06.02.2026
17:14
1070
Елімізде кино түсіретіндерге талап күшейеді

Елімізде кино түсіретіндерге талап күшейеді

Қазақстан Парламенті Сенаты креативті индустрияларды қолдау және дамыту мәселелеріне арналған заңнамалық түзетулерді қабылдады. Бұл бастама шығармашылық саланы экономиканың толыққанды бір бөлігіне айналдыруды көздейді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Сенатор Айгүл Қапбарованың айтуынша, креативті индустриялар экономиканы әртараптандырудың, жаңа жұмыс орындарын ашудың және шағын әрі орта бизнесті дамытудың маңызды тетігі ретінде қарастырылады.

Оқи отырыңыз:

Құжатта уәкілетті органға креативті индустрия субъектілерінің бірыңғай тізілімін қалыптастыру және жүргізу, сондай-ақ мемлекеттік қоса қаржыландыру аясында жеке инвестицияларды тарту процесін мониторингтеу өкілеттігі беріледі. Бұл мемлекет пен бизнес арасындағы өзара байланысты күшейтіп, инвестициялық белсенділікті арттыруға бағытталған, – деді сенатор Сенаттың пленарлық отырысында.

Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдарға креативті кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасау, шығармашыл азаматтар мен таланттарды тану және олардың әлеуетін іске асыру бойынша нақты өкілеттіктер беріліп отыр. Ал креативті индустрия саласында еңбек ететін қызметкерлердің құқықтары заң жүзінде бекітіледі.

Не өзгереді?

Аталған заң Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленіп, мәдениет саласын заман талабына сай жаңғыртуға бағытталған. Құжат төрт негізгі заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді:

«Мәдениет туралы»

«Кинематография туралы»

«Мемлекеттік жастар саясаты туралы»

«Мемлекеттік мүлік туралы»

Мәдениет туралы заңдағы басты жаңалықтар

Бұл заң аясында:

  • креативті индустрия қызметкері, субъектісі және олардың онлайн-тізілімі сияқты жаңа ұғымдар енгізіледі;
  • креативті индустриялар құқықтық реттеу аясына ресми түрде қосылады;
  • уәкілетті органның тізілім жүргізу, мәдени ұйымдардың мемлекеттік мүлкін жалға беру тәртібін бекіту және инвестиция тарту процесін бақылау құзыреті айқындалады.

Сонымен бірге әкімдіктерге креативті индустриялар арқылы азаматтардың өзін-өзі дамытуы мен кәсіпкерлік бастамаларын қолдау міндеті жүктеледі.

Тағы бір маңызды норма – шетелдік шығармашылық ұжымдар мен орындаушылардың қатысуымен өтетін мәдени-бұқаралық іс-шараларды кемінде 30 жұмыс күні бұрын келісу талабы. Егер заңмен тыйым салынған мазмұн анықталса, мұндай шараларды өткізуге тыйым салу немесе тоқтата тұру мүмкіндігі де қарастырылған.

Кино саласына қатаң талап

«Кинематография туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес:

фильмге прокат куәлігін беру мерзімі 7 күннен 30 жұмыс күніне дейін ұзартылады;

Қазақстанда түсірілген фильмдер үшін кейбір қосымша талаптар алынып тасталады;

фильмдер прокатқа шықпас бұрын арнайы сараптамадан өтеді және жас санаты анықталады.

Бұл норма отандық фильмдердің сапасын арттыруға бағытталғанымен, жаңа талаптардың шығармашылық еркіндікке және прокат мерзімдеріне қалай әсер ететіні қоғамда сұрақ тудырып отыр.

Жастар мен мемлекеттік мүлікке қатысты өзгерістер

Заңда жастарды креативті қызметке тарту, олардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау тетіктері нақтыланған. Сонымен қатар республикалық мемлекеттік мәдени ұйымдардың мүлкін жалға беру тәртібі кеңейтіліп, заңмен реттеледі.

Сенат не дейді?

Сенаттың бейінді комитетінің қорытындысында бұл заң:

  • креативті индустрияны біртұтас мемлекеттік саясат аясында дамытуға,
  • шығармашылық әлеуетті экономикалық ресурсқа айналдыруға,
  • мәдени өнімдердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретіні айтылған.

Жалпы алғанда, жаңа заң креативті экономиканың берік құқықтық негізін қалыптастырып, отандық шығармашылық өнімдерді ішкі және сыртқы нарықта тиімді ілгерілетуге жол ашады.

Бұған дейін қыз алып қашу туралы ән айтатын әншілерге шектеу қойылатыны туралы жазғанбыз. Ал мәжілісмендер коучтардың жұмысын реттейтін заң жобасын таныстырды.