Елімізде ерінбеген адамға жұмыс көп – 4 тіл білетін күзетші

8 Қараша, 18:15 767

Еңбек адамы – бұл өз ісіне адал, кәсібилігімен ерекшеленетін, қоғам игілігі үшін еңбек етіпеліміздің дамуына үлес қосатын адам. Олар түрлі салаларда қызмет атқарып, күнделікті еңбектері арқылы экономиканың және қоғамның негізін құрайды. Әртүрлі мамандық иелері – жұмысшылар, мұғалімдер, дәрігерлер, инженерлерфермерлер, құрылысшылар және басқа да кәсіп иелері еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Соңғы жылдары елімізде еңбек адамдарына деген құрмет артып келеді. Еңбек адамдарын насихаттау мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында олардың еңбегі мен жетістіктері жиі көрсетіледі. Бұл қоғамда еңбек адамдарының беделін арттырып, жастарды еңбекке баулу мақсатын көздейді. Бүгінгі кейіпкеріміз бірнеше тілді меңгерген, Қытайдан тарихи отанына қоныс аударған - Эбейбек Қазақбай. Ол қазіргі таңда елордадағы Назарбаев университетінде күзетші болып қызмет атқарады.

Мен 1962 жылы Қытай халық республикасы, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аумағына қарасты Нылқы ауданында дүниеге келдім. 1981 жылы диплом алып, жоғары білімді маман атандым. Еңбек жолым мұғалімдік қызметтен бастау алды. Кейін аудандық халық үкіметі мен облыстық жер комитетінде істедім. Сосын 2020 жылы тарихи отанымыз Қазақстанға келдім. Отбасым 2013 жылдан бері осында тұрып жатқан. Мен қызмет бабына байланысты келе алмай, кейін келдім, - деп бастады кейіпкеріміз әңгімесін.

Қандасымыз Қытай халық республикасында туып, жастайынан бірнеше тілді меңгеріп, оқу-білімге құштар болып өскен. Сол себепті де еңбекке араласқан алғашқы жылдарында қазақ балаларына қытай тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген. 

2023 жылы Қазақстан азаматтығын алдым. Биыл жаздан бастап Назарбаев университетінде жұмыс істеймін. Біз Қытайда туып-өсіп, бірнеше тілді меңгердік. Көпұлтты мемлекет болғандықтан, біз де сол ұлттардың тілін білуіміз қажет болды. Қытай тілін ана тілімізбен қатар меңгерсек, одан өзге ағылшын, ұйғыр, моңғол тілдерін де үйрендік. Әр ұлттың өкілімімен етене жақын араластық, қызмет бабымен де жүрдік. Ең алғаш қытай тілі мен әдебиеттен сабақ беретін мұғалім болып еңбек жолым басталды. Кейін аудандық халық үкіметінде әкімнің көмекшісі болдым. Содан кейін облыстық жер комитетіне келіп, 2017-2018 жылдары Бейжіңде жұмыс істедім, - дейді Эбейбек Қазақбай.

Тағдырдың түрлі соқпағына түссе де,«еңбектің наны тәтті» деген ұстанымнан таймай, қандай жұмыстың болсын қиындығынан қорықпаған. Қазір қарапайым күзетші болса да, өз ісіне асқан құрметпен қарап, жауапкершілік арқалаған.

Қазіргі жұмысыма көңілім толады. Еш қиын тұсы жоқ десем де болады. Таңертең сағат 8-де келсек, бір тәулік кезекшілікте боламыз. Бір күн жұмыс істеп, екі күн демаламыз. Қазір зейнетте болғандықтан айлығына қанағаттанамын. Шетелдіктер көп келеді, профессорлар мен студенттер бар. Көп тіл білсең, артық етпейді. Бірақ өз тіліңде жатық сөйлегенің өте тамаша. Қандай адам болсын, қанша тіл білсем де, ең алдымен қазақ тілінде сөйлегенді құп көремін. Шетелдіктермен өз тілінде сөйлессең қуанып жатады. Қазіргі таңда отбасымызбен Қосшыда тұрамыз. Жұбайым дүкенде сатушы болып жұмыс істейді.Ол әуелде Қытайда мұғалімдікті тәмамдап, мұғалім болған. Кейіннен елге оралған соң құжат жағынан қиындық туындап, уақытша сатушы болып жүр. Балаларымның бірі 10-сынып, екіншісі 3-сыныпта оқиды, - дейді кейіпкеріміз. 

Эбейбек Қазақбай еліміздегі жұмысшы адамдарға мемлекет тарапынан қолдау қарастырылғанын атап өтті.

Жұмысшылардың жағдайына әр жерде әртүрлі қарайды. Менің көзқарасым бойынша, Назарбаев университетінде қызметкерлерге өте жақсы жағдай жасалған. Басшылардың өзі хал-жағдайыңды сұрап, түсініп тұрады. Науқастанып қалсаң да бірден рұқсатын береді. Қандай көмек қажет болса, дереу көмектесуге даяр тұрады. Университет студенттерінің өзі өте мәдениетті, тәртіпті. Бәрін өздері түсінеді. «Сәлеметсіз бе?» деп амандасып, керек затын сұрайды. Таңнан қара кешке дейін, тіпті таңға дейін де кітапханада отыратын жастар бар. Айқай-шусыз, бәрімізде жақсы қарым-қатынас орнаған, - дейді ол.

Жас күнінде бірнеше қызметте болып, басшылық тәжірибеге ие болған ол алдағы уақытта кәсіпорын ашу туралы ниеті бар екенін атап өтті.

Болашақта елімізде қораптар мен шыны ыдыстарды өңдейтін зауыт құрылысына ат салысқым келеді. Қазіргі таңда Қытай тарапынан кәсіпкерлермен сұхбаттасып, байланысып жатырмыз. Зауыт құрылса, жұмыс орындары құрылып, ел ішінде өнеркәсіп дамиды. Мысалы, 5 теңге болса да бөтелкені сатып, өткізуге болады. Қоқысқа тастамайтын боламыз. Талай адамдар жұмыссыз жүрмей, айналысатын іс табылады деген сенімдемін, - дейді ол.

Сонымен қатар шекара асып, жат елде жұмыс істейтін жастар туралы ой қозғады. Кейіпкеріміз отбасынан ажырамай-ақ өз отанымызда жұмыс табуға болатынын айтады.

Еңбек ететін жастардың жұмыс іздеп шекара асқанын қаламаймын. Өз елінде, отбасы мен бала-шағасының қасында жүріп, табыс тапса деймін. Себебі, сен бұл елдің шекарасынан аттасаң, басқа елде күтіп отырған ешкім жоқ. Сондықтан, өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан болғанға не жетсін? Жастар «пәлен жерде түген» бар деп кетеді де түрлі қиындыққа тап болады. Алаяқтардың арбауына тап болып, жарақат алып, жұмыс таппай саналып жүретіндері де болады. 4-5 жылға дейін отбасынан жырақта жүріп, ажырасып жататындар да бар. Қазақстанда да еңбектің көзін табуға болады. Ешкім тосқауыл қоймайды. Ауылға қайта барып, мал өсіруге де болады. Бұл жұмысыма дейін қаншама ұсыныс айтып, түрлі жұмысқа шақырды. Бірақ көпшілігі отбасыңнан жырақта, алыс өңірлерде болғандықтан бас тартуға тура келді. Семейде жол жөндейтін компаниялар, Балқаштағы қытай компаниялары да жұмыс істеуге ұсыныс тастады. Аз болса да, қазіргі жалақымыды қанағат етіп, өз үйімде тұруды жөн көрдім, - дейді Эбейбек Қазақбай.

Ол жастарымыздың ғылым мен білім саласын меңгеріп, заманға сай қабілетті болуы қажет екенін атап өтті.

Еліміз күн санап дамып келеді. Ұланғайыр атырапқа ие болатын озық ойлы жастарымыз бар. Олар шет мемлекеттерден алған білімін елді дамытуға қолданып жатыр. Кей жастарымыз діни көзқарасты алдыға қойып, көп уақытын құлшылықпен өткізіп жатады. Қазақ халқында «Ораза, намаз тоқтықта» деген сөз бар. Сондықтан жастарымыздың білім мен ғылым жолын қуып, еңбек етсе деймін. Жапонның да, қытайдың да еңбекқорлығын үлгі етуіміз керек. Саналы, білімді, білікті мамандар көбейе берсін, - дейді Эбейбек Қазақбай.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: