Сот үкімдеріне сәйкес, компьютерлік техникалар мемлекет есебіне өткізілді. Ал ойын аппараттары жойылды. Мысалға, Instagram әлеуметтік желісі арқылы заңсыз лотерея ұйымдастыру фактісі анықталды. Қала тұрғыны «Лотереялар мен лотерея қызметі туралы» заңның талаптарын бұза отырып, тиісті лицензиясыз заңсыз пайда табу мақсатында екі аккаунттан тікелей эфирде ойын ойнатқан. Лотерея ұтысы ретінде «Toyota Land Cruiser Prado» маркалы автокөлігі, Samsung, IPhone, Redmi смартфондары, зергерлік бұйымдар және тұрмыстық техника қойылды. Аталған заттар тәркіленіп, заттай дәлелдемелер деп танылды. Сонымен қатар, ол лотерея билеттерін сату бойынша белсенді жарнаманы жүзеге асырған. Сатылған билеттерден түскен қаражатты өзінің және туыстарының шоттарында жинаған. 2023 жылы 10 қыркүйектен 29  қарашаға дейінгі аралықта сатылған билеттерден түскен қаражаттың жалпы сомасы 96 млн теңгеден асты. Сот үкімімен азаматша кінәлі деп танылып, оған 1 жылға бас бостандығынан шектеу түрінде жаза тағайындалды,-деді департамент басшысының орынбасары.

Айта кетерлігі, Қаржылық мониториг агенттігіне Цирфлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесе атқарылған жұмыстар нәтижесінде заңсыз веб-сайттарды және парақшаларды бұғаттау мүмкіндігі берілген. Бұл мүмкіндік кибербақылау жүйесі арқылы жүзеге асырылып келеді. Мәселен, жыл басынан бері еліміз бойынша 600-ден астам заңсыз ойын бизнесі бойынша веб-сайттар және әлеуметтік желідегі парақшалар  бұғатталған.  

Қазіргі уақытта елімізде 26 ойын бизнесі субъектілері, оның ішінде алты казино, тоғыз ойын автоматтары, он бір букмекерлік кеңсе жұмыс істейді. Мемлекеттік бақылауды күшейту нәтижесінде 2021 жылдан бастап елімізде 28 букмекерлік кеңселер, 6 тотализатор және 2 ойын автоматтары залы лицензиясынан айырылды.

(Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі)

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы лудомания немесе құмар ойындарға тәуелділікті ресми түрде патологиялық тәуелділік деп таныды. Құмар ойындарға тәуелділік біздің республикамызда да таралған. Статистикаға сүйенсек, лудомания мен құмар ойындарға тәуелді адамдар саны - 350 мыңға жуық. Олардың көпшілігі жасөспірімдер. 2024 жылдың наурыз айынан бастап қазақстандықтар мен ел аумағында тұратын шетелдіктер eGov mobile мобильдік қосымшасы арқылы 6 айдан 12 айға дейін мерзім аралығында ерікті түрде құмар ойындарға қатысуды шектеуге өтініш бере алады. Бүгінгі күні елімізде көрсетілген қызмет түрін 110 мыңнан астам адам пайдаланды. Бұл қызметтің түрі арқылы ел азаматтары өздеріне ерікті түрде бұғаттау енгізе алады. Бұл біраз ата-ананың өз балаларын қадағалауға әсерін тигізіп жатыр. Оқушы және студент жастарымызға аталған қызметті пайдалану арқылы өздеріне шектеу қойған дұрыс деп санаймын. Себебі бүгін ешкімге құпия емес, студенттер мен мектеп оқушылары арасында онлайн-казино ойнау, бәс тігу деректері бар. Лудоманияға шалдыққан студенттер мен оқушылардың емделу деректері де бар екенін атап өткен жөн. Осы дерттің алдын алу мақсатында біздің департамент қызметкерлері қаладағы 86 мектеп пен 7 универсетте, 4 колледжде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Қамтылғандар саны - 15 мың оқушы мен 3 мың студент. Бұл да профилактикалық шаралардың бірі екенін атап өткен жөн. Өйткені біз мұның алдын алуымыз қажет,-деді Санат Құлбаев.

Жалпы елімізде луломандарға жүргізілген талдау нәтижелері бойынша құмар ойынға тәуелділердің басым көпшілігі 25 пен 32 жас аралығындағылар екен. Мамандар eGov mobile мобильдік қосымшасы олармен күресте оң әсерін тигізетініне сенімді. Себебі құмар ойындарға тәуелділермен жұмыс істейтін дәрігер мамандарының айтуынша, 6-12 айға шектеу қою оларды бұл ортадан оқшаулануына, күнделікті қалыпты тыныс-тіршілікке бейімдеуіне ықпалын тигізеді.  

Тағы бір жүргізілген талдаулар нәтижесі көрсеткендей, көбіне құмар ойындарға баратындар категориясына сауда-саттықта жүрген, жалдамалы такси жүргізушілері, күнделікті табысы 15-20 мың теңгеге дейінгі санаттағы жандар жатады екен. Ал ішкі істер органдарының криминологиялық статистикалық дерегінде лудомандардың көбі алаяқтық қылмыстарына жиі баратыны көрсетілген.

Жалпы «Ойын бизнесі туралы» заңнамаға сәйкес, ойын мекемелеріне, букмекерлік немесе тотализатордың кассаларына келушілерге қатысты белгілі бір шектеулер енгізілген. Атап айтар болсақ, 21 жасқа дейінгі жеке тұлғалардың, борышкерлердің бірыңғай тізілімдегі адамдарға құмар ойындар ойнауына немесе бәс тігуіне тыйым салынған. Бұдан өзге ойын ойнауға тыйым салынғандар қатарында мемлекеттік қызметкерлер, әскери қызметшілер, құқық қорғау органы қызметкерлері де бар.

Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда лудоманиямен күресті кешенді жоспарын құруды тапсырған болатын. Нәтижесінде 2024 жылдың 31 мамырындағы Үкімет қаулысымен заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданды.

Кешенді жоспар шеңберінде мынандай көрсеткіштер қол жеткізу жоспарланған:

- Лудомандар санын 350 мыңнан 201 мың  адамға дейін азайту (2024 жылы - 35 мың, 2025 жылы - 63 мың, 2026   50400  жүз адамға дейін);

- Лудомандарды мемлекет есебінен тегін емдеу және медициналық-әлеуметтік  оңалтумен қамтуды 13-тен 300 адамға дейін ұлғайту (2024 жылы - 50 адам, 2025 жылы – 150, 2026 – 300 адам);   

- Бұғатталған интернет-казинолар мен заңсыз букмекерлік сайттардың санын 4500-ден 7722-ге дейін көтеру (2024 – 450, 2025 жылы – 990, 2026 – 782).  

Санат Құлбаевтың айтуынша, барлық іс-шаралар мемлекеттік органның қолданыстағы бюджеттік лимиті шеңберінде және бюджеттік тыс қаражат есебінен іске асырылатын болады.

Перизат Саденова
Бөлісу: